Париж-2024 Олимпиадасының чемпионы, өзбекстандық Лазизбек Муллажонов допинг үшін үш жылға дисквалификацияланды.
Халықаралық тестілеу агенттігі (ITA) мәліметінше, 2025 жылғы 11 маусымда алынған жарыстан тыс сынамадан метастетерон метаболиттері табылған. Муллажонов бұл зат шаш трансплантациясынан кейін қабылдаған дәрілер арқылы түскенін айтқан. Ол ереже бұзушылықты мойындап, жазаға келісім берді. Сол себепті төрт жылдың орнына үш жылға шеттетілді.
Лазизбектің Олимпиада медалі мен басқа атақтары сақталады, өйткені 11 маусым мен 22 шілде аралығында ол жарыстарға қатыспаған. Дисквалификация 2028 жылғы 21 шілдеге дейін күшінде. Бұл жаза тек әуесқой боксқа қатысты. Ол кәсіпқой бокстағы мансабын жалғастыра бермек.
Күні кеше, 14 қарашада Муллажонов Ташкентте Монясаху Муритадорды нокаутқа түсіріп, WBC CISBB белдігін жеңіп алды. Оның кәсіби рекорды 7-0 (7 КО).