Бүгін Ақордада елдің әлеуметтік-экономикалық және мәдени дамуына, халықтар арасындағы ынтымақтастықты нығайтуға қосқан елеулі үлесі үшін бірқатар азамат мемлекеттік наградалармен марапатталды.
Салтанатты шарада сөз алған Нұрсұлтан Назарбаев тәуелсіздіктің 25 жылдығында жеткен жетістіктер – бүгінгі жиналған әр саланың үздіктері мен өз ісінің хас шеберлерінің жанған еңбегі екенін тілге тиек етті.
Еңбегі еленгендер қатарында өндіріс, кәсіпкерлік, білім беру, денсаулық сақтау салаларының көрнекті өкілдері мен әскерилер, құқық қорғау органдарының қызметкерлері, спортшылар, соғыс және еңбек ардагерлері, мәдениет пен ғылым қайраткерлері бар.
Тәуелсіздіктің 25 жылдығында жеткен жетістіктердің бірі ретінде отандық медицинаны айтуға болады. Соның ішінде Астанадағы республикалық нейрохирургиялық орталық республиканы былай қойғанда әлемдік деңгейде мойындалған денсаулық сақтау мекемесіне айналған.
"Қазақстанның Еңбек Ері" атағы мен "Алтын жұлдыз" және "Отан" ордендеріне лайық деп танылған "Ұлттық нейрохирургия орталығы" АҚ басқарма төрағасы Серік Ақшолақов айналасы он жыл ішінде денсаулық сақтау мекемесіне 60 шақты заманауи қондырғы алынғаны, солардың көмегімен шетелдік үздік тәжірибемен операциялар жасалып жатқанын мәлімдеді. Мемлекет басшысы Серік Ақшолақовтың тек біздің елде ғана емес, сонымен қатар, шетелдерде де үлкен сұранысқа ие маман екенін еске салды.
Ақшолақовтан бөлек, бұл атақтармен Қостанай облысындағы "Қарасу СӨК" ЖШС бас директоры Алмат Тұрсынов марапатталды. Осы орайда, Елбасы Тұрсыновтың еңбегіндегі үш өнегені көпке үлгі етті.
"Ел ішін қамтып қана қоймай, өз өнімін шетелге сата отырып, түскен пайданы әлеуметтік саладағы жобаларды қолдауға жұмсайтыны кісіні сүйсінтеді. Сонымен қатар, ауыл шаруашылығы саласында заманауи инновациялық технологияларды осындай кісілер пайдаланады", – деген Нұрсұлтан Әбішұлы еңбек адамына деген көңілінің қашанда ерекше екенін жасырған жоқ.
Сонымен қатар, мемлекет басшысы "Штаттық ұлттық құрама мен спорттық резерв дирекциясы" РМКК нұсқаушы-спортшысы Зүлфия Ғабидуллинаға II деңгейлі Барыс орденін табыстады.
"Ол 20 жылдан астам өмірін спортқа арнады. Бірнеше рет әлем рекордын жаңартып, әлем чемпионы атанды. Қазақстан тарихында алғаш рет Паралимпиада ойындарында алтын медаль иеленді", – дейді Елбасы.
"Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясы" РҚБ президенті Мұрат Жұрыновтың да ғылым мен білімге қосқан үлесі елеусіз қалмады. Мемлекеттік наградаларды тағайындау комиссиясы оны да II деңгейлі "Барыс" орденіне лайық деп тапты.
Бұдан бөлек, мемлекеттік қызметтің жоғары лауазымдарында жүрген Кәрім Мәсімов, Марат Тәжин, Иманғали Тасмағамбетов, Самат Әбіш, Әділбек Жақсыбеков, Дабыр Іңкәрбаев, Қайрат Мәми, Мұхтар Құл Мұхаммед, Тамара Дүйсенова, Әсет Исекешев және қарулы күштердің бірқатар өкілі Елбасы қолынан мемлекеттік наградалар алды.
Ал Атырау облысының әкімі Нұрлан Ноғаев елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына зор үлес қосқаны үшін "Парасат" орденіне лайық деп танылды.
Естеріңізге сала кетейік, жақында Нұрлан Ноғаев Атыраудағы Жұмекен Нәжімеденов оқулары кезінде қоғамдағы ұлтсыздану мәселесін көтерген еді. Облыс әкімі ел ішінде өз мәдениетін ұмытып бара жатқан азаматтардың бар екенін еске сала келіп, келер ұрпақты бұл дерттен сақтау керектігін баса айтқан болатын.
III деңгейлі "Барыс" орденін иеленген "Халық банк" АҚ басқарма төрайымы Үміт Шаяхметова бұл атақтың қаржы ұйымындағы барлық қызметкерлердің еңбегі екенін айтады. Жақында ғана International Banker халықаралық басылымының "Шығыс Еуропадағы жыл банкирі" атағын иеленген банк басшысы қысылтаяң кезде қаржы саясатын ұтымды жүргізгені үшін халықаралық сарапшылардың оң бағасын алған еді.
Салтанатты шараны қорытындылай келе, Мемлекет басшысы барша қазақстандықты Тәуелсіздіктің 25 жылдығымен құттықтап, өз ісінің хас шебері болған кәсіби мамандардың ешқашан да ескерусіз қалмайтынын айтты.