Өзбекстан жаңа астана салатын болды

41419

Жаңа Ташкент ТМД бойынша Мәскеуден кейінгі ең ірі астанаға айналмақ. Онда кем дегенде 7,5 миллион адам тұрады.

Өзбекстан жаңа астана салатын болды Фото: © ГУП "Тошкентбошплан"

Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёевтің назарына Ташкенттің 2045 жылға дейінгі жаңа бас жоспарының жобасы ұсынылды. Қала аумағы 3 аймаққа бөлінеді: консервациялау, реконструкциялау және реновациялау. Жаңа құжатта экология мәселелері ескерілген. Ташкент, жаңа астана мен Ташкент облысы бірыңғай агломерация ретінде дамытылады.

"15 минуттік қала" қағидаты аясында тұрғындарға керектінің бәрі жақын жерде болады. Әр ауданда төл, ірі сауда ойын-сауық орталықтары орналасады. Қала құрылысының заманауи талаптарына сай, балабақша, мектептер, ауруханалар, сауда объектілері, қызмет көрсету нысандары және басқасы жаяу немесе велосипедпен 15 минутта баратындай жақын жерде орын тебуі қажет. Қоғамдық көлік желісі кеңейтіледі, аялдамалар мен көлік тораптарының саны арттырылады. Жаңа жолдар, жол айырықтары салынып, метробустың бағыттары ұйымдастырылады.

Айта кету керек, қазіргі өзбек астанасының территориясы бүгінде 43 822 гектарды құрайды және қаланың өзінде 3 миллионнан астам адам тұрады.

Ташкенттің жаңа бас жоспарының алғашқы жобасы Мемлекет басшысының қарауына 2022 жылы ұсынылған еді. Алайда онысы шикі болып шықты және Мирзиёевке ұнамады. Жобаны жетілдіру жұмысына Сингапур, Ұлыбритания, Түркия, Германия, Қытай, БАӘ, Оңтүстік Корея және Нидерланд компаниялары тартылды.

Соның нәтижесінде, жаңа жобаға сәйкес, консервациялау аймағында жаңа құрылыс доғарылады. Бұл шаһардың тарихи орталығындағы мәдени мұра объектілерін, тарихи орындарды сақтау үшін қажет.

Реконструкциялау аймағы аясында кеңестік "сәулет туындылары", ескі ғимараттар қалпына келтіріледі, мастер-пландар негізінде кейбірі сүріліп, қосымша құрылыстарға жол ашылады.  

Реновациялау аймағында кеңес заманында қаптап салынған көпқабатты, көнерген тұрғын үйлер мен ғимараттар күресінге жіберіледі. Орнына жаңа тұрғын үй кешендері, әлеуметтік және басқа нысандар салынады.

Құжат Ташкенттің экологиялық проблемаларын жасыруға емес, тауып шешуге бағытталған. Ол оны одан сайын жасыл қалаға айналдырады. Ағаштардың көптігіне қарамастан, соңғы 10 жылда Ташкенттің орташа ауа температурасы 1 градус Цельсийге көтерілген. Кейбір күндері атмосферадағы ластаушы заттар деңгейі нормадан асып кетеді. Қалада автомобильдер саны күн сайын артуда. Жол қозғалысы кептеліске жиі ұшырайды.

Сондықтан қазіргі астанада ғасыр ортасына дейін жасыл аймақтардың ауданы қазіргіден 3 есеге ұлғайтылып, 25 мың гектарға жеткізіледі. Осының арқасында жан басына шаққанда жасыл желектердің ауданы қазіргі 3-тен 6 шаршы метрге дейін өседі.

Сондай-ақ әңгіме Өзбекстанның жаңа астанасын тұрғызу туралы болып отыр. Ол "Жаңа Ташкент" деген шартты атауға ие, болашақта басқаша аталуы да мүмкін.

Өзбекстан Президентінің қаулысында айтылғандай, "Жаңа Ташкент" Бас жоспарын әзірлеуге әлемдік атағы бар архитектуралық бюролар тартылуда. Олардың арасында сингапурлық Meinhardt, белгілі сәулетші Норман Фостер негізін қалаған британдық Foster+Partners және нидерландтық OMA бар.

"Жаңа Ташкенттің" бас жоспарының бірінші кезеңін жүзеге асыруға инвесторлардың қаражатын қоспағанда, мемлекеттен шамамен 1 миллиард доллар қажет етіледі.

"Газета.uz" жазғандай, заманауи жаңа мегаполис қазіргі астанадан шығысқа қарай, Шыршық және Қарасу өзендерінің ортасында бой көтермек. "Жаңа Ташкент" толығымен "ақылды қала" тұжырымдамасымен тұрғызылуы шарт. Ескі және жаңа Ташкентті қоса алғанда, бұл өңірде 7,5 миллион тұрғын тұрады деп жоспарланған.

Мемлекеттік кадастрлар палатасының Ташкент облыстық басқармасының дерегінше, жаңа шаһарға Ташкент облысының екі – Юкори Чирчик (Жоғары Шыршық) және Урта Чирчик (Орта Шыршық) аудандарынан 20 мың гектар жер бөлінеді. Алғашқы ғимараттардың іргесі қаланды: "Жаңа Ташкенттің" құрылысын Президенттің өзі капсула қалап, 2023 жылғы 18 наурызда бастап берген болатын.

Былтырғы 20 шілдеде Шавкат Мирзиёев жаңа қаланың құрылыс шаралары туралы қаулыға қол қойды. Премьер-министрдің өзі басқаратын үйлестіру кеңесі құрылды. Қала салу жөніндегі жеке дирекция ұйымдастырылды. Үкімет басшысының "Жаңа Ташкент" жобасына ғана жауап беретін жеке орынбасары лауазымы енгізілді.

Жаңа қала бастапқыда 1 миллион адамды сидырады. Жаңа астанаға билік органдары – соның ішінде Президент Әкімшілігі, Үкімет, барлық дерлік министрліктер көшіріледі, олар үшін әкімшілік ғимараттар салынады. "Жаңа Ташкентке" жоғарғы оқу орындары, ғылыми институттар және басқасы да қоныс аудармақ.

Бірақ жаңа шаһар зәулім ғимараттардан құралған "бетон мен шыны қаласы" болмайды. Шавкат Мирзиёев "Жаңа Ташкентті" "бақша-қалаға" айналдыруды тапсырды.

"Онда экологиялылыққа, жайлылыққа және энергиялық тиімділікке екпін түсіріледі. Жаңа қаланың компоненттерінің жобасын шетелдік үздік 20 компания әзірлеп жатыр. Бізде адамдар бірінші орында тұруға тиіс", – деді Өзбекстан Президенті.

Президенттің баспасөз қызметінің хабарлауынша, жаңа шаһар тікелей Мемлекет басшысының бастамасымен, қазіргі астанадан аулақтау жерде тұрғызылады және ол "архитектураның барлық заманауи жетістіктеріне" негізделеді.  

Жыл сайын астанада кем дегенде 20 мың пәтер, 40-тан астам мектеп, балабақшалар, емханалар және басқасын салуға деген қажеттілік бар. Өзбекстанда қарқынды жүріп жатқан урбанизацияны ескергенде, таяу жылдары бұл өңірдің қалалық тұрғындарының саны еселенуі мүмкін.

"Бұл жобада экологияға, жайлылыққа, қуат тиімділігіне ерекше көңіл бөлінеді. Халықтың экономикалық және әлеуметтік белсенді тіршілік қызметінің өзара үйлесімі қамтамасыз етіледі. Ташкент пен Жаңа Ташкенттің көлік коммуникацияларының өзара ұтымды байланысуына мән беріледі. Жаңа Ташкент толығымен ақылды қала және "бақша-қала" болады", – деді Құрылыс министрінің орынбасары – Жаңа Ташкентті салу жөніндегі дирекцияның Давронжон Адилов.

Жаңа мегаполисте қоғамдық көліктің түр-түрі, соның ішінде метрополитен, трамвай, метробус, автобустар болуға тиіс.

Оның әкімшілік орталығында Президент Әкімшілігінен бастап, барлық мемлекеттік мекемелер, Жаңа Өзбекстан университеті, Орталық кітапхана, Өзбекстан Тарихы музейі, мәдениет сарайлары орналасады.

Сондай-ақ іскерлік, инновациялық алап-кварталдар құрылады. Білім, медицина және туризм кластерлері дамытылады. Олардың әрқайсысына дербес жауап беретін тұлғалар бекітілген.

420 гектар ауданда Орталық парк жасақталады. Одан қос өзенге қарай жасанды каналдар ашылады. Шыршық пен Қарасу өзендерінің бойында аллеялар тізіледі. Кварталдар арасында қолдан жасалған көлдер пайда болады. Осы арқылы өзбек ағайын әлемді және өз елін жайлай бастаған қуаңшылыққа дайындалуда.

БҰҰ сарапшылары климаттық кризис салдарларымен күрес аясында қала тұрғындарын қорғау үшін шаһарлар ортасында жасанды көл-тоғандар жасауға кеңес бергені мәлім.

Жаңа Ташкентте адамдардың серуендеуі мен тынығуы үшін барлық жағдай жасалмақ. Осында "Ташкенттің жасыл белдеуі" жобасы қолға алыныпты. Осы және басқа жобаларды әлгінде айтылғандай, Сингапур, Ұлыбритания, Еуроодақ елдері, Түркия, Оңтүстік Кореяның және басқа да дамыған елдердің 20 компаниясы жасап жатыр.

"Тәуелсіздігіміздің отыз жылдан астам уақытында біз бірінші рет мұндай қала салып жатырмыз! Оған әлемнің озық компанияларын тарттық. Оның жобалары өзара үйлесім тауып, замана талабына сай келуге тиісті. Міне, сондықтан бүгінде біз құрылыс, энергетика, ирригация, көлік және сабақтас салаларда заңдарымыз бен стандарттарымызды әлемдік ең биік стандарттарға дейін көтеріп, жетілдіріп жатырмыз. Бұл қала біздің халқымызға жүздеген жылдар бойы қызмет етеді. Болашақтың құрылысы да мұқият ескерілуі шарт. Қала салудың бірінші кезеңін кемел жүзеге асырсақ, ол ары қарайғы бағдар, темірқазыққа айналады", – деді Президент Шавкат Мирзиёев.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу