Озбырлық деген осы шығар...

6053

40 жұмыс орны бар, 40 отбасын асыраған кәсіпорынды рейдерлік жолмен басып алу әрекетімен быт-шыт қылған іс туралы

Озбырлық деген осы шығар...

Петропавл қаласында Ғани Қасымовтың төрағалық етуімен Кәсіпкерлерлердің "Атамекен" ұлттық палатасы Кәсіпкерлік құқығын қорғау кеңесі мен Солтүстік Қазақстан облысы Кәсіпкерлер палатасының бірлескен көшпелі отырысы өтті.

Кеңесте "Лесокомплекс-2030" ЖШС арызы талданды. Андрей Андреев мемлекеттік және құқық қорғау орындарының заңсыз әрекеттеріне шағымдануда.

"Лесокомплекс 2030" ЖШС мен "Қазкоммерцбанк" АҚ 2017 жылдың 5 сәуіріне дейінгі мерзімге, жылдық мөлшерлемесі 14%, 900 мың АҚШ доллары көлемінде несие желісін ашу жайлы келісімге отырады. Мақсатты мәні – өзге банктегі берешек қалдығын қайта қаржыландыру, айналым қаражатын толтыру, инвестиция.

Содан кейін мөлшерлеме бірнеше рет өсіп, 13.10.2008 жылы "Лесокомплекс 2030" ЖШС өтініші бойынша АҚШ долларындағы валюталық қаржыландыруы бар Акцессорлық келісім-шарттар түгел теңгеге ауыстырылған. Бұл ретте жаңартылмалы бөлігі 476,4 мың АҚШ долларынан 47,9 АҚШ долларына азайтылған және қолжетімділік аралығы 2008 жылдың 5 қазанынан 2009 жылдың 1 қыркүйегіне төмендетілген. Яғни, жобаны қаржыландырудың тапшылығынан, өндірістік циклды аяқтау мәселесі тоқырауға ұшыраған. 

Қаржы институтымен арадағы келіссөз нәтижесін бермей, банк уақыты өтіп кеткен қарызды капиталдандыруға, қайта қаржыландыруға, өзге банкке ауысып, қайта құрылымдауға шектеу қойып, тығырыққа тіреген. Төлемді кейінге шегермеген, басқа да жеңілдік түрлерін қамтамасыз етпеген. Осы орайда "Лесокомплекс 2030" ЖШС 3 жыл бойы кешіктірместен, айына орташа алғанда 2,5 млн теңге төлеп келген. 

"Үш жарым жыл бойы кідіріссіз жұмыс істеп, несиені төлеп келдік. Содан кейін банкке жаңа басшылық келіп, неше түрлі түйткіл аяқтан шала бастады. Басқа банктерге жүгініп едік, Қазкоммерцбанк оған да кедергі келтіріп бақты. Ақыр аяғында өндірісіміз күйреп бітті", – дейді Андрей Андреев.

Ақырында сот шешімімен "Лесокомплекс 2030" ЖШС мен А. Андреевтен ортақ тәртіпте "Қазкоммерцбанк" АҚ пайдасына 92,2 млн теңге өндірілген. Кәсіпкерлер палатасының араласуымен бизнесмен қанша арызданса да, Ішкі істер департаменті мен прокуратура салғырттық танытып келген.

"Кәсіпорынды рейдерлік басып алу әрекетімен быт-шыт қылған! Мен құқық қорғау органдарының іс-қимылына таң қалып отырмын. Бұл масқара ғой! Құқық қорғау орындары өз қателігін түзеуге тиіс", – деп мұндай озбырлыққа дабыл қаққан Кеңес басшысы Ғани Қасымов талқылауды түйіндеп, кәсіпкерге заңгерлік көмек көрсетуді тапсырды. – "Кәсіпкерді қолдап, өндірісті жандандыру керек. Бұл дегеніңіз 40 жұмыс орны, 40 отбасы".

Сондай-ақ, кәсіпкерлердің табиғи монополия субъектілерімен байланысының буынсыз жақтарына да назар аударылды.

Тәңірберген Арғын

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу