Өзбек елінің мемлекеттік төлем жүйесі қазақстандық компанияның қолына көшуі мүмкін

10549

Іргедегі бауырлас ел Humo мемлекеттік төлем жүйесін саудаға шығарды.

Өзбек елінің мемлекеттік төлем жүйесі қазақстандық компанияның қолына көшуі мүмкін Фото: afisha.uz

Көрші республиканың Мемлекеттік активтерді басқару агенттігінің ақпаратынша, ондағы 100% мемлекеттік үлес "келіссөздерге жария шақыру жолымен" сатылып, жекенің қолына берілетін болады. 

Podrobno.uz хабарлауынша, агенттік Ұлттық банкаралық процессинг орталығын (Humo) бірнеше, нақтырақ айтқанда 3 кезеңмен жекешелендіретін болады. Бұл процесс басталып кетті.

Бірінші кезеңде инвесторлар "мүдделілік білдіруі" шарт. Бұл үшін құжаттардың бекітілген пакетін тапсырады. Оның ішінде мысалы, компаниялар соңғы 3 жылдағы аудиттелген қаржылық есебін ұсынуға тиіс.

Бірінші кезеңдегі іріктеуден өтіп, өлшемшарт-критерийлерге сәйкес келеді деп танылған кандидаттар "міндеттемейтін келісім" сатысына жіберіледі. Яғни, олар өзбектің төлем жүйесін қалай өркендететінін көрсетіп, келісім жобасын табыстайды.

Үшінші қорытынды кезеңде міндеттеме ретінде қабылданатын ұсыныстар жиналады. Үміткерлер бұл сатыда ұсынылатын актив сомасының кем дегенде 1%-ы мөлшерінде кепілді қаражат енгізуі керек.

Өзбекстан тарихындағы ең бір елеулі сауданың консультанты ретінде беделді Deloitte халықаралық компаниясы таңдалды. Бұған қоса, активті бағалауға жаһандық "Үлкен төрттікке" (Big 4) кіретін тағы бір халықаралық компания тартылып жатыр.

Бұл оңтүстік көрші үшін маңызды тарихи қадам болғалы тұр. Ұлттық банкаралық процессинг орталығы Өзбекстанның төлем жүйесінің бір бөлігі және ары қарай солай болып қала береді.

Humo төлем жүйесі елде және шетелде қолданылатын өзбектің бүкіл банктік төлем карталарын шығарады. Қазіргі кезде HUMO 27 миллионнан астам карта шығарған. Бұдан бөлек, 210 мыңнан астам терминалы, 6,4 мыңнан аса банкоматы бар.

Осы орайда биылғы тамыз айының соңында қазақстандық Kaspi компаниясы өзбектің Humo төлем жүйесін сатып алуды, осы мақсатта жекешелендіруге қатысуды қарастырып жатқаны белгілі болды. Kaspi басшысы Михаил Ломтадзе Өзбекстанда технологияларды дамытуға салмақты инвестициялар бағыттауды жоспарлап отырғанын мәлімдеді.

Forbes дерегінше, қазақстандық компания Өзбекстан Үкіметінің консультанты Deloitte халықаралық компаниясына тиісті хатын да жолдап қойды.

Михаил Ломтадзе өз түсініктемесінде Humo-ны алып, өркендетуге мүдделілігін білдірді. Оның айтуынша, Өзбекстан біздің аймақтағы ең қарқынды дамушы экономика болып табылады. Мемлекет демократия мен ашықтықтың жоғары қағидаттарын және нарықтық экономикаға беріктігін паш етуде.

"Өзбекстанда реформалар табысты жүзеге асырылуда. Олар инвесторлар үшін елдің тартымдылығын арттыруға бағытталған. Біздің инвесторларымыз бен акционерлеріміз арасында BlackRock, Fidelity, Capital International, Ballie Gifford сияқты әлемге беделді америкалық және  жаһандық  инвесторлар бар. Біз Humo-ның қолданыстағы бизнес-моделін дамыта отырып, оны төлем технологиялары мен сервистерін өрістетудегі өзіміздің орасан зор тәжірибемізбен толықтыруды жоспарлап отырмыз. Нәтижесінде, ол Өзбекстанда қолма-қолсыз төлемдердің өсуінің катализаторына айналып, ел экономикасының өрлеуіне серпін береді", – деді Ломтадзе.

Басқаша айтқанда, Қазақстанда бар озық технологиялар мен сервистер Өзбекстанда ендіріліп қана қоймай, жетілдіріледі. Бизнесменнің айтуынша, егер Өзбекстан қазақстандық компанияны таңдаса, онда ол осы республикадағы технологиялар мен адами капиталға қомақты инвестициялар салуды жоспарлап отыр. Қазақстандық инвесторлар өзбектің Humo төлем жүйесі мен төлем сервистерінің бүкіл әлемде танымал болуына ықпал етпек.

Өзбек сарапшылары өз елінің ұлттық төлем жүйесінің Қазақстанға сатылуына қатысты пікірлерін білдірді. 

Бұл ретте Қазақстанда негізгі 3 ұялы оператор ғана бар. Ал, Өзбекстанда қазірдің өзінде 7 ұялы байланыс операторы жұмыс істейді: Ucell, Uzmobile (Uztelecom), Beeline, Mobiuz, Humans, Perfectum және OQ. Олардың әрқайсысы бір-бірімен бәсекелесіп, тарифтер мен қызметтер топтамасының кең таңдауын ұсынады. Өзбекстанда абоненттердің жалпы саны 33 миллионнан асты.

Сарапшы Өзбекстанда бірнеше табысты финтех-компания қызмет ететінін және олар да бейіні бойынша қазақстандық инвесторлардың бизнес өрісіне сай келетінін жеткізді.

"Өзбекстанда монополияға қарсы заңнама пәрменді жұмыс істейді. Сондықтан жаңа ойыншының пайда болуы нарықтың монополияландырылуына соқтырмайды. Бұл қарапайым пайдаланушылар үшін нарықтағы бәсекелестіктің одан сайын артуын білдіреді. Сол себепті мен Humo-ны жекешелендіру кезіндегі қазақстандық инвесторлардың мүмкіндігін жоғары бағалаймын. Біздің ел бұдан тек ұтады", – деді Музаффар Розиков.

Оның байламынша, Humo-ны жекешелендіре алса, бұдан қазақстандық компания бәрібір ұтады. Өзбектің мемлекеттік төлем жүйесін сатып алу арқылы компанияның пайдаланушыларының саны бірнеше есе өсуі мүмкін. Өйткені бұл жүйе өзге елдерде, тіпті Ауғанстанда да қолданылады.

Humo-ның өзге бизнесі де жыл сайын кем дегенде 60 миллион доллардан астам таза табыс әкеледі.

Гафуров Humo-ның ең төменгі бағасы 80 миллион доллардан басталып, еселеп жоғарылауы мүмкін деген пікірде. Дегенмен, бұл баға төлем жүйесінің ағымдағы қаржылық көрсеткіштерін ескермейді.

Қалай болғанда, өзбек сарапшыларының тұжырымдауынша, Humo-ны жекешелендіріп алу арқылы қазақстандық инвесторлар Өзбекстан нарығына қол жеткізу бағытында стратегиялық қадам жасай алады.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу