Өз коттеджін саламын дегендерге мемлекет 100 млн теңгеден береді

1492

Мемлекеттік банкте баспана алудың барлық нұсқалары жарияланды.

Өз коттеджін саламын дегендерге мемлекет 100 млн теңгеден береді Фото: inbusiness

2025 жылғы 2 маусымнан бастап, Отбасы банк мыңдаған клиенті үшін жаңа шектеулер енгізеді. Өзгеріс алдын ала және аралық заемдарды мерзімінен бұрын жабуға байланысты болады.

Не өзгереді? Қазіргі кезде Отбасы банк жүйесі былай жұмыс істейді: қарызды ерте өтедіңіз, ал, депозитіңіз қалды, мұндай жағдайда келесі ипотеканы алуға болады. 2 маусымнан кейін бұлай жасай алмайсыз.

Егер сіз алдын ала немесе аралық заемды толығымен өтесеңіз, онда:

  • Бүкіл депозит-салым қарызды "сөндіруге" кетеді.
  • Келісімшарт бұзылады және депозит жабылады.

Бұл жүйеге қайтадан қатысу үшін жаңа депозит ашып, тағы ұзақ жинақтауыңыз қажет.

Бұған дейін клиенттің бағалау көрсеткішін арттыру немесе осы БК-ны жоғары деңгейде сақтау, сондай-ақ тұрақты клиентке бірнеше жыл күтусіз, жаңа ипотека алып, ары қарай жинақтауды жалғастыру үшін Отбасы банкіндегі салымдар қайтара пайдаланылатын. Яғни, енді ескі клиенттер мен жаңа клиенттер теңестіріліп отыр. Олар да бәрін нөлден бастайды.

Өйткені банк мамандарының түсіндіруінше, кейінгі жылдары тұрақты клиенттер Отбасы банкін кредиттік конвейер ретінде қолдана бастапты: заем алады, оны тездетіп өтейді және бұрынғы депозитті жаңа заем алуға пайдаланады. Енді бұған тосқауыл қойылады.

Дегенмен, тұрғын үй жинақтау жүйесі шектеулерімен қоса, азаматтарға мүмкіндіктер де ұсынады. Осы жүйеде 2025 жылы баспанаға ақша жинаудың қандай мүмкіндіктері ұсынылады?

Digitalbusiness хабарлауынша, бүгінде Отбасы банкінде 2,87 миллионнан астам адам салым жинақтауда. Мемлекеттік банк өз тарихында жалпы саны 570 мыңдай заем беріпті. Қазақстандағы еңбекке жарамды, экономикалық белсенді халықтың 28,6%-ы тұрғын үй құрылыс жинағы жүйесіне қатысады.

2024 жылғы қарашаның соңында Президент Отбасы банкіне ұлттық даму институты мәртебесін беретін жарлыққа қол қойды. Енді республикада тұрғын үй кезегін әрбір әкім жеке жүргізбейді, бүкіл ел бойынша ортақ тұрғын үй кезегін осы ұлттық даму банкі жүргізеді.

Тиісінше, баспанаға мұқтаж жандар Отбасы банк арқылы тұрғын үй кезегіне тұра алады. Бірақ қаржы институты жаңа функцияларын тек 2025 жылдың ортасына қарай толыққанды жүзеге асыра бастайды.
Сол кезге дейін барлық әкімдіктер өз баспана кезегінде тұрғандардың тізімін Отбасы банкіне тапсырып болуға тиіс. Осы уақытта банктің өзі "Тұрғын үймен қамтамасыз ету орталығы" ақпараттық жүйесін түпкілікті іске қосып үлгеруі керек. Оның жұмысы жолға қойылғаннан кейін осы ресурс арқылы кезекке онлайн тұруға болады.

Маңыздысы сол, жаңа мәртебеге көшкенімен, бұл кредиттік-қаржы ұйымы халықтың тұрғын үй құрылыс жинағын қабылдап, тұрғын үй заемдарын беру жұмысын тоқтатпайды, мемлекеттік жеңілдікті тұрғын үй бағдарламаларын іске асыруды да ары қарай жалғастырады.

Биыл құрылыс жинақ жүйесі қалай жұмыс істейді?

Бұрыннан қалыптасқан алгоритм сақталады:

  • Бірінші қадам: Отбасы банкінде депозит ашасыз.
  • Екінші қадам: баспана бағасының 50%-ы көлемінде жинақ жинайсыз.
  • Үшінші қадам: жинақтауға кесілген мерзім аяқталған соң, үй алуға қажетті соманың қалған жартысын банк береді.

Бұл ретте сіздің бірнеше жыл бойы жинаған қаржыңыз салым ретінде банкте қалады. Ал, пәтер сатып алуға берілген бүкіл қаржы тұрғын үй заемы саналады, тиісінше, банк 50%-ға емес, бүкіл сомаға өзінің сыйақы ставкасын есептейді.

Тұрғын үй заемын қандай мақсатта жұмсауға болады?

Біріншіден, жер учаскесін сатып алып, сонда жеке үй не коттедж салуыңызға болады.

Екіншіден, дайын үйді немесе пәтерді сатып алуға болады (ол баспананың барлық құжаттары дайын болуға тиіс).

Үшіншіден, жөндеу жұмыстарына жұмсауға болады. Төртіншіден, басқа банктен алынған ипотеканы қайта қаржыландыруға болады.

Бір заемшыға ең көп дегенде 100 миллион теңгеге дейін қаражат берілуі мүмкін. Несиелендіру мерзімі клиенттің қалауына қарай жарты жылдан бастап, 25 жылға дейін созылады.

Қандай пайызбен тұрғын үй заемын алуға болады?

Баспананы сатып алу үшін несие алмас бұрын әрбір адам өзі ақылға салып, маманмен кеңесіп барып, жеке шешім қабылдағаны абзал. Бұл материал Отбасы банкін жарнамалауға арналмаған, тек оқырманды ақпараттандыруды ғана мақсат тұтады.

Қазіргі уақытта Қазақстандағы банктерде ипотеканың орташа сыйақы ставкасы 7 пайыздан 25 пайызға дейін барады. Бірақ коммерциялық банктерде ипотека алсаңыз, банктің беретін қаржысына ғана сыйақы төлейсіз. Ал, Отбасы банкінің қағидасы бойынша сізге үйдің бүкіл бағасына сыйақы төлеуге тура келеді. Себебі, сіздің жинаған үйдің жарты бағасының қаражаты салым ретінде банкте жатады.
Дегенмен, ең төменгі ставка да Отбасы банкінде: жылдық 3,5%-дан басталады. Мұндай шартпен заем алу оңай емес. Ол үшін не істеу керек?

Біріншіден, кем дегенде 3 жылдан артық жинақ жинауыңыз қажет. Осы уақыт бойы банк сіздің ақшаңызды айналдырып, несиеге беріп, табыс табады. Коммерциялық банктерде 3 жыл күтудің қажеті жоқ.

Екіншіден, Отбасы банк сізден жақсы "бағалау көрсеткішіне" қол жеткізуіңізді талап етеді. Мысалы, ол жай ғана тұрғын үй заемын беруі үшін БК 16-дан асуы шарт. Одан төмен болса, тіпті 3 жыл күтсеңіз де, ақырында несие ала алмайсыз, салымыңызды жабуға немесе БК-ны көтеру үшін жинақтауды жалғастыруыңызға тура келеді.

Ал, ең төменгі 3,5% мөлшерлемемен заем алу үшін БК 48-ден кем болмауға тиіс.
Бағалау көрсеткішінің өсуіне бірнеше фактор әсер етеді. Ең бастысы, қаржылық тәртіпті сақтау қажет.

Яғни, банк менеджері бекіткен кесте бойынша белгіленген соманы үш жыл бойы толық көлемде және ай сайын енгізіп тұруға тиіссіз. Бір айда көп, екіншісінде аз салса, немесе бір айда уақытында ақша енгізуді ұмытып кетсе, көрсеткіші күрт құлдырайды және 16-ға да жетпей қалуы ғажап емес.

Сондай-ақ БК банктің әрбір жинаққа есептейтін сыйақысымен де тікелей байланысты. Бұл жерде әртүрлі бағдарламаның өз пайыздық сыйақысы бар. Ең төменгісі – 2% ғана.

Осылайша, салымшы өз есепшотына ай сайын неғұрлым көп ақша салып отырса + банк бағдарлама аясында мейлінше көп сыйақы төлесе = бағалау көрсеткіші соғұрлым жоғары болады.

Ең төменгі 16 балды үш жыл бойы бекітілген соманы ғана ай сайын тұрақты салып тұрғандар алады. Үш жылдан көбірек жинақ жинағандардың балдары 16-дан жоғарырақ болады.

Сарапшылар бағалау көрсеткішін арттырудың басқа да жолдарын айтты: біріншіден, әсіресе, шот ашқаннан кейінгі алғашқы айларда кестедегі міндетті төлеммен шектелмеген, мүмкіндігінше, одан көбірек қаражат салып отырған жөн.

Депозитте көбірек ақша жиналған сайын банктің сыйақысы да жоғарырақ болады, сәйкесінше, БК өседі. Жинақтаудың кейінгі кезеңдерінде төлемдерді кестедегі сомаға дейін азайтуға болады.

Екіншіден, депозитіңіздегі соманы қадағалап, оны "дөңгелентуге" тырысыңыз. Мысалы, егер 1 790 000 теңге жинақталса, жоспардан тыс тағы 10 мың теңге аударыңыз.

Бұл БК-ны ұлғайтуға мардымсыз ғана әсер етуі мүмкін, есесіне қалаған пәтеріңіздің құнын тезірек жинауға ықпал етеді. Ол 10 мың теңгені кейін есте қалмайтын көр-шөрге жұмсап жібермейсіз.

Үшіншіден, жинақтау жоспарын құрыңыз. Айлық алсаңыз, басқа табыс тапсаңыз, алдымен тұрғын үй құрылыс жинағына төлем төлеуге тырысыңыз. Бұл істі жүйеге түсіру маңызды.

Жинақ жиналатын бірнеше жылға өзіндік "айлық күнтізбе" жасап, салым салынған әрбір айды бояп отырыңыз. Әрбір "жабылған" ұяшық сіздің баспаналы болу арманыңыздың бір табан жақын қалғанын көрсетеді. Түзген жоспарыңызды ұстануға күш салыңыз. БК-да қаржылық тәртіп өте маңызды.

Үш жыл күтуге мүмкіндік-шыдам болмаса ше?

Бұл жағдайда Отбасы банк "аралық заем" ұсынады. Бірақ мұндай несиенің сыйақы мөлшерлемесі нарықтағы комбанктер ұсынатын ипотекамен деңгейлес.

Vbr.kz порталының дерегінше, Халық банкі, Центр Кредит банкі, ForteBank, BI Group, Eurasian Bank, РБК Банк, Нұрбанк және басқасының 7-8 пайыздан басталатын төл ипотекалары бар. Олар пәтер бағасының жартысына тең қаржы енгізуді талап етпейді.  

Ал, Отбасы банкінен аралық заем алу үшін қажетті соманың 50%-ын бірден шотыңызға салуға тиіссіз. Алайда соның өзінде бірден ипотека ала алмайсыз: ақшаңыз кем дегенде жарты жыл банкте жатса және бағалау көрсеткішіңіз 5-ке жетсе ғана ақша береді. Әйтпесе, жарты не бір жыл күтіп, аралық заем ала алмай, ақшаңызды кері алуға мәжбүр болуыңыз мүмкін.

Аралық заем бойынша пайыздар – жылдық 6-дан 8,5%-ға дейін барады. БК-ңыз 5-ке жетсе және депозитіңізді тиісті уақыт бойы банкте жинақтасаңыз, Отбасы банк пәтер сатып алуға қажетті соманы тегіс береді және сол бүкіл сомаға сізден 8,5%-ға дейінгі төл сыйақы ставкасын алады.

Сіздің 50% бастапқы жарнаңыз кем дегенде 3 жыл депозитте қозғалмай жатады, оны шешіп алуға тыйым салынған. Үш жылдан соң депозит негізгі қарызды өтеуге жіберіледі де, сыйақы ставкасы төмендейді.

Отбасы банк сондай-ақ "аралық заем" ұсынуы мүмкін. Оны осы банктің "Свой дом" бағдарламасының немесе мемлекеттік тұрғын үй бағдарламаларының қатысушылары ала алады.

Бұл несие – жеңілдікті саналады: ставкасы 3,5%-дан басталады. Оны алу үшін қатысушылар аңсарлы шаршы метрлерінің жалпы құнының 20%-ы көлемінде жинақ жинауы шарт.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу