V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының жабылу салтанаты 13 қыркүйекте, Этноауылда өтпек.
"Сонда келесі VІ Дүниежүзілік көшпелілер ойындарын өткізетін ел жарияланады. Ол – Өзбекстан болады деп жоспарланған", – деп бір апта бұрын ғана хабарлаған еді осы іс-шараны дайындау және өткізу дирекциясы басшысының орынбасары Абылай Қоңдыбаев.
Ойындардың жабылу рәсімі таяғанда Өзбекстанның оны жалғастырудан бас тартқаны мәлім болды. Сондықтан оны "Көшпелілер олимпиадасы" жобасының авторы – Қырғызстанның өзіне өткізуге тура келмек. Онсыз жоба тоқырап, жабылып қалуы мүмкін.
Бұл ақпаратты қырғыз елінің Мәдениет, ақпарат, спорт және жастар саясаты министрі Алтынбек Мақсұтов хабарлады. Өзбекстан күтпеген жерден, 2026 жылы ұйымдастырылады деп жоспарланған келесі Дүниежүзілік көшпелілер ойындарын өзінде қабылдамайтын болды. Салдарынан, ДКО-2026 Отанына кері оралады.
"Мен Көшпенділер ойындарының үйге оралатынын хабарлағым келеді. Тиісінше, VI Дүниежүзілік Көшпелілер ойындары Қырғызстанда өтеді", – деген министр сайыстарда қырғыз спортшыларының жоғары деңгейде өнер көрсетіп жатқанын сөз етті.
Бұған дейін бастама авторы ретінде Қырғыз Республикасы ДКО-ны 3 рет өткізді. Тұңғыш рет номад ойындары 2014 жылы өмірге жолдама алған болатын. Екі жылда бір өтетін жаһандық бұл жарысты 2022 жылы Түркия ұйымдастырды. 2024 жылы Қазақстан өткізіп жатыр.
Бұған дейін Қырғызстан Президентінің әкімшілігі ел басшылығының шешімімен келесі Дүниежүзілік көшпелілер ойындарын өткізу құқығы бауырлас Өзбекстанға берілгенін мәлімдеген болатын.
Өзбекстан бұл құқықты қабылдады, бірақ сарапшылар оған қызу дайындыққа кіріспегеніне, тек спортқа жауапты өзбек шенеуніктері қырғыз делегациясымен бір-екі рет кездескеніне назар аудартады.
8 қыркүйекте Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев Астанаға арнайы келіп, "Астана-Аренадағы" V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының ашылу салтанатына өзі қатысты. Өзбек әріптестеріміз Шавкат Мирзиёевтің іс басындағы екі Президентпен және екі экс-президентпен бірге Астанада қонақтап қалмай, ашылу салтанаты аяқтала сала Ташкентке кері ұшып кеткенін жазды. Мұны өзбек Мемлекет басшысының баспасөз қызметі де растады.
Ашылу салтанатына одан басқа, Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев, Қырғызстан Президенті Садыр Жапаров, Түрікменстанның бұрынғы Президенті, қазіргі Халк Маслахатының төрағасы Гурбангулы Бердымухамедов, Татарстан раисі (бұрынғы президенті) Рустам Минниханов және басқа да шетелдік қонақтар қатысты.
Көрермендерге Ұлы дала елінің бай мәдениетіне, терең тарихына, жаһандық өркениетке қосқан ұлы жетістіктеріне, көшпелі халықтардың ізгі салт-дәстүріне арналған заманауи, тамаша театрландырылған қойылым паш етілді.
Бұл V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарына әлемнің 89 елінен 2 мыңнан астам спортшысы қатысты. Өзбекстан өкілдері күрес-кураш, алыш, арқан тарту, садақ ату, бәйге, палуандар сайысы сияқты бірнеше спорт түрінен бақ сынады.
Ойындардың 5-ші күнінің медальдік есебінде Өзбекстан құрамасы 11 алтын, 12 күміс, 9 қола медальмен, жиынтығында 32 медальмен Қазақстаннан кейінгі екінші орынға көтерілді.
ДКО бастамасының негізін қалаушы саналатын Қырғызстан 10 алтын, 13 күміс және 15 қоламен, жиынтығында 38 медальмен үштікті тұйықтады. Ондыққа Ресей, Иран, Венгрия, Түрікменстан, Польша, Румыния және Түркия кірді.
Өзбекстан тарапы Дүниежүзілік көшпелілер ойындарынан неге бас тартқанына қатысты ресми түсініктеме бермеді. Өзбекстандық тәуелсіз сарапшы Олег Голишниковтің пікірінше, Қазақстан бұл ойындарды тым қымбат етіп жіберді.
"ДКО – Еуразия халықтарының мәдени мұрасын, көшпенділердің дәстүрлі спорт түрлерін сақтап, насихаттауға арналған бірегей іс-шара. Сондықтан да ол ЮНЕСКО-ның мәдени мұралары тізіміне қосылған. Мысалы, 2016 жылы Қырғызстанда өткен екінші ойындарда 1 мың қомузшы күй орындап, бұл рекорд Гиннесс кітабына енді. Бірақ ойындар даңқ таласына айналып кеткендей. 2018 жылғы Қырғызстандағы соңғы ойындар 303,1 миллион сомға түсті. Бұл сол кездегі бағаммен шамамен 4,3 млн доллардай (1,7 млрд теңгедей). Ал, Қазақстан 8 миллиард теңгедей жұмсапты. Халықаралық жарыстың туризмді дамытатыны айтылды, бірақ Астанада саяхатшылардың қалың нөпірін байқамадым", – дейді өзбек сарапшысы.
Сөзге тартқан волонтерлер де ДКО жарыстарында шетелдік түгіл, тіпті жергілікті көрермендердің аздығын жасырмады. Бәлкім, бұған елорданың суықтау ауа райы да әсер еткен болар? Астанада ауа температурасы таңертең 11-15 градус қана қызады. Жылы киінбеген жан жаурайды. Содан жанкүйерлік жасап, қолдау көрсетіп, дауыс шығарып тұру еріктілерден сұралыпты.
V Дүниежүзілік көшпелілер ойындарының 8 миллиард теңгеге (шамамен 16,7 миллион долларға) түскенін ұйымдастырушылар хабарлады.
"Бұл ойындардың операциялық бюджеті, яғни республикалық бюджеттен алынғаны – 5,7 миллиард теңгені құрайды. Ия, бұл – өте үлкен қаржы. Бірақ еске сала кетейін: Астанада 2011 жылы өткен VII қысқы Азиаданың бюджеті бұдан 20 есе көп болған. 2017 жылы Алматыда өткен Универсиаданың бюджеті 5 есе көп болды. Бұған серіктестеріміз бен демеушілеріміз салған қаражаттар қосылады. Сонда бұл ойындардың жалпы операциялық бюджеті шамамен 8 миллиард теңгені құрайды", – деді ДКО дайындау және өткізу жөніндегі дирекциясының басшысы Наиль Нуров.
Бұл жерде Азия ойындары мен Универсиада үшін Астана мен Алматыда жаңа спорт кешендері тұрғызылғанын ұмытпаған жөн, бюджетінің артуына солар да ықпал етті. Ал, биылғы ДКО үшін жаңа спорт сарайлары салынған жоқ. Ашық "Қазанат" ипподромында реконструкция жүргізілген.
Дирекцияның мәліметінше, халықаралық стандарттарға сәйкес атшабардағы шабыс алаңы 200 метрге ұзартылған және ендігі 7 метрге дейін кеңейтілген. Аттарды түрлі ауруға диагностикалауға және қалпына келтіруге қызмет ететін жаңа зертхана құрылған.
"Алау" мұз сарайында, "Астана Арена" футбол стадионында жаңғыртулар жүргізілген. Соңғысының ішкі инфрақұрылымы, трибуналары, футбол алаңы жаңартылды. Көшпелілер ойынын қалқан етіп, футболистер үшін соңғы буындағы қымбат газон төселіпті.
Бюджеттің үлкен бір бөлігі Этноауылды киізүйлермен, басқасымен жабдықтауға кеткен көрінеді.
Қазақстан ДКО-ны имидждік жоба ретінде қарастырды. Сондықтан оған мейлінше көп мемлекетті қатыстыруға, қатысушы елдер географиясын барынша кеңейтуге тырысты. Кейбір елдердің қатысуы қазақстандық бюджеттен қаржыландырылған деген пікір бар. Бұл ойындарға тұңғыш рет Ирландия, Венесуэла, Лаос, Гамбия (Африка) қатысты. Қазақстаннан ең алыс орналасқан ел – Австралиядан да спортшы шақырылды.
Осылайша, Қазақстан "барлық континенттерден өкілдер қатысып отыр" деп мақтана алды. Бірақ ойындар басталып кеткен кезде, мәлімделген кейбір елдің спортшылары Қазақстанға келмеген. Салдарынан, ашылу салтанатында олардың туын волонтерлер көтеріп, алып өтті.
Ойындардың билеттерін ресми өткізуші Zakazbiletov порталының дерегінше, ДКО-ның аяқталып қалғанына қарамастан, бәйге, ашыртмалы аба гүреші, ордо, корэш, дәстүрлі садақ ату, теңге ілу, құсбегілік және басқа спорт түрлері бойынша билеттер қалған.
Осының бәрін көріп, білген Өзбекстан Дүниежүзілік көшпелілер ойындарын өткізуден бас тартуы мүмкін.