Отбасылық туризмнен бюджетке 35 млрд теңге түсуі мүмкін

24810

Шекара қызметі мен туристік агенттіктердің байланысын нығайту қажет.

Отбасылық туризмнен бюджетке 35 млрд теңге түсуі мүмкін

Нұр-Сұлтан қаласының кәсіпкерлер палатасында елордада туризмнің қандай түрлерін дамытуға болады деген сұрақ талқы таразысына салынды. 

Сала қызметкерлері бас қалада event-туризм кенже қалғанына тоқталып, туристерге спорттық, мәдени және медициналық туризм ұсыну қажет екенін алға тартты. Сонымен қатар олар кәсіби мамандар шоғыры қалыптаспайынша, туризмнің кежегесі кейін тарта беретінін тілге тиек етті. 

"Кәсіби экскурсоводтарды арнайы даярлап, қолдарына құжат беру қажет. Қазір бізде кім көрінген экскурсовод болып, ел мен жердің тарихын немесе салт-дәстүр мен әдет-ғұрып жайлы әңгімені кейде ойдан құрап айтып жүр. Бұл дұрыс емес. Себебі туристерге қате ақпарат беріліп жатыр. Олар оны жүрген жерлерінде айтады. Салдарынан Қазақстан туралы теріс түсінік қалыптасады", – деді олар. 

Мамандардың мәлімдеуінше, ел аумағында отбасылық туризмді дамыту және ынталандыру қажет. Бұл үшін Kids go free (Бір отбасының екі баласына ата-анасының бірімен ел аумағында тегін ұшуға мүмкіндік беру) жобасын жүзеге асыру керек. Осылай болған жағдайда отбасылық туризмнен бюджетке 35 млрд теңге түсуі мүмкін. 

"Жоба жүзеге асса қазақстандықтар шетелге сабылмайды, ел ішінде демалып, отандық туризмді дамытады", – дейді мамандар. 

Жиында елімізде туристік полиция құру қажеттігі айтылды. 

"Туристермен тікелей жұмыс істейтін туристік полиция құру аса маңызды мәселе. Бұл сұрақ уақыт оздырмай шешілуге тиіс. Бұған қоса шекара қызметі мен туристік агентіктердің байланысын нығайту қажет. Бұл қауіпсіздікті күшейтеді", – деді сарапшылар.
Нұр-Сұлтан қаласы кәсіпкерлер палатасы экономикалық сұрақтар бойынша директорының орынбасары Бейсен Жолболдиевтің мәлімдеуінше, елорданың туристік әлеуеті зор. Қалада 208 қонақ қарсы алу орны мен 86 хостел бар. 

"Біз турфирмалармен бірлесіп, ең танымал 15 туристік бағыт пен 45 туристік нысанды анықтадық. Бүгінгі таңда елордада медициналық туризмнің тасы өрге домалап тұр", – деді Бейсен Жолболдиев.

Қанат Махамбет 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу