2023 жылғы 15 мамырынан бастап "Отбасы банкінде" аралық заемдар бойынша сараланған сыйақының төмендетілген мөлшерлемелері қолданылады.
"Осыған дейін мөлшерлеме диапазоны жылдық 7%-дан 11,5%-ға дейін болған (ЖТСМ 7,4% бастап). Енді бұл дәліз 6% - 10% (ЖТСМ 6,2% бастап) аралығында белгіленіп, төмендейтін болады", – деп хабарлады банк.
Кредит бойынша мөлшерлеме көлемі қаражатты депозитте жинақтау мерзіміне және оны толықтыру жиілігіне байланысты болады. Бұл өзгерістер Тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесін іске асыру қағидаларына сай.
Бұл өлшемшарттарды бағалау үшін Отбасы банк бағалау көрсеткішін (әрі қарай-БК) қолданады. Бағалау көрсеткіші неғұрлым жоғары болса, несие бойынша мөлшерлеме соғұрлым төмен болады.
Осы уақытқа дейін Отбасы банктегі депозиттеріне алдын ала қаражат жинамай, тұрғын үй құнының 50% бірден салған клиенттер 11,5% құрайтын ең жоғары мөлшерлемемен аралық тұрғын үй заемын алуға үміткер бола алатын. Бұл ретте БК мәні нөлге тең болатын.
Енді банк жинақтау тәсілін өзгертеді. Аралық заем алу үшін БК-нің ең төменгі мәні 2,5-ға қол жеткізу қажет. Бұл мәнді депозитке тұрғын үй құнының 50% аударған сәттен бастап 3 ай мерзім өткеннен кейін ғана алуға болады. Тек содан кейін банк 10% тең болатын ең жоғарғы мөлшерлеме бойынша несие береді.
Келісім сомасының 50% салымға аударылған кезде, бағалау көрсеткішінің 2,5 болатын мәніне клиент 3 айда, 3,3-тен жоғары БК – 4 айда; 4,2-ден жоғары БК – 5 айда; 5-тен жоғары БК – 6 айда; 7-ден жоғары БК – 8,5 айда; 10-нан жоғары БК – 12 айда қол жеткізеді.
Аралық заемдар Отбасы банк салымшыларының арасында жоғары сұранысқа ие. Мысалы, 2022 жылдың қорытындысы бойынша барлығы 79 872 несие берілген, оның 68% – аралық заемдар. Мұндай кредиттердің дені мәні нөлдік БК-мен берілген. Яки қарыз алу кезінде клиенттің қаражаты депозитте жинақталмайды, сондықтан жүйеде жұмыс істемейді деген сөз.
Бұл ретте жинақтау және қарыз беру балансы – тұрғын үй құрылыс жинақ жүйесіндегі басты қағида. Клиенттердің бірі қаражат жинақтап жатқанда, басқалары қарыз алады. Бұл жүйенің тұрақтылығын қамтамасыз етеді, сондай-ақ қаражатын жинақтай білген салымшыларға төмен мөлшерлемемен несие алуға мүмкіндік береді.
Бағалау көрсеткішінің мәніне байланысты аралық тұрғын үй заемдары бойынша сараланған сыйақы мөлшерлемелері төменде көрсетілген бағдарламалар бойынша қолданылады:
- Банктің нарықтық бағдарламалары – жаңа және қолданыста болған тұрғын үй сатып алу, жер учаскесін сатып алу, тұрғын үйді жөндеу және жаңалау, тұрғын үй салу мақсаттары үшін.
- "Кейіннен сатып алу құқығымен жалға берілетін тұрғын үй" жобасы бойынша кредит беру талаптары, "Өз үйім" бағдарламасы.
- "Жаңа баспана" (тұрғын үй төлемдерін алушылар үшін).
2023 жылдың 15 мамырындағы жағдай бойынша заем алуға алдын ала мақұлдауы бар банк клиенттері несиені бұрынғы талаптармен ала алады.
Тұрғын үй және алдын ала заемдар бойынша мөлшерлемелер өзгеріссіз қалады.