Мемлекет осылайша тағайындаған жәрдемақыларды проактивті форматта, яғни төлем алушының өтінішін күтпей беруді көздейді. Бұл туралы Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінен мәлім етті, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Отбасының цифрлық картасының жұмыс алгоритмі келесі тәсілмен жүзеге асырылады – мемлекеттік кепілдік алуға құқығы бар отбасына Еңбек министрлігінен SMS-хабарлама жолданады. Онда азаматтың мемлекеттік кепілдік алуы мүмкін екені жазылған.
Бұдан бөлек, SMS-хабарламада азаматқа мемлекеттік кепілдікті проактивті форматта тағайындауға келісу немесе келіспеу құқығы беріледі. Егер азамат келіскен жағдайда, онда оған жәрдемақы тағайындалады. Ол кейін төлем алушының шотына түседі.
Отбасының цифрлық картасы – әрбір отбасының құрамы мен әл-ауқат деңгейіне қарай мемлекеттік кепілдік түрлерін алу құқығын жүзеге асыруға мүмкіндік беретін база.
Мәселен, бір жасқа толмаған баласы бар отбасы бала тууы бойынша берілетін жәрдемақы алуға құқылы. Кәмелет жасқа толмаған төрт және одан да көп баласы бар отбасы бала 18-ге толғанша ай сайын жәрдемақы алады. Мүгедек бала тәрбиелеп отырған отбасы мүгедектік бойынша берілетін жәрдемақы ала алады. Осындай мысалдар өте көп.