Өткір қыры жоқ киіз үй неге Кремльдің "жүрегін жаралады"

2646

Бучада орнатылған көшпелілердің дәстүрлі баспанасы Мәскеудің мазасын қашырды. Ал сарапшылар бұдан Қазақстандағы демократия нышанын байқапты.

Өткір қыры жоқ киіз үй неге Кремльдің "жүрегін жаралады"

Бұл оқиғаға қатысты алғашқы ақпарат тура бір апта бұрын жарияланған еді, содан бергі аз уақыт ішінде бірден бірнеше елде қоғамдық пікірде дүмпу болды, жаһан жұртшылығын жалт қаратты, солтүстік көршіні тынышынан айырды, оның пропагандистерінің қызуын көтерді, Қазақстанның, Ресейдің сыртқы саясат ведомстволарын айтысқа түсірді.

Жаңа 2023 жылдың 6 қаңтарының кешінде Украинаның Буча қалалық кеңесінің баспасөз қызметі шаһарда "ең ғажайып "Юрта Незламності" пайда болғаны" туралы ақпарат таратты.

"Бучада "Мызғымастық киіз үйі" бой көтерді. Бұл оқиға Қазақстанның Украинадағы елшілігінің және Украинаның халық депутаты, Қазақстанмен парламентаралық байланыстар депутаттық тобының жетекшісі Сергей Нагорняктың қолдауы арқасында болды. "Қала тұрғындарын қолдау үшін табысталған шетелдік тұңғыш жылыну пунктінің басқа емес, дәл Бучада орнатылуының символдық мәні бар. Шаһардағы осы тұрғын үй алабының тұрғындары электр беру доғарылған блэкаут кезінде осында келіп, жылына алады. Қазақ халқына және бизнесмендеріне қолдағаны үшін алғысымызды айтамыз!", – деді Буча қалалық кеңесінің хатшысы Тарас Шаправский. Далада аяз қысып тұрғанына қарамастан, мейірім және достық шуағына бөленген киіз үй іші жылы. Оның үстіне мұнда палаудан дәм татып, печеньемен ыстық шай іше аласыз. Музыкальные дети Бучи тобы патриоттық әндерді орындап, келушілердің рухы мен көңілін көтерді. Қуатымыз бірлікте!", – делінген қалалық кеңестің баспасөз қызметінің хабарламасында.

Енді қала тұрғындары бұл пункте жылынып, телефонын қуаттап, өзара шүйіркелесіп, шай іше алады. Бұған қоса, ресейлік әскердің үздіксіз, үстемелете бомбалауынан жылу және электр энергетикасы нысандары істен шығып, қыста қиналған Украинаның барлық өңірлерінде орнатылып жатқан өзге "Пункті Незламності" (Мызғымастық бекеттері) негізінен сұрықсыз қоңыр, сұр түсті әскери палатқа түрінде болып келеді, келушілерге соғысты еске түсіреді. Ал қазақтың аппақ киіз үйі түріндегі пункт әсемдігімен де, бейбіт күндегідей жылы әсер беруімен де олардан қатты ерекшеленеді, алыстан менмұндалайды. Жергілікті форумдарда оның тіпті туристік нысанға айналғаны, шетелдік журналистер жиі суретке түсіретіні айтылады. 

"Республиканың Сыртқы істер министрлігінің қолдауымен Қазақстаннан Украинаға 6 киіз үй және және 40 генератор жеткізілді. Жоба ары қарай жалғасын табады", – деп жазады Brief Telegram-арнасы.

Қантөгісті бастан өткерген Бучада Қазақстанның киіз үй орнатқаны туралы хабар Мәскеудегілердің жүрегін май ішкендей кілкілдетті. Ресейлік пропаганда өкілдерінің төбе шашы тік тұрып, ұлардай шулап қоя берді. Себебі, Бучадағы қырғынға бола, Ресей үшін де бұл қаланың символикалық мәні бар. Сүйегіне мәңгілікке түскен дақ секілді.

Содан 10 қаңтар күнгі кеште РФ Сыртқы істер министрлігі Қазақстаннан Бучада "мызғымастық киіз үйінің" не себепті, не мақсатпен орнатылғанына ресми түсініктеме беруін талап еткенін мәлімеді. Бұл "осы тақырыпты одан ары өршітіп, қазақстандық-ресейлік стратегиялық серіктестікке сына қағылуын болдырмау үшін" қажет көрінеді.

Әлеуметтік желіде, YouTube-та пікір білдірген ресейлік сарапшылардың өзі: "егер ашық аспан күмбезінің аясындағы бейбіт өмірдің, береке-бірліктің символы болып есептелетін, еш қыры да, бұрышы да жоқ дөңгелек киіз үй жүрегін жараласа, онда ресейлік дипломаттардың жаны қандай нәзік еді?" деп әжуалады. 

Бір жақсысы, ресми Астана осы оқиға үшін ақталып жатпады, немесе Украина жағына түймедейді түйедей етіп қоптырттың деп жұдырық түймеді, кешірім сұрап та масқараға ұшыраған жоқ. Сабырлы ғана үн қатып, киіз үйдің бейбітшілік символы екеніне назар аудартып, оны әр қазақтың мақтаныш тұтатынын жеткізді.

Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров шынында, киіз үйдің орнатылуына Қазақстанның Украинадағы елшілігінің қатысы жоқтығын нақтылады. Бұл азаттық үшін арпалысып жатқан елге аяушылық танытқан қазақ меценат бизнесмендердің тартуы. Яғни, бюджет қаржысы шығындалған жоқ.

"Киіз үй қойылды, бұл жерде қандай проблема бар? Киіз үй тігу жеке қазақстандық компаниялардың бастамасы. Азаматтар өздері апарып, көмектесіп жатыр. Киіз үй тез құрылып, тез жиналады. Бұл – біздің меценаттардың Украина халқына көмегі. Сондықтан бұл жерде еш проблема көріп тұрған жоқпыз. Қазақстанда да, Украинада да екі елдің диаспоралары тұрады. Әрине, Украинада жағдай қиын, сондықтан бұл ақпарат басқаша көрініп жатқан шығар? Ресейлік әріптесіме айтарым: бұл – өзіміздің ісіміз, халықтың мәселесі. Сондықтан біз ешқандай ақталып жатқан жоқпыз. Киіз үйлер қойылды. Ресейге біз ресми жауап бермейміз. Қайта киіз үйіміздің барын мақтан тұтамыз", – деп шорт кесті Қазақстанның сыртқы саясат ведомствосының ресми өкілі.

Дипломатия тілінен аударғанда, бұл "Мәскеу қазақтардың қандай сыртқы саясат ұстануға тиістігін көрсетуге тырыспай, тыныш отырсын, өз саясатымызды біз өзіміз айқындаймыз" дегенді білдіретін еді. Осылайша, Астана азат елдің азуы болатынын паш етті. Осыдан кейін Мәскеудегілер жуасып қалды.

"Қазақстан жағының бізді сендіргендей, бірқатар БАҚ таратып жатқан ақпарат шындыққа сәйкес келмейді және республика билігінің бұл оқиғаға қатысы жоқ. Жақын серіктестерімізге сенбеуге ресейлік тараптың еш негізі жоқ", – деп тынды РФ СІМ ресми өкілі Мария Захарова.

"Novaya Gazeta Europe" газеті осы оқиғадан тарихи ұқсастықты аңғарыпты.

"Ресейдегі сияқты режимдер өзге елдердің көрнекі ым-ишараларын басқасына қарағанда ауырсына қабылдайды. Күрделі теплогенераторларға қарағанда, қарапайым киіз үйге үреймен қарайды, өйткені ол ізгіліктің ғана емес, азатшыл ұлттардың ынтымақтастығының нышаны. Санкцияланған шеруге қатысушылардың "Путин — ла-ла-ла!" деп мазақтап айғайлауы мобилизациядан қашқан ресейліктерге пана беруден қорқыныштырақ. Өйткені ондай ұрандар режимді қасиетінен айырады, мазақ етеді, ұлықтауға емес, келеке етуге лайықтығын көрсетеді. Мемлекет басшыларының Путинмен кездесуге қасақана кешігіп, күттіріп қоюы қарсыласқа қару жеткізгеннен де жағымсыз: ресейлік режимді әлгі қарудан әскерилердің қаза табу мүмкіндігіне қарағанда, өзінің құрмет-қошеметтен айрылуы әлдеқайда көбірек алаңдатады", – деген тоқтамға келді ресейлік оппозициялық басылым.

Оның пайымдауынша, өңі теріс айналдырылған мұндай логика "режимнің басты тұлғаларының терең психологиялық дерттерінің салдары" болып табылады.

"Киіз үйге қатысты жағдай – белгілі бір дәрежеде 1934 жылғы белгілі оқиғаның анологиясы сияқты. Сол жылы АҚШ тұрғындары еврей диаспорасының қолдауымен Гитлердің үстінен сырттай, көрнекті, пародиялық сот өткізбекші болды. Бұл хабарды естіген гитлершіл Германияның Сыртқы істер министрлігі ашуға мініп, долдана мәлімдеме жасады. Неміс дипломатиясының басшысы фон Нейрат америкалық билікке доқ көрсетіп, мұндай ісшараны өткізу екі елдің дипломатиялық қатынастарының нашарлауына соқтыратынын қатаң ескертті. Ал сол кездегі америкалық биліктің салиқалы жауабы қазіргі қазақстандық биліктің реакциясына өте ұқсас. 1934 жылы АҚШ Мемлекеттік хатшысының орынбасары Уильям Филлипс те мұның жеке азаматтардың бастамасы екенін, оған ел билігінің еш қатысы жоқтығын байсалды түсіндірді. Ал әлгі мазақ "сот" өткізілген соң Мемлекеттік департамент АҚШ азаматтарының заң аясынан ауытқымайтын ықтияры мен іс-әрекеттеріне ықпал етуге мемлекеттің құқығы жоқтығын қосымша мәлімдеді. Эрик Ларсонның "Құбыжықтар бағында" атты кітабында осы шиеленіс суреттеледі: гитлершілер мемлекеттің өз азаматтарына не жайында ойлап, қалай әрекет етуін бұйыра алмайды дегенге бәрібір сене алмапты", – деп жазады Новая газета.

Демократия мен диктатураның айырмашылығы да осында болса керек.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу