Биыл Қарағанды облысының Бұхар жырау ауданында орналасқан Қарағанды құс фабрикасын "Al Falah" қазақ-араб қоры сатып алды. Қазір фабрика 70 пайыз өндірістік қуаттымен жұмыс істеп тұр. Осы жағдайға жету үшін 10 млн доллар жұмсалды. Алдағы уақытта өндірістің қарқынын күшейту үшін фабрикаға тағы 5 млн доллар қаржы құйылады.
"Фабрикада 500 мың құс бар. Нарыққа "Alsad" брендімен шығатын жұмыртқаның 80%-ы экспортқа бағытталған. Бұл жерде 90 адам жұмыс істейді. Келесі жылы фабрика толық қуатына көшеді, сонда жұмысшылардың саны 140 адамды құрайтын болады", – деді облыс әкімінің орынбасары Алмас Айдаров.
Құс фабрикасы жылына 150 млн жұмыртқа өндіре алады. Бұл көрсеткішке 2018 жылдың сәуір айында қол жеткізу туралы нақты жоспар құрылған. Өндіріс орны осы уақытқа дейін Ауғанстан, Тәжікстан, Қырғызстан елдеріне 1 млн доллардың өнімін экспорттаған. Таяуда Қарағанды құс фабрикасының өнімін Біріккен Араб Әмірлігі мен еліміздің барлық өңірі тұтынатын болады.
Кәсіпорын басшылары өнімдерінің экологиялық таза екенін айтады. Мұнда құстардың тамақтануына ерекше көңіл бөлінеді екен.
"Біздің өнімнің құрамында адамның денсаулығына зиян тигізетін бірде-бір қоспа жоқ. Себебі Қазақстанда құстарды қоректендіру базасы өте мықты. Жұмыртқаның сапасы көп жағдайда құстардың қорегімен тығыз байланысты болады. Осыны негізге ала отырып біз құстарды жоғары сұрыпты бидаймен қоректендіреміз. Бұған қоса құстарға жүгері, соя береміз. Жемнің 95%-ын Қазақстанның өндірушілерінен аламыз. Бізге бидайды Қазақстанның солтүстігінен, жүгеріні оңтүстігінен, ал сояны Алматы облысынан жеткізеді", – деді Қарағанды құс фабрикасының өндіріс бойынша директоры Хендрик де Ягер.
Директордың сөзінше, құстарды вакциналаудың да маңызы зор, алайда екпе жасағаннан гөрі, құстардың иммунитетін нығайтқан дұрыс.
Құс фабрикасының қаржылық директоры Жалел Ахметжановтың айтуынша, болашақта кәсіпорын кеңейіп, тағы бір құс қорасы салынады және қосымша құрылғылар сатып алынады.
"Қазір жұмыртқаның бір данасы 21 теңгеден сатылып жатыр", – деді ол.
Арайлым Еркебаева