Өз әскерін отандық етігімен қамтыған Өзбекстан қазаққа үлгі

3484

Ал қазақ ауылының кәсіпкерлері тері экспортынан шамамен 30 миллиард теңге жоғалтып отыр.

Өз әскерін отандық етігімен қамтыған Өзбекстан қазаққа үлгі

Қазақстандықтар әлеуметтік желілер және тегін маркетплейстар арқылы қой терісінің әр данасын 250 теңгеден сатып алуды ұсынуда. Дегенмен алып жатқандар жоқтың қасы көрінеді. Ауылдықтардың көбі мал терісін өңдемей-ақ, қоқысқа лақтыра салады.

Алайда дәл сол отандық маркетплейстерде Қытайда жасалған, өңделген, үлпек жүнді қой терісінің 1 данасы 8,5 мың теңгеден саудалануда. Ол еденге кілем орнына төселетін декоративті төсеніш ретінде қолданылады және жоғары сұранысқа ие. Ал егер қой терісі одан да терең өңделсе, қосылған құны 50 мың теңгеге дейін жетуі мүмкін. Яғни мол табыс көзі аяқ астында жатқандай.

Сарапшылардың мәліметінше, Қазақстанда жыл сайын сойылған мал терісінің әрі кетсе, 10-20%-ы ғана өткізіледі. Қалғаны, яғни шамамен жалпы саны 11 миллионнан астам өңделмеген мал терісі қоқысқа тасталады.

Мәжіліс депутаты Юрий Жулинніің айтуынша, осынша қазына босқа рәсуа болмауы үшін ең құрыса, оның шетелге экспортын жеңілдету керек. Әрине, мал терісін сыртқа шығаруға Үкімет 2016, 2017 және 2019 жылдары тыйым салып келген. Қазір экспорттауға рұқсат. Бірақ оған жоғары баж салығы салынатындықтан, экспорттаушылар оны халықаралық нарыққа тасуға қызықпайды. 

Депутаттың пікірінше, тері өз елімізде көбірек өңделуі үшін сервистік-дайындау пункттерін, маманданған кооперативтерді құрып, ынталандыру қажет.

Қазіргі кезде бұл сала Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігіне қарайды. Бірақ ол құрылыс, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, қорғаныс өнеркәсібі, әскери өнімдер өндірісі, көлік саласы, металлургия, химия, фармацевтика, АЭА-лар, қазақстандық үлес, инвестициялар, азаматтық авиация және басқа да қаптаған секторларға жауапты. Мойын бұруға шамасы жоқ сияқты.

Сондықтан Мәжіліс депутаттарының ұсынуынша, тері өңдеу саласын Ауыл шаруашылығы министрлігіне беру керек. Сонда шикізат пен өнеркәсіп бір жерде болады. Оның үстіне АШМ-ның қолында сала кәсіпорындарын қаржымен, несиемен қолдаудың құралдары бар. 

"Өңірлерде тері қабылдаумен және өңдеумен айналысатын шағын цехтарды дамыту қажет. Тері өңдейтін ірі кәсіпорындарды да дамытуға болады, бірақ ол үшін мемлекет ауылдықтарды малын өзі соймай, сою цехтарына немесе малды автоматтандырылған түрде бөлшектейтін ет комбинаттарына өткізуге ынталандыруы қажет. Тиісінше, бұлардың мал терісін өңдеуші кәсіпорындарға тапсыруын субсидиялаған жөн. Сонда елде теріні кәсіби дайындау және сұрыптау жүйесі түзіліп, бұл индустрияның толық циклі пайда болады. Ол түрлі фабрикаларға қажетті сапалы тері шикізатын шығарады", – деді Ю.Жулин.

90-шы жылдардан бері ауыл тұрғындары, фермерлер мал терісін шетелге аттандырып, қосымша табыс табатын. Бертінде енгізілген тыйым күткендегідей тиімділік әкелмеді, тері өңдеу саласы дамымады. Себебі оларды арзан несиемен қамтамасыз ету жолға қойылмады, отандық кәсіпорындар теріні тым арзан бағалайтындықтан, қабылдау пункттері оларға жұмыс істегісі келмеді. Салдарынан, қазіргі кезде өңдеу кәсіпорындарының қуаттылығы үштен бірге де жүктелмеген.

Ал экспортқа қойылған тосқауыл тері дайындау саласына жойқын соққы беріп, жайратып салды. Нарықтағы шикі терінің шектен тыс көп болуы оның бағасын құлдыратты. Бүгінде өңірлердің көбінде тері қабылдап, дайындау жүзеге асырылмайды. Соған маманданған шағын бизнес нысандарының көбі жабылып тынды.

Салаға жан бітіру үшін Үкімет тыйымды жойып, оны баж салығымен ауыстырды. Бірақ экспортқа бағытталатын терінің 1 тоннасынан 200 еуро салық жиналатынын білгенде, кәсіпкерлердің бұл бизнеспен айналысуына ынта, қызығушылығы қалмады.

АҚШ, Австралия, Жаңа Зеландия сияқты елдерде мал сойылса, одан бір грамм қалдық қалмайды деуге болады. Мүйіз, сүйектеріне дейін тартып, ұн жасайды. Ал терісі мен жүнінен, тіпті қанынан түрлі өнім өндіріледі. Дамыған елдерде негізгі кірісті ет емес, малды сойғанда алынатын басқа субөнімдер әкеледі.

Ал Қазақстанда Индустрия министрлігінің дерегінше, 2021 жылы ірі қара малдың 3,4 млн дана терісі өндірілді. Бұл 2020 жылғыдан 3%-ға көп. Қой мен ешкі терісінің көлемі де жыл сайын көбеюде. Ұсақ мал мен жылқы терісінің жалпы көлемі шамамен – 8 млн.

Осыған орай таяуда Мәжіліс депутаты Ләззат Рамазанова Үкімет басшысының орынбасары Роман Склярға депутаттық сауал жолдап, тері экспортына кең жол ашуды сұрады.

"Тері өндірісінің көлемі өңдеуге арналған ішкі өндірістен асып түседі. Сондықтан үлкен бөлігі экспортқа шығара алар едік. Бірақ Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі, Сауда және интеграция министрлігімен бірлесіп, терінің еркін экспорты алдынан дүркін-дүркін түрлі кедергі ойлап табумен келеді. Кезінде бұл өнімнің экспортына тыйым салғанда, министрліктер осының арқасында елде қосылған құны жоғары өндіріс дамитынын, салықтық түсім артатынын, жаңа жұмыс орындары құрылатынын алға тартқан. Мәлімделген мақсаттарына жетті ме, белгісіз, бірақ өңделмеген теріні жинаумен айналысқан дайындау кәсіпорындары институтын күйретті", – деді депутат.

Оның пікірінше, қазіргі кезде фермерлер терінің келісін 5 теңгеден де өткізе алмай жатыр. Оны қоймада сақтау қымбатқа түседі.  

Жалпы, қолданыстағы өңдеуші кәсіпорындардың қуаты елде бір жылда 3,2 миллион сиыр терісін немесе жалпы көлемнің 90%-ын өзімізде өңдеуге жетеді. Дегенмен, 2021 жылы олар бар-жоғы 361 мың сиыр терісін немесе жалпы көлемнің 10%-ын ғана өңдей алды. Қалған 3 млн сиыр терісі, сондай-ақ ұсақ мал мен жылқы терісі кәдеге жарамай тасталды. Қоқыста қалған мал терісі иістеніп, күлімсі иіс шығарып, экологияға, адамдар мен жануарларға залалын келтіреді.

Жалпы Мәжіліс депутеттары Үкіметке 3 рет депутаттық сауал жолдапты. Бірақ Л.Рамазанова "нақты шаралары қамтылған түсінікті жауап ала алмағандарын" айтады.

Дегенмен Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің дерегінше, бұл бағытта нақты жұмыстар жүргізілуде. Мысалы, Оралда тері өңдейтін жаңа цех ашылды. БҚО-да "ПОШ Руно" ЖШС цехының қуаты шамамен 182 мың дана ірі қара мал және 624 мың дана ұсақ мал терісін өңдеуге жетеді екен.

Өзге өңірлерде де бұл сала өркен жаяды. Арқалық қаласында он жыл жұмыс істемей тұрған тері дайындаушы және қайта өңдеуші "Үміт" ЖШС кәсіпорны қалпына келтіріліпті. Қостанай облысының әкімдігі кәсіпорынның жарғылық капиталына 200 млн теңге сомасында қаражат салды. Қазіргі уақытта кәсіпорын тұрақты жұмыс істеп тұрған көрінеді: қазақстандық, ресейлік және өзбекстандық компаниялармен арада өз өнімін жеткізуді қарастыратын шарттар жасасты. Осы кәсіпорынның жанында арнайы киім тігіп, тері дайындайтын шағын кәсіпорындар желісі құрылды. Осы тәжірибені ескере отырып, облыстағы Амангелді, Жангелдин және Науырзым аудандарында тері дайындау жөніндегі осыған ұқсас орталықтарды ашу мәселесі пысықталуда.

Сондай-ақ елде аяқ киім, былғары галантерея және қайыс-ертоқым бұйымдары өндірісін ұйымдастыру Үкіметтің жоспарында бар.

Бұдан бөлек, Өзбекстан бизнесмендері, "Узчармсаноат" тері, жүн және былғары кәсіпорындары қауымдастығы қазақстандық әріптестерімен тізе қосып, елімізде тері, жүн өңдейтін бірлескен кәсіпорын құру мәселесін талқылап жатыр. Оны арнайы экономикалық аймақтың бірінде ашу мүмкіндігі қарастырылуда.

Көрші өзбек елінде мықты мемлекеттік қолдаудың арқасында тері өңдеу саласы ғаламат қарқынмен өркендеуде. Бұл өзбекстандық экономиканың жылдам дамушы секторы саналады. Мысалы, 2021 жылы Өзбекстанда тері мен былғарыдан 115 миллион жұп аяқкиім жасалған. Теріден өндірілген дайын өнім экспорты былтыр Өзбекстанға 21 миллион доллар (шамамен 10 млрд теңге) табыс әкелген. Бұған қоса, олар өз азаматтары мен әскерін аяқкиіммен, етікпен өзі қамтып отыр.

Қазақстанда салада жалпы саны 1100 компания есепте тұр, бірақ оның арасына тек тері өңдеуші цехтар ғана емес, тігін, тоқыма, аяқкиім және былғары бұйымдар жасайтын компаниялар да кіреді. Әрі оның көбі – шағын бизнес.

Жанат Ардақ

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу