Өзбекстан Қазақстанға 12,6 млрд текше метр су жіберді

733

Өзбекстан өткен жылдың қазан айынан бері 1 сәуірге дейін Қазақстанға 12,6 млрд текше метр су жіберді.

Өзбекстан Қазақстанға 12,6 млрд текше метр су жіберді Фото: gov.kz

Бұл жоспарланған көлемнен 1,7 млрд текше метрге артық, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Су ресурстары және ирригация министрі Нұржан Нұржігітов Самарқандтағы форумның үшінші пленарлық сессиясында сөз сөйледі.

"Бұл су суару кезеңінде еліміздің оңтүстігіндегі шаруаларды қамтамасыз ету үшін пайдаланылады. Су дипломатиясы және халықаралық ынтымақтастық біздің министрлік жұмысының негізгі бағыттарының бірі. Трансшекаралық суларды бөлу және басқару, тәжірибе алмасу, озық технологияларды бірлесіп енгізу бүкіл Орталық Азияның су қауіпсіздігін қамтамасыз етуде маңызды рөл атқарады", – деді ол.

Еске салсақ, Өзбекстанда "Орталық Азия Еуропалық Одақ" саммиті аясында Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың және Өзбекстан, Қырғызстан, Тәжікстан, Түрікменстан Президенттерінің, Еуропалық Кеңес Төрағасы Антониу Кошта мен Еуропалық комиссия Төрағасы Урсула фон дер Ляйеннің қатысуымен Самарқанд халықаралық климаттық форумы өтті.

Сондай-ақ, Су ресурстары және ирригация министрі климаттық өзгерістерге бейімделу, су ресурстарын басқарудың жаңа тәсілдерін енгізу, сондай-ақ су тапшылығы мәселесін бірлесіп шешу үшін өңірлік ынтымақтастықты нығайтудың маңызына тоқталды.

Айта кету керек, екіжақты су ынтымақтастығын нығайту жөніндегі бірлескен жұмыс тобының XII отырысында Нұржан Нұржігітов пен Өзбекстан Су шаруашылығы министрі Шавкат Хамраев 2024 жылдың қазанынан 2025 жылдың қазанына дейін Қазақстанға 16 млрд текше метрден артық су жіберіледі деп келіскен болатын.

Солтүстік Арал теңізіне шамамен 1,8 млрд текше метр су жіберілді, бұл жоспарланған көлемнен 120 млн текше метрге артық. Ал, "Достық" мемлекетаралық каналы арқылы Қазақстанға 490 млн текше метр су келді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу