Өзбекстанда алғашқы атом электр станциясының құрылысы ресми түрде басталды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Өзбекстан президентінің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Ресейде жұмыс сапарымен жүрген Өзбекстан президенті Шавкат Мирзиёев пен Ресей басшысы Владимир Путин интеграцияланған атом электр станциясының құрылысын бастауға рұқсат берді. Осылайша энергоблоктың іргетасына алғашқы бетон құйылды. Салтанатты рәсім телекөпір форматында өтіп, Өзбекстандағы құрылыс алаңы мен Санкт-Петербург қаласын байланыстырды. Телекөпір форматындағы бейнебайланысқа Атом энергиясы жөніндегі халықаралық агенттіктің (МАГАТЭ) бас директоры Рафаэль Гросси де қатысты.
Жергілікті БАҚ-тың жазуынша, АЭС Жизақ облысында салынады. "Өзатом" агенттігінің басшысы Әзім Ахмедхаджаевтың айтуынша, АЭС құрылысының базалық құны 9,5 млрд долларға бағаланған.
Көрші елдегі АЭС жобасы қуаты 1000 МВт болатын екі үлкен энергоблок пен қуаты 55 МВт-тан келетін екі шағын энергоблоктың құрылысын көздейді. "Росатом" компаниясы үшін бұл шетелде шағын АЭС салудағы алғашқы тәжірибе болмақ.