Өткен біріншілікке өкпе бар ма?

2669

2019 жылдың біріншілігі өте қызықты өтті. Чемпионатты қорытындылау әлі де жалғасын табады. Мысалы, өткен чемпионатта 396 ойын ойналып, 513 гол салыныпты. Еурокубокте биыл кімдер ойнайды, бірінші лигаға түскен клубтарымызда не жаңалық. Осы мәселелерге тоқталып өтсек.

Өткен біріншілікке өкпе бар ма?

"Астана" футбол клубы 6-дүркін ел чемпионы атанды. Алайда, өткен маусым елордалық ұжым үшін оңай өтті дей алмаймыз. Алтын жүлде үшін талас соңғы турға дейін созылды. Тек "Қайраттың" Павлодардағы сенсациялық жеңілісі Роман Григорчук командасына сенімділік әперді. Шынтуайтына келгенде "Астана" осы маусымда чемпионға лайықты ойын көрсеткен жоқ. Дегенімен, команданың тәжірибиесі қиын сәтте құтқарып қалды.

"Қайрат" сын садағынан ұшырай бергіш бапкер Алексей Шпилевскидің баптауымен екінші орын иемденді. Алғашқы екі айнмалымда команда шатқаяқтап, бір орында тұра алмады. Алматылық жанкүйерлер болса команданы тіпті Еурокуобок аймағына да кіре алмай қала ма деп қорықты. Бірақ, үшінші айналымда команда барын салды. 11 ойын қатарынан жеңіске жетті. Тек екі ойында ғана жеңіліп қалды. Біріншісі – "Астанаға", екіншісі – "Ертіске" қарсы ойында. Кесір шалып, комнаданың үнемі күміс жүлдегер болып қала беретіні күнделікті жағдайға айналды.

Үшінші орын шымкенттің "Ордабасы" командасында. Маусым басында команда сапалы футболшылармен толықты. Клуб президентінің кеңесшісі болып Саян Хамитжанов келді. Грузиялық маман Қахабер Цхададзенің бастауымен олар қойылған мақсаттарды толық орындады. Соңғы турда қола медальді "Тобылдың" қолынан тартып алды. Ал қазір Уефа қаржылық тәртіпті сақтамағаны үшін команданы еурокубок ойындарынан шеттетуі мүмкін. Ал спорттық жағынан қарасақ "Ордабасы" сапында ойнаған Жоау Пауло, Зиги Бадибанга, Мая Махлангу секілді легионерлер шымкент жанкүйерлерінің көзайымына айналды.

Қостанайдың "Тобылы" ұзақ уақыт чемпиондыққа таласты. Олардың мақсаты да бірінші орын алу болатын. Футболшылар да, бапкерлер де чемпиондыққа таласа аламыз деп мақсаттарын айқындап айтты. Команданы маусым басында ресейлік маман Владимир Газзаев қабылдады. Бірақ, Еуропа лигасындағы абыройсыз жеңілістен соң команда тізгінін жергілікті футбол маманы Нұрбол Жұмасқалиев ұстады. Жас бапкер қолынан келгеннің барлығын істегенімен қостанайдың командасы біріншілікті төртінші орынмен аяқтады.

Талдықорғанның "Жетісуы" мен қызылорданың "Қайсары" нағыз ортаңқол командалар екенін дәлелдеді. Олардың алаңында кез-келген қарсылас оңайлықпен ұпай алмады. Дмитрий Огай баптайтын талдықорғандық команда жыл сайын күшейіп келе жатқанын байқатады. Олар 2018 жылмен салыстырғанда екі орынға жоғарылады. Ал баспасөз мәслихатында Дмитрий Огай төрешілердің қызметіне айып тақты, содан бері "Жетісу" ойындарында төрешілік бірқалыпты болды.

Қызылорданың "Қайсары" біріншілікті керемет бастады да, орта тұсқа жеткенде үздік төрттік қатарынан шығып қалды. Чемпионаттағы үзілістен кейін команда 6-орынға дейін түсті де, сол орынды сақтап қалды. Ал ең бастысы Стойчо Младенов шәкірттері Қазақстан кубогын жеңді. Бұл трофейді қызылордалықтар 20 жыл күткен еді.

Біріншілікте жарқ етіп көзге түскен команданың бірі көкшетаудың "Оқжетпесі". Олардың бас бапкері Андрей Карпович те мамандар тарапынан мақтау сөз естіді. Қаржысы да, қарымы да шектеулі бұл команда маусым барысында "Астананы" да, "Қайратты" да жеңіп кетті. "Оқжетпес" премьер-лигадағы орынды сақтап қалу деген мақсат қойды да, 7-орын алып діттеген межелерінен асып түсті.

"Ертіс" пен "Шахтёр" 8 және 9 орындарды иемденді. Павлодарлықтардың ойыны маусым соңына таман жөнге келіп, соқпағына түссе, "Шахтер" біріншлік бойы бір қалпынан таймады. Қарағандылықтар ел чемпионы "Астананы" екі рет ұтып, жанкүйерлер қошеметіне бөленді. Бірақ, тұрақсы ойынның салдары оларды 9-орынға бір-ақ түсірді.

"Тараз" бен "Атыраудан" жанкүйерлер көп үміт күте қойған жоқ еді. Өзі де солай болып шықты. Қайта-қайта бапкер ауыстыра берген "мұнайшылар" түбінде содан зардап шегіп, премьер-лигадан шығып қалды. Сонымен қатар, "Атырау" Қазақстан кубогының финалында соңғы минутта гол жіберіп, жеңіліс тапты. Ал "Тараз" соңғы турларда әупірімдеп жүріп, жоғарғы топтағы орнын сақтап қалды.

"Ақтөбенің" биыл еш жолы болмады. Клубтан бірден 12 ұпайды алып қойды. Сосын легионер тіркеуге рұқсат болмады. Сондықтан да ақтөбеліктер турнирлік кестенің соңғы орнынан көтеріле алмай кетті.

2020 жылғы маусымның жаңадан келген екі командасы жайлы айта кетсек, Петропавл командасы "Қызылжар" мен ақтаудың "Каспийі" бірінші лиганың жеңімпаздары. "Қызылжар" премьер-лигаға кіріп-шығып жүрген команда болса, "Каспий" 2001 жылдан бері премьер-лигада ойнамаған еді. Енді биыл олар жанкүйерлерін жерге қаратпауға тырысады.

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу