Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігі Өзбекстан мен Ресейге қатынайтын жолдарды ақылы ету туралы бұйрықтардың жобасын жариялады,– деп хабарлайды Inbusiness.kz.
Бірінші бұйрықта Шымкент-Ташкент арасын жалғап жатқан жолдың шекараға дейінгі 84 шақырымы ақылы болатыны көрсетілген. Нақтырақ айтсақ, Өзбекстан шекарасы – Шымкент – Тараз – Алматы – Қорғас Көкпек, Көктал, Қайнар арқылы (ҚР шекарасына кіреберістермен және Тараз, Құлан, Қордай асуы) айналма жолдарының 719– 803 шақырымдар арасындағы учаскесі ақылы негізде пайдаланылады.
Құжатта ақылы жолмен жүргісі келмегендерге балама нұсқа ұсынылатыны айтылған.
Яғни, ақылы жолға ақша шығындағысы келмегендер Шымкент–Бадам–Маятас –Сұлтанрабат – Первомаевка – Жаңабазар – Сынтас – Қарабау – Шарбұлақ – Қазығұрт – Қызылқия – Ыраталы - Дербісек-Жібек Жолы-Өзбекстан шекарасы бағыты бойынша ақысыз жета алады.
Екінші бұйрықта ІI санатты Орал – Саратов бағытындағы республикалық маңыздағы жолдың Ресей шекарасына дейінгі 100 шақырымын ақылы ету жүктелген. Нақтырақ айтсақ, Орал – Каменка – Ресей шекарасы маршрутының 4-103 шақырым аралығында көлік қозғалысы ақылы болмақ. Оған балама жол – Орал – Чапаев –Жалпақтал – Казталовка – Жәнібек – Ресей шекарасы (Палласовкаға дейін) бағытындағы облыстық маңызы бар жол.
Үшінші бұйрық бойынша, Орал –Самар бағытындағы республикалық маңызы бар ІI санатты жолдың шекараға дейінгі 55 шақырым ақылы болады. Нақтырақ айтсақ, маршурттың 195-250 шақырым аралығына ақы төлеп жүру керек болады. Балама жол – Орал – Достық – Ресей Федерациясының шекарасы (Озерноеға дейін) бағытындағы облыстық маңыздағы жол.
Төртінші бұйрық бойынша, Ақтөбе – Орынбор бағытындағы республикалық маңызы бар II санатты жолдың 92 шақырымы ақылы болмақ. Нақтырақ айтсақ, Ақтөбе – Мартүк – Ресей Федерециясының шекарасы маршрутының 7,3-99 шақырым аралығы ақылы негізде қызметке көшеді. Балама жол – Ақтөбе –Ор бағытындағы облыстық маңызы бар трасса.
Алайда бұйрықтарда аталмыш жолдардың төлем ставкасы қанша болатыны нақтыланбаған. Тек ақылы негізде пайдалану мерзімі 20 жыл деп белгіленген.
"Бұйрықтар алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі",– деп жазылған құжатта.
Есжан Ботақара