Сыр елінде азды-көпті 207 көл бар болатын. Соңғы жылдары су тапшылығына ұрынған Сырдариядан су ала амаған 17 көлдің кеңезесі кеуіп кетті, деп жазады inbusiness.kz тілшісі. Атап айтсақ, Жалағаш ауданында 3 көл, Шиеліде 9, Жаңақорғанда 2 және Сырдария ауданына қарасты 3 көл тақырға айналды. Қалған 190 көлдің толымдылығы бар болғаны 52 пайызды құрайды. Ал Арал ауданындағы туризм төріне балаған Қамыстыбас және Ақшатау көлдерінде 4 жылдан бері тамшы су бармай күрделі жағдай қалыптасты. Мәселен, Қамыстыбас (Қамбаш) көлінің жағалауы, өткен жылғы рельефтен 600 метрге жуық ауытқып кетті.
Биылғы жауын-шашынның аздығы мен күннің аптап ыстығы Арал ауданың қуаншылыққа ұрындырды. Оның салдары жайылымдық және шабындық жерлердің шаңдағын шығарып, көкке аузы жетпеген түрт түлікті баудай түсірді.
Жуырда жергілікті билік Қамыстыбасты қайта қалпына келтіру мақсатында Бұрмақұлақ учаскесіндегі ескі Аспай су тартқышын пайдалануды жүзеге асырды. Сонау 1974 жылы Қамыстыбас-Ақшатау көлдерінің жүйесін толтыру үшін салынған су құбыры апатты жағдайда тұрса да, іске қосып аталмыш 2 ірі көлді біртіндеп толтырып жатыр. Көлдерге су барса Аманөткел, Райым, Жетес би, Қамыстыбас, Жаңақұрылыс ауылдық округтеріндегі жайылымдық және шабындық алқаптар суланбақ.
"Шұғыл жұмыс тобы Қамыстыбас және Ақшатау көлдеріне судың келуін қамтамасыз ету үшін Аспай су ағытқысын қайта құру қажеттілігін анықтады. Болат Өтемұратов Қорының қаржылық қолдауының арқасында су ағытқысын жөндеу туралы шұғыл шаралар қабылданды. Бүгінде көлдердегі су деңгейі біртіндеп көтеріліп келеді. Су ағытқысына тірелген артық су, дария арнасы арқылы Кіші Арал теңізіне құяды", - деді Арал ауданының әкімі Серік Сермағамбетов.
Бүгінде қос көлдің 27 мың гектарына су барды. Бұл дегеніміз, балық шаруашылығын қалпына келтіруге, 7150 га шабындық жерлерді суаруға және жемшөп дайындауға, 12900 га жайылымдық жерлерге мал жаюға және алдағы көктемде 115 га егістік егуге мүмкіндік береді.
Еліміздегі экологиялық қауіпсіздікті нығайтуға бағыталған "Жасыл Қазақстан" Ұлттық жобасына облыстың 237 су шаруашылығын енгізу бойынша ұсыныстар берілген. Мәселен, Сырдария өзеніндегі су тапшылығына орай 2025 жылға дейін 16 магистралды және шаруашылық аралық каналдар цифрландырылмақ.
"Суармалы жерлерді қалпына келтіру бойынша 161 млрд теңге көлеміндегі 3 жоба әзірленді. Олар, пайдаланылмай тұрған 29 мың гектар суармалы жерлерді айналымға қосу, суармалы егістіктегі ирригация және дренаж жүйелерін жетілдіру жобалары. Биылғы жылы Қызылорда қаласындағы Бас су торабы мен Әйтек су торабына жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Сондай-ақ, 192 су нысандарын тазаланатын болады", - деді бұл жайында облыстық табиғи ресурстар және табиғат пайдалануды реттеу басқармасының басшысы Бауыржан Шәменов.
Бүгінде Қызылорда қаласының үстімен ағып жатқан Сырдария өзенінің арнасын жер снарядтарымен тазарту жұмыстары жүріп жатыр. Облыстық жұмылдыру дайындығы басқармасы басшысының орынбасары Бағдат Алиевтің айтуынша, өлкенің басты су артериясы арнасының тоғыз шақырымы тазартылмақ.
"Дария табанын тазалауды "Павлодар өзен порты" АҚ жүргізуде. Бұл жұмыстарға үш құм соратын жер снаряды, тоғыз экскаватор, екі жүк тиегіш және үш бульдозер пайдаланылуда. Сырдария арнасын тазарту жобасы көп уақытты қажет етеді, жұмыстар тек күн жылы да ғана жүргізіледі, сондықтан үш жылға есептелген", – дейді басқарма басшысының орынбасары.
Бұдан бөлек, Сырдария бойындағы бас су торабында қайта құру жұмыстары жүріп жатыр. Су торабы 1956 жылы пайдалануға берілген, бірақ осы уақытқа дейін күрделі жөндеуден өтпеген. Бас су торабы дариядағы су ағынын реттеп, Сырдария, Жалағаш және Қармақшы аудандарында Қызылорда маңындағы 110 мың гектар инженерлік жерді және 250 мың гектар шабындық пен жайылымға су бөледі.
"Қазсушар" мекемесінің облыстық филиалыда өз қаражаты есебінен ескі каналдарды тазартып, қашыртқы суын қайта пайдалануда бірқатар жұмыстарды атқарған. Сондай-ақ, су тапшылығы жағдайында елді мекендерді суармалы сумен қамтамасыз етуге және экологиялық жағдайды жақсартуға бағытталған жол картасы әзірленгенің хабарлады.
"Соңғы жылдары туындап отырған жағдайға байланысты біздің филиал су тапшылығын сезінетін каналдарға механикалық тазарту және гидротехникалық құрылымдарға шұғыл жөндеу жұмыстарын жүргізуді жоспарлады. Осы жылдың аяғына дейін Жаңақорған, Шиелі, Жалағаш аудандарындағы жалпы ұзындығы 26,7 шақырым болатын каналдарға механикалық тазарту шаралары басталмақшы. Сондай-ақ, Қызылорда облысы бойынша негізгі күріш дақылын 84,4 мың гектарға егу межеленсе, "Қазсушар" РМК мекемесі нақты 83,5 мың гектар күріш егуге су пайдаланушылармен келісім шартқа отырды",– деді директор орынбасары Жорабек Ерназаров.
Өзен-көлдер жағдайының мәз еместігін су қорын мемлекеттік бақылау және қорғау бөлімінің басшысы Зейнолла Қазтоғановта Сырдариядағы судың азайғанымен байланыстырады.
"Биылғы жылы Шардара қоймасындағы су көлемі 656 млн. текше метрді құрады. Бұл өткен жылмен салыстырғанда біршама аз. Ал Қызылорда облысы шекерасына Көктөбе су бекеті арқылы секундына 93 текше метр су жіберілген. Облыстағы су торабынан өзеннің төменгі ағысына жіберілген су көлемі 60 текше метрді құрады. Былтыр бұл 100 текше метр болған еді", – дейді Зейнолла Қазтоғанов.
Енді Сырдың суын тиімді пайдалану мақсатында су үнемдеу технологиялары іске қосылмақшы. Бұл жем-шөп, бақша дақылдары мен көкеніс көлемін арттыруға септігін тигізеді дейді сала мамандары.
Нұрбек Дәуренбеков
Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз !