Өзбекстан өмірлік маңызды салада Қазақстанды басып озды

109

Көршілерде – болашақтың футуристік дрон-бағбандары бақша өсіруде, бізде – стрестен сексеуіл солып жатыр. 

Өзбекстан өмірлік маңызды салада Қазақстанды басып озды Фото: canva

Үкімет Астананы дүбірлетер аймақтық саммитке қызу дайындалып жатқанда, жұрт көзінен тасада, Арал теңізінің құрғаған табанында құм мен тұзды құрықтап, ырыққа көндіру үшін арпалыс жүруде. Бұл шайқаста проблеманы әлемге айғайлай айтқандар емес, оны жүйелі түрде шешуді үйренгендер жеңіске жетеді. Жақсының жақсылығын айт деген, Өзбекстан "үнсіз жүріп, үйдей іс тындырудың" үлгісін көрсетіпті.

22-24 сәуір аралығында елордамыз экологиялық дипломатияның орталығына айналады. Қазақстан алғаш рет Өңірлік экологиялық саммитті (ӨЭС–2026) қабылдайды. Бұл шараға қатысушылар тізімінің өзі тамсандырады: БҰҰ, ЭЫДҰ, ХЭА, Дүниежүзілік банк, ЕҚДБ, Азия даму банкі, ХЖЭА, IWMI, SWITCH-Asia.

Саммиттің мемлекет басшылары, сарапшылар мен халықаралық ұйымдар жетекшілері үшін тартылыс нүктесіне айналатыны мәлімделді: олар бір алаңда бас қосып, экология мен су ресурстарын басқарудың өзекті мәселелерін талқылайды және сөз сапырып қана қоймай, негізгі мәселелер бойынша нақты келісімдерге қол жеткізетін көрінеді.

Болжам бойынша өңірлік апаттың мәңгілік символы – Аралдың тағдыры да талқыға салынуға тиіс. Ұйымдастырушылар кездесулердің қорытындысында Орталық Азия елдерінің президенттері Бірлескен декларацияға қол қояды деп жоспарлап отыр.

ӨЭС-ті БҰҰ-мен серіктестікте өткізу бастамасын Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев алғаш рет БҰҰ Бас Ассамблеясының 78-сессиясында сонау 2023 жылы ұсынған еді.

Түсінік пен технология: көршінің көші ілгері

Арал теңізінің шамамен 6 миллион гектар "кепкен" табаны – бүгінде екі елдің экологиялық жауапкершілігі мен технологиялық әлеуеті сыналатын алып полигон. "Бұрынғы теңіздің" 3,2 млн гектары Өзбекстанда орналасқан. Соның ішінде орман егуге бөлінген 2,5 млн гектарының ішінен 2 миллионын Ташкент қазірдің өзінде "жасылдандырып" үлгерді. Өткен ғасырда толқын шалқыған жерде бүгінде жаңа орман алқаптары "жайқалуда". Бұл жай ғана статистика емес, жүйеліліктің жарқын жеңісі.

Өз-ағамыздың қолданып жатқан технологиялары – бөлек эпопея. Жылына небәрі 90 мм жауын-шашын түсетін экстремалды жағдай қарапайым көшет үшін өлім жазасымен тең. Сондықтан Өзбекстан инновацияға ден қойып, аймақта алғашқы болып жаңа әдісті қолданды.

Ол аграрлық дрондарды іске жегіп, сол арқылы шөл даланы аспаннан арнайы биоыдырайтын құнарлы капсулаларға тығылған тұқымдармен жаппай атқылауда. Осындай әрбір дөңгелек "оқ" қоректік заттарға толы: соның арқасында оның ішіндегі ағаш тұқымы агрессивті ортадан қорғалады, өсіп-өнуіне мүмкіндік береді.

Бұл – өсімдікке өсудің бастапқы кезеңінде тұзды "тозақта" аман қалуға мүмкіндік беретін тұтас микроәлем. Бұрын қолмен, көлікпен көшет отырғызып келген Қазақстан да енді көршінің осы тәжірибесін игеруде.

Оңтүстік көршіде бұл процеске ТЖМ мен Мемлекеттік орман шаруашылығы комитетінің күштері көп жылдан бері белсенді жұмылуда: жүздеген мың гектар аумақ әуеден (аэросебу) және механикаландырылған әдістерді қолдану арқылы егіліп жатыр.

Қазақстаннан айырмашылығы, Өзбекстан тек ауқымға ғана емес, сонымен қатар әралуандылыққа да мән береді. Олардың Арал табанына егіп жатқан ағаш-бұталарының "ассортименті" қайран қалдырады.

ӨР сексеуіл, жыңғыл, атриплекс, қандым, қарабарақ, теріскен және басқа да тұз бен құрғақшылыққа аса төзімді өсімдіктерден тұтас "жасыл қалқан" қалыптастыруда. Осы табиғи тосқауылдар улы тұз бен шаңның желмен бірге ұшып, мыңдаған шақырымға таралуын тежейді. Онымен шектелмей, топырақтан артық тұзды сорып алып, оны біртіндеп ауыл шаруашылығына жарамды күйге келтіреді!

Тағы бір назар аударарлық жайт: Германияның және өзге халықаралық қорлардың қолдауымен жүзеге асырылып жатқан өзбекстандық "Арал теңізіндегі менің бағым!" атты жобасы қызығушылық туғызады.

Оның аясында бұрынғы теңіз табанына сәндік-декоративті және жеміс-жидекті ағаштардың 17 түрі егілуде. Дарақтар саны қазірдің өзінде мыңдап саналады. Еуропаның қолдауымен бұл жоба жергілікті акциядан енді Өзбекстанның халықаралық брендіне айналды.

Оған Еуропалық Одақ көмекке келді: ЕО Арал өңірінің инновациялық орталығымен шартқа қол қойылғалы бастама халықаралық мәртебе алды. Акциялардың бірінде Мойнақтағы туристерді тартатын символдық "кемелер зиратының" айналасында 27 мың ағаштан тұратын бақ жасалды. Жасыл аймақтың ауданы 14,5 гектарға дейін кеңейтілді.

Көршінің технологиялық серпіні жер жарған ұраннан нақты ғылым мен жасампаз инновацияның әлдеқайда өнімді екенін көрсетсе керек.

Қазақстандық қалып: ауқым бар, нәтижесі... талқылануда

Арал табанын көгалдандыру жөнінен Қазақстан Өзбекстаннан көп қалып келеді. Бір жағынан, кеш бастады, екінші жағынан, жауапты тұлғалар көпке дейін істің қырын таба алмапты.

"Орман саясатының маңызды бағыты – Арал өңірі мен Каспий маңындағы шөлейттенумен күрес. 2021 жылдан 2025 жылға дейін Арал теңізінің құрғаған табанында 1 млн га аумақта орман-мелиорациялық жұмыстар жүргізілді. Жұмыстар 2026 жылы да жалғасады", – деп хабарлады ҚР Экология және табиғи ресурстар министрлігі.

Арал проблемасының қазақстандық бөлігінің ауқымы зор: теңіздің сау қалған суының үлкен бөлігі өзбек тарапында қалды, құрғаған табанның 2,8 млн гектары Қазақстанда орналасқан.

Министрліктің мәліметінше, 2021 жылдан 2024 жылға дейін "Арал теңізінің құрғаған табанында" (АТҚТ) небәрі 672 мың гектар алқапта ғана орман-мелиорациялық жұмыстар орындалыпты. 2 083,4 тонна сексеуіл/галофитті өсімдіктер тұқымы себілді және 48,7 млн дана сексеуіл көшеті отырғызылды, оның ішінде:

• 2021 жылы – 101 мың га;

• 2022 жылы – 250 мың га;

• 2023 жылы – 194 мың га;

• 2024 жылы – 127 мың га қамтылыпты.

Яғни, ауыз толтырып айтуға келмейді. Жұмыс тек 2025 жылы ғана ауқым мен қарқын алды. Дегенмен, былтыр да іркілістерден және күйзелістен құтылмапты. 2025 жылы АТҚТ-да 340,9 мың гектар алқапта орман-мелиорациялық жұмыстарды жүргізу жоспарланған болатын. Бірақ Экология вице-министрі Нұркен Шәрбиевтің мәліметінше, іс жүзінде жұмыстар тек 328 мың гектарда жүргізілген. Қалған көлем амалсыз 2026 жылға ауыстырылды.

Сонымен қатар, ілгері басқан аяғы кері кеткен жері де жоқ емес: 13 мың 250 гектардан астам алқапта көшеттер стреске шыдамай, өнбей, жаппай қурап қалыпты. Лажсыздан, 2025 жылдың көктемінде бұл учаскелерге тағы 4 миллион өсімдік жұмсап, қайтадан егуге тура келді. Қураған көшетпен бірге қазынаның қаржысы құмға сіңгендей жоқ болды.

Бұл Премьер-министр Олжас Бектеновтің осы істі ащы сынауына себеп болды. Биылғы 20 наурызда "Таза Қазақстан" бастамасын іске асыруды мониторингтеу орталығының отырысын өткізген Үкімет басшысы тек мәлімделген жоспарларды жай орындаумен шектелмей, сонымен қатар екпелердің жоғары деңгейде жерсінуін қамтамасыз ету қажеттігін меморгандар басшылары мен әкімдердің құлағына құйды.

Осыған байланысты Экология министрлігіне әкімдіктермен тізе қосып, көшеттердің жерсінуін міндетті түрде бақылау, биылға жоспарланған отырғызу көлемдерінің іске асырылуын қамтамасыз ету тапсырылды.

Сондай-ақ, Премьер Президенттің Цифрландыру және ЖИ жылын жариялағанын ескере отырып, Аралды жасылдандыруға цифрлық шешімдерді – Жерді қашықтықтан зондтауды, дрондарды және жасанды интеллект элементтерін белсендірек енгізуді жүктеді.

Бектенов 2026 жылдың сәуір айының соңына дейін Қызылорда және Түркістан облыстарында Арал теңізінің құрғаған табанының 165 мың га аумағында орман-мелиорациялық жұмыстарды аяқтауға міндеттеді.

Қазақстан бұл істі жүйелі ғылыми сүйемелдеумен тек қазір ғана шындап айналыса бастағандай: Қазақ орман шаруашылығы және агроорманмелиорация ғылыми-зерттеу институтының (ҚазОШАҒЗИ) Қызылорда облысындағы филиалы таяуда ғана ашылды.

Отырғызу материалымен жабдықтау үшін шаралар қабылдануда. Дүниежүзілік банк қаржыландыратын жоба аясында Қазалы қаласында жалпы ауданы 33 гектарды алып жатқан жаңа тұқымбақтың құрылысы аяқталды. Мұнда жыл сайын 3 миллион данаға дейін сексеуіл көшеттері мен галофитті бұталар өсіру жоспарлануда.

Бұған қоса, тікелей теңіз табанында жаңа тұқымбақтың құрылысы жүргізіліп жатыр. Онда өсірілген өсімдіктер әу бастан қатал аридті жағдайларға бейімделеді. Демек, жақсырақ жерсініп, тұрақты нәтиже береді деп болжануда.

Бұл стратегияның қорытынды элементі ірі табиғат қорғау кластерін құру болуға тиіс. Орман екпелерін тұрақты қорғау, биоалуандылықты сақтау және дамыту үшін Экология министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитетіне бағынатын, ауданы 1,3 млн гектардан асатын "Арал орманы" мемлекеттік орман табиғи резерватын құру аяқталу сатысына шығыпты.

Экология – шешімдер сапасының айнасы

Саммит қарсаңында Премьер-министр Олжас Бектенов Аралды құтқару халықаралық қорының (АҚХҚ) басқарма мүшелерімен кездесу өткізді. Бұл ұйымдағы Қазақстанның төрағалығы 2026 жылы аяқталады. Өңірлік экологиялық саммит аясында, 22 сәуірде АҚХҚ Құрылтайшы Мемлекеттері басшылары кеңесінің отырысы да өтеді.

Бірақ жеткен межені атап өтуге, тоқмейілсіп той тойлауға еш негіз жоқ. Үлкен қиындықтар енді басталып жатқандай.

Өңір 2026 жылғы вегетациялық маусымды "су тапшылығы" жағдайында қарсы алуда. Алаңдатарлық динамика маусымаралық кезеңде-ақ байқалды: Арал басқа жылдарға қарағанда едәуір аз су алды.

Мемлекетаралық су шаруашылығын үйлестіру комиссиясының мәліметінше, Әмудария атырабы мен Арал теңізіне бұрын жоспарланған 1 400 млн м3 су орнына небәрі 935 млн текше метрі жеткен. Бұл қажетті көлемнің үштен екісіне жетер-жетпесі ғана.

Егер жағдай осылай жалғаса берсе, шөл аумағы тез өсіп, қос ел сексеуіл егіп үлгермейді. Сондықтан ҚР Үкімет басшысы Орталық Азия елдерінде су ресурстарын есепке алу мен басқаруды цифрландыру қажеттілігіне назар аударды.

Оның байламынша, әңгіме Сырдария мен Әмудария бассейндеріне түсетін судың қалай шығындалатынын мониторингтеудің, есепке алудың және әділетті бөлудің бірыңғай автоматтандырылған жүйесін кезең-кезеңімен енгізу туралы болып отыр.

Бұған бірінші кезекте Қазақстан мүдделі. Өйткені Қырғызстан мен Тәжікстан – қайнардың бастауында, Өзбекстан – ортасында, Қазақстан – аяғында отыр. Ең қатты зардап шегетіні, сусырайтыны да – Қазақстан.

Ал, өз кезегінде, ұлттық деңгейде Қазақстан не істеуде? Дүниежүзілік банкпен бірлесе әзірленген Солтүстік Арал теңізін сақтау жобасының ІІ кезеңі бойынша жұмыс жалғасуда. Жобаның негізгі элементі – Көкарал бөгетін реконструкциялау. Бұл Солтүстік Аралдағы су деңгейін Балтық жүйесі бойынша 44 метрге дейін көтеруге мүмкіндік беретіні мәлімделді.

Жоба табысты жүзеге асырылған жағдайда Аралдың қазақстандық бөлігіндегі айдынының ауданы 3 913 шаршы шақырымға дейін кеңеюі, ал, су көлемі 34 млрд текше метрге дейін ұлғаюы мүмкін.

Алайда мұнда бір гәп бар. Егер Сырдария мен Әмудариядан келетін су ағыны ары қарай азая берсе, бұл жоспарлардың барлығы адыра қалады. Онда болашақта Солтүстік Арал толық құрғап қалуы ғажап емес.

Оның үстіне Қазақстан бес жылдан бері жыр болып келе жатқан алып жобаны қаржыландыру мәселесін әлі күнге шешпепті. Су ресурстары және ирригация бірінші вице-министрі Нұрлан Алдамжаров журналистерге жобаның ІІ кезеңін қаржыландыру көздері әлі анықталмағанын хабарлады: тиісті шешімдер таяу арада күтілуде.

Аймақтың ынтымақтастығы ақ дастарқан басындағы қауқылдаған әңгіме емес, ортақ ресурсты әділетті бөлудің нақты тетігі болса, құп. Аралдың құмында өнген әрбір көшет – ертеңгі ұрпақтың тынысы. Табиғат қорғауды жаңа Ата заңында бекіткен Қазақстанда жауапты мекемелердің жоспарды жылдан-жылға ысыруы – мемлекет пен ұрпақ алдындағы жауапсыздық.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу