Ташкент қаласында өткен FIFA Series 2026 турнирінің финалдық матчында Өзбекстан құрамасы Венесуэла командасымен кездесті.
Негізгі уақыт барысында қос команда да бірнеше қауіпті сәттер жасағанымен, есеп ашылған жоқ – 0:0. Ойын тағдыры пенальти сериясында шешілді.
Шешуші сәтте өзбекстандық футболшылар мергендік танытып, 5:4 есебімен жеңіске жетті. Матчтың басты кейіпкері қақпашы Абдувохит Неъматов болды. Ол қарсылас ойыншының бір соққысын қайтарып, командасына жеңіс сыйлады.
Осылайша, Өзбекстан құрамасы FIFA Series 2026 турнирінің жеңімпазы атанды.
Айта кетейік, турнирдің тағы бір матчында Габон мен Тринидад және Тобаго құрамалары 2:2 есебімен тең ойнады. Пенальти сериясында Габон құрамасы 3:2 есебімен басым түсіп, қола жүлдеге ие болды.