Өз тарихымыздағы қиын-қыстау кезеңдерді ешқашан ұмытпаймыз – Қасым-Жомарт Тоқаев

126

Құрылтайдың бірінші сессиясы өтті.  

Өз тарихымыздағы қиын-қыстау кезеңдерді ешқашан ұмытпаймыз – Қасым-Жомарт Тоқаев Фото: Ақорда

Тарих өкпе-ренішпен емес, ұлт мүддесін көздеген шынайы көзқараспен жазылуға тиіс. Бұл туралы Президент Қасым-Жомарт Тоқаев бірінші шақырылымдағы Қазақстан Республикасы Құрылтайы бірінші сессиясының ашылуында сөйлеген сөзінде айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.

"Ұлттың жадын күмәнді деректермен, бұрмаланған мәліметтермен улауға болмайды. Мұндай әрекет өткен күнге деген сенімді, келешекке деген үмітті әлсіретеді. Біздің төл тарихымыз бен әдебиетіміз шет-шегі жоқ нәубет пен азапқа толы жылдардың жылнамасы емес. Әрине, біз өз тарихымыздағы қиын-қыстау кезеңдерді ешқашан ұмытпаймыз. Алайда халқымыздың басынан өткен қайғы-қасіретті ұлттық болмысымыздың арқауы етуге болмайды. Себебі ұлт тарихы тек жеңіліс пен сәтсіздіктерден тұрмайды, төл шежіремізде жарқын жеңістер мен жетістіктер аз болған жоқ", – деді Президент.

Мемлекет басшысының сөзінше, жалпы әлем тарихына, басқа халықтардың тарихымен қатар, өз тарихымызға да үстірт және жеңіл-желпі, біржақты қарауға болмайды.

"Тарих өкпе-ренішпен емес, ұлт мүддесін көздеген шынайы көзқараспен жазылуға тиіс. Бұл – ең алдымен өскелең ұрпақ үшін қажет дүние. Көзі ашық, көкірегі ояу азаматтарымыз мұны жақсы түсінеді деп ойлаймын", – деп атап өтті Қасым-Жомарт Тоқаев.

Айта кету керек, бұған дейін Президент Құрылтай төрағасы лауазымына Айбек Дәдебайдың кандидатурасын ұсынғанын жазғанбыз.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу