Отбасыларды ойран еткен онлайн-казинолар: Заң әлсіз, зар илегендер көп

2333

Онлайн-казинолардан, ойынқұмарлықтан шыға алмай отбасын ойрандап, қылмысқа барып, тіпті өз-өзіне қол салғандар бар. Өкініштісі, мұндай қайғылы жағдайлар елде күнделікті тіркеледі. Ескерту, шектеу, бұғаттау – мемлекеттік органдар тарапынан осындай шаралар қабылданып жатқанымен, қоғамның бұл дерті асқынып барады.

Отбасыларды ойран еткен онлайн-казинолар: Заң әлсіз, зар илегендер көп

Онымен қалай күресу керек? Заң қауқарсыз ба, әлде адамның өзі әлсіз бе? Психолог не дейді? Мәселені зерттей отырып, проблема көпшілік ойлағаннан да өзекті әрі өткір екеніне көзіміз жетті.

Мектепте озат едім...

Қазақстанда ойынқұмарлықтың салдарынан зардап шегіп жүрген азаматтардың саны мыңдап саналады. Букмекерлік кеңселерді жағалап жүргендерден бөлек, кино көргіңіз немесе әуен тыңдағыңыз келсе де, ұялы телефонның бетінен жылт етіп шығатын онлайн-казинолардың жарнамаларына арбалып қалатындар көп. Елдегі әлеуметтік зерттеулердің нәтижесі Қазақстанда әрбір оныншы отбасы осы құмар ойындардың құрығына ілінетінін көрсеткен.

Таяуда дәл осы мәселені миллиондаған жазылушысы бар блогер Дәулет Мұқаев парақшасында жазды. Ойынқұмарлық жөніндегі бір посттан кейін-ақ блогердің жеке чатына жүздеген адам өмірі ойранға айналғанын жазған. Солардың ішінде мектепті "Алтын белгімен" бітіріп, университетті үздік аяқтаған жас жігіттің тағдыры да бар. Оқу бітірерде онлайн-казиноға бір рет бәс тігіп көрген ол кейін "қақпаннан" шыға алмай қалған.

"Алғашында таныстарыма 150-200 мың теңге көлемінде қарыз болып жүрдім. Қайтаруға шамам келмей, қадірім кетті, абыройым төгілді. Қашқан кездер болды. Кейін жұмысқа кіргенде қарызым тіпті миллиондан өсіп кетті. Әріптестерім менің "темный сторонамды" білмейтін. Кейін банктерден жұмыс орныма хат келе бастағаннан кейін, бір жерде ұзақ жұмыс істей алмайтын жағдайға жеттім. Бір ауылдың үміт күттірген баласы едім. Ақыры Астанаға қаштым. Сонда жұмыс істеп жүріп, ойынқұмарлықты бәрібір тоқтата алмадым. Букмекерлік кеңседе қонған күндерім көп болды. Қайыршының күйіне түстім. Бір күні қарным ашып отырып, "осы маған не жетті? Неге мен осындай күйге түстім" деп ойландым. Ауылға барып, анама бар шындықты айттым. 27 жасқа дейін ойынқұмарлықпен не үй болмай, миллиондаған қарызымды жабу үшін құрылысқа жұмысқа кірдім. Шүкір, 1 миллион теңге ғана қарызым қалды. Мен бұл бәледен құтыламын", – деп жазған блогердің жекесіне зардап шеккендердің бірі.

 

Ең қиыны, студенттер көп жүретін көшелердегі "Ломбардтардың" жанына букмекерлік кеңселерді иелері әдейі орналастыратын көреді. Былайша айтқанда, ақшасыз студент қолындағы ең соңғы "байлығы" – ұялы телефонын Ломбардқа өткізеді де, жанындағы букмекерлік кеңсеге кіріп кетеді. Мұның соңы тағы да – өкінген адам, өксіген тағдыр...

Күйеуім ойынқұмар екен

Жас жігіттермен қатар кеселдің зардабын отбасы болып көріп жүргендер де жетерлік. Дәулет Мұқаевтың жеке чатына хат қалдырған бір әйел өзінің күйеуі ойынқұмар екенін таяуда ғана білгенін жазады.

"Балалары барларға жүрегім ауырады. Күйеуімнің ойынқұмар екенін жақында ғана білдім. Ақшаны көп ұстайтын, неге екен десем, онлайн-казиноларға салады екен. Қанша айтсам да ұқпайды. Бір күнмен өмір сүрмеу керек қой. Тастап кетейін десем, қимаймын", – деп налиды әйел.

Блогердің дайрегіне осындай сипатта жүздеген хат келген. Айтуынша, онлайн қарыз немесе несие алып, қарыздың шырмауынан шыға алмай жүрген жандар көп. Тіпті өз-өзіне қол салғандар бар.

"Бір оқырманымның күйеуі тіпті, үйін, көлігін ставкаға тігіп, далада қалған. Мұндай мысалдар жетерлік. Лудомания - көрінбейтін дерт, жазылуы қиын ауру! Одан қалай арылуға болады? Ойынқұмарлықты емдейтін адамдарды да білмейді екенмін… Адамның өзі саналы түрде қоймаса, бұл дерттен айығу қиын. Ал онлайн ойындарға құрық салатын мемлекет те бұған қауқарсыз. Ал сол ойындардың жарнамасы жер жарып тұр! Не істейміз? Қалай құтыламыз?", – деп жазды осы тақырыптағы түйіндеуші постарының бірін Дәулет Мұқаев.

 

Заң тыйым салады!

Заңды шолып шығайық. Қазақстанда "Ойын бизнесі туралы" заңның 6-бабына сәйкес, республика аумағында интернет-казинолардың қызметіне тыйым салынған. Сондай-ақ заңмен сот актісі негізінде қызметі ел аумағында заңсыз деп танылған ойын бизнесін шетелдік ұйымдастырушылардың пайдасына ақша аудару қызметтерін көрсетуге болмайды.

Заңбұзушылықтар анықталғаннан кейін, интернет-ресурстардың әкімшіліктеріне оларды жою туралы ескертулер жіберіледі. Ескерту еленбеген жағдайда материалдар мен интернет-ресурстар сот тәртібімен немесе соттан тыс тәртіппен бұғатталады.

Осы заң орындала ма...

Жауапты мемлекеттік органдардың мәліметінше, 2021 жылы интернет-казино қызметіне және жарнамасына байланысты тіркелген заңбұзушылық бойынша 2 223 интернет сайтының жұмысына шектеу қойылған екен. Алайда бұл шара онлайн-казино санының азаюына алып келмейді, өйткені бұғаттаудан кейін жаңа сайттар қаптап шыға келеді. Яғни заң тетіктерінің мүмкіндіктеріне қарамастан, тиісті мемлекеттік органдар тарапынан интернет-казинолардың қызметіне қарсы іс-қимыл шаралары жеткіліксіз болып отыр.

Бұл бағытта шет елдерде тәжірибе бар. Мәселен, Американың көп штатында 2006 жылдан бері интернет-казино қызметіне тыйым салынған. Қаржы ұйымдары интернет-казиноға бәс тігетін азаматтардың шоттарына қызмет көрсете алмайды. Ал Қытай аумағында үкімет интернетказинолар мен букмекерлік кеңселердің сайттарын ғана емес, сондай-ақ аталған сайттарды жарнамалайтын ресурстарды да бұғаттап жатыр.

Құмарлық қылмысқа да апарады

Елдегі онлайн-казинолардан келетін проблеманы мәжілісте үш ай бұрын Елнұр Бейсенбаев көтерген. Жас толқын депутаттардың қатарындағы мәжілісмен шынында да бозбалалардың, жастардың қаншалықты қиналып жүргенінен хабары бар екен.

"Әлеуметтік зерттеу деректері бойынша адамдардың 57% тәуелділіктің негізгі себебі жеңіл табыс табу мен ештеңе жасамай-ақ байып кету екенін көрсетті. Медицина мамандары ойынқұмарлық – нашақорлық пен алкогольге тәуелділіктен де зиянды екенін айтады. Бүгін де интернет беттерінде әртүрлі онлайн-казинолар мен букмекерлік кеңселердің агрессивті жарнамасының көлемі айтарлықтай өсті. Онлайн-казинолар тайраңдап жүргенде, отбасылар ойрандалып жатыр", – деген еді депутат.

Ойынқұмарлық салдары ауыр қылмыстарға да себеп болып жатады Мәселен, 2018 жылдың сәуір айында Шымкент қаласының ойынқұмар тұрғыны көп ақшасын ұтылып, қатыгездікпен өз анасы мен атасын өлтірген. Сол жылы елорда тұрғыны өзімен бірге тұратын әйелді өлтіргені белгілі болды. Екеуара даудың басы ортақ ақшаны құмар ойынға ұтылуына байланысты туындаған. Тіпті "Kcell" байланыс операторының қаржы директоры соңғы үш жыл ішінде қылмыстық жолмен 450 миллион теңге ұрлап, олардың көп бөлігін букмекерлік кеңселерде ұтылса, маңғыстаулық банк қызметкері клиенттердің шотынан 90 млн теңгеден астам қаржыны заңсыз ұрлап, қаражаттың негізгі бөлігін букмекерлік кеңсе арқылы қолма-қол ақшаға айналдырғаны анықталған.

"Тыйымды күшейтеміз"

Қолданыстағы заңның азаматтарды бұл кеселден қорғай алмай тұрғанын үкіметте де аңғаратын секілді. Сол себепті интернет-казиноның қызметіне қарсы іс-қимылдың тиімділігін арттыру үшін "Ойын бизнесі туралы", "Төлемдер және төлем жүйелері туралы" заңдарына, Қылмыстық кодексіне мынадай түзетулерді енгізілгелі отыр. Атап айтқанда:

  • Ойын бизнесі саласындағы уәкілетті органға сот актісі негізінде ел аумағында қызметі заңсыз деп танылған ойын бизнесін шетелдік ұйымдастырушылар тұлғаларының арнайы тізбесін жүргізу бойынша құзырет беру, сондай-ақ олар туралы ақпаратты төлем қызметтерін көрсетушілерге жеткізу тетігін енгізу.
  • Қазақстанның банктері мен төлем жүйелеріне аталған тізбеде тұрған тұлғалардың пайдасына қаржы операцияларын жүргізуге тыйым салу;
  • Казинодағы, ойын автоматтары залдарындағы, букмекерлік кеңселердегі және тотализаторлардағы олардың шоттарын кредиттік карталар арқылы төлеуге немесе толықтыруға тыйым салу.

Қазір түзетулер жобасы мүдделі мемлекеттік органдармен келісіліп жатыр. Аталмыш түзетулер ойынға арбалғандарды түзей ала ма? Тыйымды күшейту зар илеген адамдардың санын азайта ма? Уақыт еншісіндегі мәселе.

Психоаналитиктен кеңес

Психоаналитик Анна Құдияроваға хабарласып көргенбіз. Оның алдына ойынқұмарлықтан зардап шеккен адамдар көп келеді екен.

"Ойынқұмарлық - аты айтып тұрғандай, жанының жасы жеке куәлігіндегі жасына сай емес, балалық шағында қалып қойған адамдарда болады. Ондай адам жауапкершілікті айналасындағы адамдарға артып, ал өзі шынайы өмірден қашып, "басқа әлемде" өмір сүреді. Ойын ойнаған сайын санасы тарыла беріп, күндердің бір күнінде жан-жағына қараса қарызға батқан, отбасы ойрандалған, жақындарын жоғалтқан, психикасы бұзылған, денсаулығынан айырылған, өзіне қол жұмсау алдында жүрген адам екенін түсінеді. Түсінеді, бірақ ойын ойнауды тоқтатуға дайын болмайды", – дейді Inbusiness.kz сұрақтарына жауап берген психоаналитик.

Оның айтуынша, әдетте, ойынқұмарлық маскүнемдік, шылымға, есірткіге тәуелділік сияқты жаман әдетпен қатар жүреді. Ойынға тәуелділіктің, нашақорлықтың, маскүнемдіктің астарында анаға деген эмоциялық тәуелділік жатыр. 

"Бізге адам осындай мәселемен келген кезде оның түп тамырын 0-1,5 жас аралығынан іздейміз. Осы кезеңде сәбиде әлдебір психологиялық соққы болса (мысалы, омыраудан ажыратқанда басқа үйге апарып тастау, омыраудан 8 айында ажырату және т.б. себептер), ересек өмірінде ол ана сүтінің орнына ішімдік, темекі, есірткі қабылдап кетеді. Сондықтан ойынқұмар адам өзінің жанын зерттеген кезде ата-анасы, туған-туыстарынан 0-1,5 жас аралығы қалай өткенін сұрауы қажет. Сол кездегі оқиғаға қайтып оралып, аяқталмай қалған сезімдерді қайтадан басынан өткергендей күй кешіп, сыртқа шығарып тастауы керек", – дейді ол.

Анна Құдиярова психоаналитикке осы мәселемен адам келсе оның өзі ғана емес, онымен бірге тұратын отбасы мүшелерінің бәрі психоаналитиктің қабылдауында болуы керектігін ескертеді. Себебі ойынқұмар адам – отбасының ең әлсіз мүшесі. Отбасының әр мүшесімен әңгімелесу арқылы ойынқұмар адамның не себепті ондай күйге түскенін, кім себепші болғанын анықтап, сол адаммен жұмыс істеу керек. Ол адамның жаны емделсе, оның жанындағы адамдардың, соның ішінде ойынқұмардың да жаны жеңілдеп, оң өзгеріс болады.

Ойынқұмарды қалай емдеуге болады

Ең қиыны, маскүнем мен нашақор өзінің жаман әдетке тәуелді екенін білсе, ойынқұмар басында қандай проблема болып жатқанын сезінбейді екен "Мен маскүнем емеспін, нашақор емеспін, неге емделуім керек?" деп ойлайтын көрінеді. Олар психоаналитикке өз еріктерімен келе қоймайды, ал басында проблемасы бар екенін түсінбеген, емделгісі келмейтін адамды психологқа қанша сүйреп апарса да нәтиже болмайды.

"Мысалы, ол маманмен жұмыс барысында көп нәрсе түйсініп, өзгеріске қадам жасаса да үйіне барған кезде баяғы жартас бір жартас болып тұрады. Мысалы, анасы 40-тағы баласына "Қайда бардың? Қайдан келдің? Неге келдің?" деп жас баланы қадағалағандай қадағалап, "тұншықтырып", өз бетінше өміп сүруге мүмкіндік бермей отырса – қайтадан сол ойынқұмар күйге түсуі мүмкін. Суицид жасаушылардың көбі – ойынқұмарлар. Ойыннан жеңілген кезде өз-өзін атып, биіктіктен секіріп кеткен кейіпкер туралы фильмдер де аз түсірілген жоқ. Ойынқұмарлар өзін 0-1,5 жас аралығындағы баладай ұстайды. Олар ақ пен қара, жақсы мен жаман деп бөледі, алтын орта дегенді білмейді. "Ең көп ақшаны ұтып алам немесе ештеңе ұтып алмаймын" деп ойлайды", – дейді психоаналитик.

Сөз соңында Анна Құдиярова "Ойынқұмарды қалай емдеуге болады" деген сұраққа жауап берді.

"Бұл – отбасылық психоз, сондықтан ойынқұмармен қоса барлық отбасы мүшелері психоаналитикке/психологқа баруы керек. Екіншіден, олар қандай себеппен ақша сұраса да ақша бермеу керек. Несиесін төлеп, қарызын жауып берген сайын ол батпаққа батып, қайталап ала береді. Сондықтан көмектесу үшін ең алдымен оған ақша беруді тоқтату керек. Қандай да бір көмек сұраса, ол көмек ақшалай болмауы қажет. Мысалы, 1 апта тыныққым келеді, демалыс орнына 100 мың теңге керек десе, 100 мың теңге берудің орнына, демалыс орнына 100 мың теңгенің жолдамасын алып беру керек. Үшіншіден, ойынқұмарлықты емдеу күрделі, әрі ұзақ жұмыс екенін түсінген абзал", – деп түйді маман.

Аян Бекенұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу