Өзбекстанда жаңа дәуір басталды

848

Енді өзбек тілін жасанды интеллектпен тілдесе жүріп, еркін үйренуге болады.

Өзбекстанда жаңа дәуір басталды Фото: canva

Өзбекстан мемлекеттік тілді өркендету ісін өрістетуге тың қарқынмен, тегеурінді кірісті.

Бұл мәселе "мемлекеттік басымдық" деп жарияланды. Осы аптада оңтүстік көршіміз өзбек тілінің "Мемлекеттік тіл" мәртебесін иеленуінің 36 жылдығын жан-жақты атап өтті.

Мерейлі межеге орай ел халқын Президент Шавкат Мирзиёев құттықтап, арнайы үндеу жолдады. Сондай-ақ, Мемлекет басшысы арнайы кеңес өткізіп, мемлекеттік тілді дамытудың жаңа мақсат, міндеттерін белгіледі.

Шавкат Мирзиёев арнайы ведомствоаралық топқа және мамандарға жасанды интеллекттерді өзбек тілін кемел деңгейде білуге және өзбектердің ұлттық мәдени болмысы мен құндылықтарын ескеруге үйрету жөнінде тың тапсырма берді. Бұл туралы Podrobno.uz хабарлады.

"Цифрлық технологиялар дәуірінде мемлекеттік тілдің маңызы арта түседі. Тіліміз – бізді тобырдан даралайтын құндылығымыз. Бір нәрсені білуге тиіспіз, жасанды интеллект бағдарламалары тиімді жұмыс істеуі үшін олар ең алдымен, өзбек тілін, өзбектің болмысын жетік түсінуі керек. Алайда ол мұны қалай жасайды? Әлі күнге өзбек тіліндегі әдебиеттердің, өзекті ақпараттардың, мақалалардың, есептердің және ғылыми еңбектердің көпшілігі цифрландырылмаған. Тіпті электронды түрге айналдырылғаны да әртүрлі дерекқорларда автономды сақталады", – деді кеңесте Мемлекет басшысы.

Осыған байланысты Шавкат Мирзиёев Министрлер кабинетіне барлық министрліктер мен ведомстволардың деректерін жаппай электронды форматқа көшіру кестесін бекітуді жүктеді.

Ал, жасанды интеллект өзбектің ұлттық мәдениеті мен құндылықтарын толыққанды білдіре алуы үшін Цифрлық технологиялар министрлігі заманауи "Өзбек тілі корпусын" құруға міндеттелді.

Бұған қоса, 2026 жылы Data Lake ("Деректер көлі") платформасын іске қосу міндеті қойылды. Бұл тұғырнама өзбек тіліндегі үлкен көлемдегі цифрлық деректерді біріктіреді және оларды бір жерде жинауға, өңдеуге, талдауға және пайдалануға мүмкіндік береді.

Сонымен бірге, Өзбекстан 2025 жылы ел бюджетінен 16 суперкомпьютер сатып алуға 50 миллион доллар бөлді. Олар жасанды интеллект технологияларын дамытуға және мемлекеттік тілдің өрісін кеңейтуге пайдаланылады. Келесі жылы бұл бағыттарды қаржыландыру 2 есеге арттырылады.

Бұдан бөлек, Өзбекстан Президенті Шавкат Мирзиёев жас ұрпақты балабақша жасынан өзбек тіліне үйретіп, өзбек тілінде тәрбиелеу міндетін белгіледі. Ал, мектепте және жоғарғы оқу орындарында өзбек тілі мен әдебиеті тереңдетіле оқытылады.

Өзбекстан көшбасшысының байламынша, әлемде жасалатын заманауи білімдерді игеру үшін шет тілдерді, әсіресе, ағылшын тілін білу қажет. Бірақ тек ана тілі ғана жас ұрпақта ұлттық болмыс пен отаншылдықты қалыптастыра алады.

"Біздің болашағымыз – жас ұрпақтың қолында. Олар заманауи білімдерді, инновацияларды игеру және әр салада биік шыңдарды бағындыру үшін міндетті түрде шет тілдерін үйренуге тиіс. Алайда ұлттық рухта тәрбиелеу, ұлттық сана-сезімді қалыптастыру, патриотизмін нығайту үшін ең бастысы, барлық жастарымыз балалық шақтан өзбек тілі мен әдебиетін терең игеруге міндетті", – деді Өзбекстан Президенті.

Ол соңғы жылдары елде мемлекеттік тілдің мәртебесін әрі қарай бекемдеу үшін кең ауқымды жұмыс жүргізілгенін мәлімдеді. Шамамен 250 мың географиялық объектінің, 200 мыңнан астам көшенің атауы өзбекшеленіп, тілдік нормаларға сәйкес келтірілді.

Тек соңғы 2 жылда ғана тау шыңдары мен өзен-көл атауларын қоса алғанда, 2 600 ірі нысанның атауы өзбекшеленіп, қайта аталған.

Мысалы, Өзбекстанда бүгінде барлық теміржол вокзалдары мен өзге нысандары толығымен мемлекеттік тіл нормаларына сай келтірілуде. Көлік министрлігі мен "Узбекистон темир йуллари" АҚ-ына 3 ай ішінде теміржолдағы барлық маңдайшалар мен ақпараттандыру тақталарын латын графикасындағы өзбек тілінде рәсімдеу тапсырылды.

Бұл туралы 2025 жылғы 17 қазандағы ӨР Министрлер кабинетінің қаулысында бекітілген. Онда бекітілген тізімге елдің бүкіл өңіріндегі 320 вокзал, станция мен разъез енді.

Жалпы алғанда, Өзбекстанда тарихи, ұлттық жер-су атауларын қайтару ісі ғаламат қарқынмен жүріп жатыр. Соңғы 5 жылда 245 мыңнан аса географиялық объект мемлекеттік тіл нормаларына сәйкес келтірілді. Оның ішінде 234 елді мекен, 2,8 мың әкімшілік-аумақтық бірлік және 5,5 табиғи объекті бар.

Бір ғана 2025 жылы жергілікті өзін-өзі басқару органдары – "кенгаштар" тағы 47 мың нысанның атауын өзгертуді ұсынып, тиісті мемлекеттік реестрге енгізді. Олар жыл басынан бері 127 шешім қабылдап, көптеген көше атауларын өз бетінше ауыстырды. Осы арқылы тарихи әділеттілік қалпына келтірілді.

Бұл процесс келесі жылы үдейін деп тұр: milliynom.uz ақпараттық жүйесі арқылы тағы 94 мыңнан аса байырғы, ұлттық жер-су атаулары жиналды. Айтқандай, тіпті Қазақстанның өзінде жоқ осы теңдессіз жүйе тарихи жер-су атауларын қайтару, жаңа атау тағайындау процесін толық цифрландырды. Сондай-ақ, ол цифрландыру технологияларын өзбек халқының ұлттық мәдениетін сақтауға жұмылдырды.

Өзбек тілін әрі қарай цифрлық дамытуға ерекше мән беріледі. Жаһандық энциклопедияларда және онлайн-платформаларда өзбек тіліндегі ғылыми-танымал контенттің көлемі арттырылуда. Жасанды интеллектіні пайдалана отырып, әлемдегі өзге тілдерді өзбекшеге аударатын электронды сөздіктер жетілдіріліп жатыр.

Маңызды бір факт: егер 2022 жылы Уикипедияда өзбек тілі тек 62-ші орында болса, 2025 жылы 40-шы орынға көтерілді.

Президенттің тапсырмасымен 30 жылдан бері қолданылатын және қазіргі заман талабына сәйкес келе бермейтін емле-орфография ережелері қайта қаралады. Бұдан өзге, халық арасында тілдік мәдениетті арттыру мақсатында өзбек тіліндегі сапалы медиа-өнімдерді жасауға мол қаржы бөлінеді.

"Өзбекстанда мемлекеттік тіл саясаты жаңа кезеңге шықты. Себебі, өз тілін сақтап қала алмаған халық жойылады. Тек тіл ғана ұлттың тірілігін куәландырады. Тіл – ұлттық сана-сезімнің, мәдениеттің және ұлттық мақтаныштың негізі. Міне, сондықтан Өзбекстан бүгінде мемлекеттік тілдің мәртебесін көтеруге салмақты әрі басымдықты көңіл бөлуде", – деп жазды Upl.uz.

Президент жарлығымен қабылданған және тілдік саясаттың жаңа кезеңінің іргетасын қалаған "2030 жылға дейінгі Өзбек тілін дамыту және тілдік саясатты жетілдіру тұжырымдамасы" іске асырылуда.

"Сонымен бірге, өзбек тілінің беделін арттыру үшін Президент пен Үкіметтің 20-дан астам шешімі қабылданды. Оның арасында мемлекеттік тілдегі іс қағаздарын жүргізуді жетілдіруді, ғылыми негізделген терминдерді жасауды, географиялық нысандардың атауларын бірыңғай жүйеге келтіруді, кадрлардың біліктілігін арттыруды және тілге қатысты цифрлық жобаларды жүзеге асыруды қарастыратын құжаттар бар. Тілдік реформалардың институционалдық негізі ретінде Мемлекеттік тілді дамыту мекемесі, Өзбек тілін дамыту қоры, Терминологиялық комиссия құрылды", – деп мәлім етті Upl.uz.

Яғни, оңтүстік көршінің төл тілін жаңаша дамытуға аса салмақты кіріскені байқалады. Бүгінге дейін онда мемлекеттік тілде іс-қағаздарын жүргізу үшін қажетті орталықтандырылған жүйе түзілді. Өзбекстанда ресми құжаттар, соның ішінде заңдар өзбек тілінде жазылады. Содан кейін ғана орыс және басқа тілдерге аударылады.

Осы орайда оғаш жайттар да болып тұрады: мысалы, кейбір министрліктер, әкімдіктер өз интернет-ресурстары мен әлеуметтік желідегі парақшаларында алдымен шұғыл түрде түпнұсқа ақпаратты өзбек тілінде орналастырады. Ізінше оның Google-аудармасын береді.

Мемлекеттік тілді дамыту ісіне кітап өндірісі де қосымша серпін берді. Мемлекеттік тілді дамыту қорының қимыл-қарымы да таңдай қақтырады: 2020-2025 жылдары қағаз және электронды нұсқада, жалпы таралымы 165 мыңнан асқан 105 маңызды әрі ғылыми іргелі кітап жарық көрді.

Оның арасында "Өзбек тілінің түсіндірме сөздігі" (6 томдық), "Әлішер Навоидің энциклопедиясы", "Мемлекеттік тілдегі іс-қағаздарын жүргізу", "Өзбек тілінің нормалары", "Өзбек тілі синонимдерінің түсіндірме сөздігі", "Өзбек тілі шетелдіктер үшін" және басқасы бар.

Өзбек тілін гаджеттер көмегімен үйренгісі келетіндерге инновациялық платформалар мен қосымшалар қызмет етеді. Бұлар:

atamacom.uz – жасанды интеллектке негізделген жүйе, онда халықаралық терминдердің өзбекше баламалары да беріледі;

tahrirlovchi.uz – мәтінді орфографиялық редакциялау функцияларына ие, сондай-ақ тексті кириллица мен латын қарпі арасында автоматты әрі сауатты аударып береді;

matn.uz бен tahrirchi.uz – өзбек тіліндегі сауаттылықты арттыруға арналған онлайн-платформалар;

tilbilig.uz – өзбек тілінде эссе немесе диктант жазуға жаттығуға үйрететін оқу платформасы және басқа да жүйелер жетерлік.

Өзбек тілін дамыту қоры жыл сайын миллиардтаған сом гранттық қайтарымсыз ақша таратып, тілтанушыларды, тілге жанашыр қоғам белсенділерін қолдап келеді. Осының арқасында соңғы 5 жылда Jadid.uz, Uzacademy.uz, "Химиялық терминдердің түсіндірме сөздігі", "Өзбек тілінің ұлттық корпусы", көптеген өзге жобаларды іске асырды.

Сондай-ақ, лингвистиканы ғылыми және практикалық ілгерілету мақсатында тілді дамытушы жас ғалымдардың 40 шақты монографиясы басылды. Осы арқылы Өзбекстан билігі мемлекеттік тілді дамытуға қоғамның пассионарлық күш-жігерін де жұмылдыруда.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу