Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 1 млрд доллардан асты

3516

Әзірге экспорттың үлесі басым.  

Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 1 млрд доллардан асты

2021 жылдың қаңтар-сәуір айларында ғана тауар айналымы 1,2 млрд долларды құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңінің көрсеткішінен 41,3%-ға жоғары (0,8 млрд доллар). Экспорт 54%-ға өсіп, 899,2 млн доллар болды.  Импорт 11%-ға артып, 272,0 млн долларға жеткен, деп хабарлайды Inbusiness.kz.

Бұл туралы Қазақстанның Сауда және интеграция министрі Бақыт Сұлтанов Өзбекстанның Инвестициялар және сыртқы сауда министрінің орынбасары Бадриддин Абидовпен кездесуінде айтты.

Сауда және интегарция министрлігінің Inbusiness.kz сайтына берген мәліметін сүйенсек, жыл басынан бері Өзбекстан импортқа салынатын акциздерді алып тастаған болатын.  Соның арқасында  4 айда Қазақстан 85 түрлі акцизді тауар кіргізіп, 50,3 млн доллар пайда тапқан. Бұл былтырғы кезеңмен салыстырғанда 74,3% жоғары. 

Экспорттағы өсім негізінен астық саудасына қатысты. 4 айда Өзбекстанға 203,5 млн доллардың бидайы сатылған(+45,3%). Сондай-ақ, мыс кені мен концентраттарының экспортынан - 52,7 млн доллар,  қоспалы болаттың жартылай фабрикаттарынан  - 78,3 млн доллар, мұнай өнімдерінен - 38,8 млн доллар, тірі ірі қара мал саудасынан - 24,5 млн доллар, болат илегінен - 22,6 млн доллар кіріс түскен.

Дегенмен, шикі мұнай экспорты  68,9%, өңделмеген алюминий экспорты 83,6%, жеңіл автомобильдер экспорты 83,8%, аралас минералды тыңайтқыштар экспорты 49,6%, табиғи газ экспорты 94,9%-ға төмендеген.

 

​Жыл басынан бері Өзбекстаннан Қазақстанға келген импорт 11% - ға өсіп, 272,0 млн доллар болған.

Әсіресе мына тауарлардың импорт артқан: жеңіл автомобильдерге - 101,1 млн доллар, ыстықтай илектелген қоспаланған болат шыбықтарға - 10,8 млн доллар, кептірілген жемістер мен қоспаларына - 8,0 млн доллар, кірпіш пен қыш бұйымдарға - 5,2 млн доллар, жылтыратылмаған керамикалық плитаға - 4,2 млн доллар, тоңазытқыштарға - 3,4 млн  доллар, тұрмыстық және өзге де электрлі аспаптарға - 4,5 млн доллар шығындаған.

Дей тұрғанмен,  табиғи газ импорты 100%-ға,  өңделмеген мырыш импорты - 100%-ға, жүзім импорты - 79,5%-ға,  этилен полимері - 31,2%-ға, кептірілген көкөністер - 97,3%-ға түскен.

Ал 2020 жылы Қазақстан мен Өзбекстан арасындағы тауар айналымы 12 айдың ішінде 2,9 млрд болған еді. Пандемия кесірінен сауда айналымы 2019 жылғы көрсеткіштен 14,6%-ға азайға болатын.

 Қазақстан негізінен бидай (600 млн доллар), шикі мұнай (131,8 млн доллар) қоспалыболаттан жасалған жартылай фабрикаттар (122,2 млн доллар), жеңіл автомобильдер (96,8 млн доллар) қара бидай ұны (85,8 млн доллар), өңделмеген алюминий (77,9 млн доллар), легирленбеген болаттан жасалған илек (68,5 млн доллар), цемент (67,4 млнт доллар), мұнай өнімдері (48,7 млн доллар) экспорттаған. Ал Өзбекстан негізінен жеңіл автомобильдер (165,7 млн доллар), өрік, шие, қызыл шие, шабдалы, қара өрік (51,6 млн доллар), табиғи газ (49,3 млн доллар), жаңа піскен немесе кептірілген жүзім (39,8 млн доллар), этилен полимерлері (39 млн доллар), қызанақ (24,4 млн доллар), балғын жемістер (23,5 млн доллар), металл күлі мен қалдықтар (17,5 млн доллар) экспорттаған.

Есжан Ботақара


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз ! 

 

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу