Отбасы банктен арнайы шот ашу мүмкін емес

9771

Отбасы банк біржолғы зейнетақы төлемін тұрғын үй жағдайын жақсартуды немесе емделуге жұмсауды жоспарлап отырған азаматтар үшін арнайы шот ашу функциясын іске қосқанын хабарлады. Алайда ел азаматтарының басым бөлігі бұл қызметі пайдалана алмады.  

Отбасы банктен арнайы шот ашу мүмкін емес

Себебі... 

Қаржы институтының баспасөз қызметі мәлімдегендей, онлайн режимде ашу мүмкіндігі берілген арнайы шотқа салымшылардың "жеткілікті шектен" асқан ақшасы аударылады.

"Біржолғы зейнетақы төлемдеріне арналған арнайы шот Қазақстан Республикасының үкіметі белгілейтін уәкілетті операторында тұрғын үй жағдайын жақсарту немесе емделу мақсаттарына бірыңғай жинақтаушы зейнетақы қорынан біржолғы зейнетақы төлемдерін аудару үшін салымшы ашатын ағымдағы банк шоты", – деп нақтыланды баспасөз хабарламасында.

Бұдан әрі Отбасы банк өздерінің клиенттері болып табылмайтын зейнетақы қорының салымшыларына арнайы шот ашуды ұсынды.

"Бұл үшін ЖССБ24 мобильді қосымшасын жүктеп, құрылғыңызға қондыру қажет (IOS және Android). Қосымшаның басты бетінің төменгі жағындағы "Біржолғы зейнетақы төлемі үшін шот ашу" пернесін басыңыз. Сосын қолданыстағы ұялы телефон нөмірін және ЖСН енгізіңіз. Ұялы телефон нөміріңізге коды бар SMS жіберіледі. Келген кодты енгізіңіз. Сканерлеу үшін жеке куәлігіңізді дайындап қойыңыз. Енді өзіңізді куәландыру қажет. Экранға қарап, бірнеше іс-әрекетті орындаңыз. Верификациядан сәтті өткеннен кейін клиент сауалнамасындағы жеке деректерді толтырыңыз.

Деректерді өзгертуге арналған өтінішпен, банктің стандартты талаптарымен және біржолғы зейнетақы төлемі үшін шот ашу туралы өтінішпен танысыңыз. Бұл әрекет расталу үшін сіздің нөміріңізге коды бар SMS жіберіледі, келген кодты енгізіңіз. Әрі қарай интернет-банкингке кіру үшін пароль ойлап тауып, енгізіңіз. Мобильді қосымшаға жылдам кіру үшін 4 саннан тұратын пасскодты ойлап тауып, енгізіңіз. Біржолғы зейнетақы төлемі аударылатын арнайы ағымдағы шот ашылды", – деп жазылды баспасөз хабарламасында.

Отбасы банк клиенттері үшін арнайы шот онлайн-платформада біржолғы зейнетақы төлемін пайдалану туралы өтініш беру барысында ашылатыны мен платформа біржолғы зейнетақы төлемін пайдалану ережелері бекітілгеннен кейін іске қосылатыны да баспасөз хабарламасы арқылы түсіндірілді.

Айта кетейік, арнайы шотты Отбасы банк АҚ сайтындағы бейнеқоңырау қызметі арқылы да ашуға болады. Арнайы шот ашу операциясы дүйсенбіден сенбіге дейін (қоса алғанда), сағат 9:00-ден 21:00-ге дейін атқарылады.

"Біз БЖЗҚ салымшыларына арнайы шотты онлайн ашуды ұсынып отырмыз.

Бұл біржолғы зейнетақы төлемін пайдалануға өтініш беру уақытын үнемдеуге мүмкіндік береді", – деді банктің басқарма төрағасы Ләззат Ибрагимова.

Естеріңізге салайық, отбасы банк уәкілетті оператор ретінде зейнетақы жинақтары аударылатын арнайы ағымдағы шоттарды ашуға, жүргізуге, сондай-ақ БЖЗҚ-дан зейнетақы төлемдерін аударуға байланысты қызметі үшін комиссия алмайды.

Енді, сөз басындағы "Себебі..." дегенді тарқатайық. Ел тұрғындарының Отбасы банктің арнайы шот ашуына ЖССБ-ның мобильді қосымшасындағы "Біржолғы зейнетақы төлемі үшін шот ашу" пернесінің істемей қалуы кедергі келтірді. Белгілі болғандай, банк бұл қызметті сынақтан өткізіп жатыр. Алдағы уақытта мұндай қолайсыздық болмайды.

Қанат Махамбет

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу