Отандық вагон жасауды қолдауға субсидия қарастырылады – министр түсіндірді

2745

Ел аумағынан теміржол арқылы өтетін транзиттік тасымалдар көлемі арттырылады.

Отандық вагон жасауды қолдауға субсидия қарастырылады – министр түсіндірді

Біздегі транзиттік жүктердің шамамен 90%-ы теміржол көлігімен тасымалданады. Дегенмен әлеуеті одан да зор. Премьер-Министр Әлихан Смайыловтың айтуына қарағанда, "елімізді қуатты логистикалық хабқа айналдыру керек". 

"Теміржол инфрақұрылымын өркендете беру керек. Теміржол желілерін жаңғырту және жаңадан салу қажет. Геосаяси және экономикалық жағдай ушығып тұрған қазіргі кезеңде Еуропаға бағытталған транзит көлемі мен жүк тасымалын азайтып алмау үшін тез арада балама маршруттар ашу ісі қолға алынды. Қазіргі кезде жүктерді Әзірбайжан мен Грузия арқылы өтетін Транскаспий халықаралық трансшекаралық бағыты мен ТРАСЕКА арқылы жіберу бойынша жұмыстар жүріп жатыр. Бірлескен кәсіпорындар құру туралы келісімдерге қол жеткізілді. Бұл отандық жүк тасымалдаушылар үшін бірыңғай тарифтерді белгілеуге мүмкіндік береді", – деді Смайылов Үкімет отырысында.

Жиында Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев баяндама жасап, теміржол көлігі саласында 2025 жылға дейін үш негізгі инфрақұрылымдық жобаны іске асыруды жоспарланып отырғанын айтты. 

"Жобаның біріншісі – "Достық-Мойынты" жобасы. Оны іске асыру Қытай мен Еуропа арасындағы транзиттік тасымалдар көлемін арттырады. Учаскенің өткізу қабілеті 5 есе ұлғайып, тасымал жылдамдығы тәулігіне 1500 шақырымға дейін жетеді. Екінші – "Дарбаза-Мақтаарал" жобасы. Бұл Орта Азия елдеріне транзиттік қашықтықты қысқартып, қолданыстағы өткізу пункті арқылы Өзбекстанға аумағына шығуды қамтамасыз етеді. Үшінші жоба – "Алматы станциясының айналма теміржол желісі". Ол Алматы торабына түсетін жүктемені 30% азайтып, жүктерді жеткізу уақытын 24 сағатқа дейін қысқартады", – деп сендіреді министр.

Жиында айтылған сандарға көз жүгіртсек, пандемияға және сыртқы саяси жағдайлардың әсеріне қарамастан, транзиттік-тасымал көлемі өсіп келеді. Биыл екі айдың өзінде теміржол арқылы жүк тасымалының көлемі 10%-ға, ал транзиттік жүктердің жалпы көлемі 20%-ға өсті. Қытай мен Еуропа арасындағы контейнерлік транзит көлемі де жыл сайын артып келеді. 2021 жылы бұл көрсеткіш 732 мың теміржол контейнеріне дейін ұлғайды. Жалпы өткен жылы Қазақстан арқылы транзиттік контейнерлік тасымал көлемі 1 миллион контейнерден асып, 23,8 млн тонна болды.

"Біздің алдымызда тұрған ауқымды міндеттің бірі – 2025-ші жылға қарай транзиттік тасымал көлемін 30 млн тоннаға дейін жеткізу", – деді Смайылов.

Осы орайда отандық вагон жасауды қолдауға мемлекет субсидия қарастырылып отыр. Нақты айтсақ, өз елімізде шығарылған вагондарды сатып алуға кредит бергенде вагон операторлары үшін сыйақы мөлшерлемесін субсидиялайды. 

"Бағдарлама шеңберінде шамамен 3,5 мың фитингтік платформа және 2 мыңнан астам жүк вагоны сатып алынды. Сондай-ақ биыл "Қазақстан темір жолы" 1,5 мың жүк вагонын сатып алуды жоспарлап отыр. Жүк тасымалдарын өркендету мақсатында министрлік отандық электровоздар (ALSTOM) мен тепловоздарды (ЛКЗ GE) сатып алғанда сыйақы мөлшерлемесін субсидиялау түрінде қолдауды заңнамалық түрде енгізуді ұсынады", – деді ИИДМ басшысы Өскенбаев.
 

Жасын Қалибек​

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу