Ертең Талдықорғанда WSB жобасы аясында Қазақстан және Өзбекстан боксшылары жұдырық түйістіреді. Бүкіл қазақ жанкүйері әуел бастан тақым қысып, қобалжып отыр. Енді, қобалжымағанда?! Ала шапанды көршілеріміздің "Uzbek Tigers" клубы қазақ топырағына ылғи ығайы мен сығайын әкеле жатыр. Құрамында Рио олимпиадасының үш жүлдегері бар екен.
Жалпы бар ғой, осы біздің жанкүйерлер намысқой. Басқа басқа, көршілес өзбек боксшылары алдымызға түсіп кетсе, намыстан булығып, күйіп кетеді (бұл жерде Рио олимпиадасында ала шапанды көршіміздің қанша жүлде алғанын айтсақ, шамына тиіп кетерміз). Шіркін-ай осылардың кеуделерін қарыған намыстарын қайсыбір спортшыларымызға берсе ғой деп армандайсың.
Әлқисса, ертең кешке осы жалындаған намыс оты Талдықорған төріне керілген шаршы алаңда таразыға тартылады. Бокс десе, мойнындағы қарызын да, банктегі кредитін де ұмытатын жанкүйер байыз таппай, күтіп жүр. "Астана Арландарының" бапкерлері сенім артып отырған күрзі жұдырықты жігіттеріміз "Uzbek Tigers" тарландарын тас-талқан қылса, айыздары қанар еді...
Алайда өзбек боксшылары да осал емес. Құрамы – мықты, жігіттері – қарымды, тәжірибелері – жеткілікті. Жұдырықтарын бұлғаңдатып, шетінен жер тарпып тұр. Олар да шаршы алаңда қазақ-өзбек бәсекесінің күйіп тұрғанын біледі. Олардың да өз елінде көк жәшікке телміріп, қиқу салып, тілеулерін тілеп отырған жанкүйерлері бар.
Енді ертең жер жәннаты Жетісу жерінде шаршы алаңға шығатын "Астана Арландары" мен "Uzbek Tigers" боксшыларының құрамына көз жүгіртейік:
52 келі: Олжас Сәттібаев – Аброржон Кодиров
Бұл жұпта Олжастың тәжірибесі мол, деңгейі де сәл жоғарылау деп ойлаймыз. Олжас Рио олимпиадасына барды. Бірақ бағы жанбады. Әйтсе де, WSB шаршы алаңының "ыстығын да, суығын да" көрді. Небір майталманды жеңді. Әбден шыңдалды.
Ал Аброржон былтыр біздің Азат Махметовтен оңбай таяқ жеген. Енді Олжастың жұдырығының күш-қуатына төтеп беруге тырысады. Жасы – 22-де. WSB жобасында төрт жекпе-жек өткізген.
60 келі: Закир Сафиуллин – Муроджон Ахмадалиев
Закир де – WSB жобасы аясында шыңдалған, әрі бес раундтық айқасқа төселіп алған боксшы. Тәжірибесі мол. Оңайлықпен ешкімге есесін жібере қоймайды. Бапкерлердің сенімді саңлағы. Осы өзбек боксшысын жеңіп, Қайрат Ерәлиевтің Риодағы есесін қайтарса, нұр үстіне нұр болар еді...
Ал қарсыласы Муроджон – өзбек боксындағы талантты жаңа толқынның түлегі (жасы – 22-де). Рио Олимпиадасының қола жүлдегері. 2015 жылғы әлем және Азия біріншіліктерінің қола жүлдегері. Бірақ WSB шаршы алаңында тәжірибесі аз (былтыр екі жекпе-жек өткізген).
69 келі: Асланбек Шымбергенов – Шахрам Гиясов
Нағыз шиеленісті жекпе-жек болуы тиіс. Шахрам Рио олимпиадасының финалында тек біздің Данияр Елеусіновтен жеңіліп, күміс жүлде олжалаған. Бұл да – өзбек боксының талантты буын өкілі (23-те). Әйтсе де, WSB шаршы алаңында бір-ақ жекпе-жек өткізген.
Асланбек Шымбергенов те WSB жобасындағы айқастарға бейімделген жігіттеріміздің бірі. Жігерлі жігіт. Куба қабыланы Роньел Иглесиасты жеңгенінің өзі неге тұрады. Осы жеңісінен кейін жанкүйерлер көзайымына айналды. Жеңісті қолдан бермейтін боксшы.
81 келі: Нұрдәулет Жарманов – Бектимир Меликузиев
Бектемир – өзбек боксының талантты жас дүлдүлі, мақтанышы. Небәрі 20 жаста. Бірақ Рио Олимпиадасының күміс жүлдегері атанды. 2015 жылы әлем біріншілігінің күміс жүлдегері болды. Дәл сол жылы Азия чемпионы атанды.
Сөз жоқ, талантты жігіт. Бұған дейін 75 келі салмақта өнер көрсеткен. Енді 81 келіге ауысыпты. Салмақ ауыстыру да оңай емес, әрине. Сонымен қатар бұған дейін WSB шаршы алаңына бір-ақ рет шыққан.
Нұрдәулет қарсыласының осы олқылығын пайдаланады деп ойлаймыз. Ал Жарманов осы жоба аясында төрт кездесу өткізген. Соның біреуінде ғана жеңіске жетсе, бес раундтық жекпе-жекке машықтанып қалды. Жұдырығы діттеген жеріне тисе дейміз...
+91 келі: Қамшыбек Қоңқабаев – Баходыр Жалолов
Бұл салмақта да қазақ боксшысының WSB шаршы алаңындағы тәжірибесі басым. Қамшыбек былтыр үш жекпе-жек өткізіп, бес раундтық айқастың дәмін татып үлгерді. Әскерилер арасындағы әлем чемпионы.
Баходыр Жалолов та оңай шағылатын жаңғақ емес. Бойы – 198 см, жасы – 22-де. Рио Олимпиадасында ширек финалға дейін жетті. 2015 жылғы әлем чемпионатында қола жүлдегер атанды.
Енді бір көңіл аударарлық дерек, Баходыр Жалолов Рио олимпиадасында Өзбекстан делегациясының Ту ұстаушысы болған. Ал Қамшыбек өткен жылғы осы екі команданың Өскеменде өткен кездесуінде өзбек М.Абдуллаевты жеңген. Енді оның ізбасары, елдің Ту ұстаушысымен айқасады.
Сонымен ертең шаршы алаңда – қазақ-өзбек шайқасы. Өздеріңіз байқап отырған боларсыздар, біз жігіттерімізді көп мақтамадық. Бұл – "сараңдық" емес, "арық айтып, семіз шық" деген дана халқымыздың аталы сөзіне сүйену. Жігіттер жерге қаратпайды деп сенеміз әрі үміт артамыз. Тек жеңіс күтеміз!
Ал енді "қай жерде", "қашан өтеді" деп, әзер шыдап отырғандарыңыз болса, ертең Талдықорғандағы "Жастар" спорт сарайында 18:00-де басталады. "Хабар" телеарнасы тікелей эфирден көрсетуі керек.
Маруан Түсіп