Бүгін, 24 ақпан Қазақстан уақыты бойынша 17:30-да Болгарияның София қаласында беделді халықаралық бокс турнирі – Странджа кубогы-2025 басталады.
Бастапқыда жарыстың бірінші күнінде қазақстандық боксшылар мен Өзбекстанның Олимпиада чемпиондары арасындағы екі қызықты жекпе-жек жоспарланған болатын: Серік Теміржанов Абдумәлік Халоковпен, ал Төрехан Сабырхан Асадхужа Муйдинхужаевпен кездесуі керек еді.
Алайда, Өзбекстан бокс федерациясы өз спортшыларының турнирге қатысудан бас тартқанын хабарлады.
– Абдумәлік Халоков жарыс кестесінің өзгеруіне байланысты 28 ақпанда өтетін кәсіби жекпе-жекке қатысу үшін Испанияға аттанады. Ал Асадхужа Муйдинхужаев жарақатынан толық айықпағандықтан, турнирге қатыса алмайды, – деп хабарлады Өзбекстан бокс федерациясы.
Осылайша, Серік Теміржанов пен Төрехан Сабырхан келесі кезеңге жекпе-жексіз өтеді.
Турнир 2 наурызға дейін жалғасады және оған Қазақстан, Өзбекстан, Болгария, Ұлыбритания және басқа да 28-ден астам елдің спортшылары қатысады. Странджа кубогы әуесқой бокс бойынша әлемдегі ең беделді жарыстардың бірі екенін айта кетейік.