Шетелдіктермен отау құрғандар сынға кезікті

2363

Пандемия виза саласын дағдарысқа ұшыратуда. 

Шетелдіктермен отау құрғандар сынға кезікті

"Шынайы махаббат қашықтық мен уақытқа тәуелсіз болады" деп жатады. "Ғашықтардың алыста болуы кіршіксіз сезімге еш кедергі келтірмейді" деген нақыл да бар. Алайда коронавирус пандемиясы дәл осындай жұптардың жағдайын қиындатыпты.

Үкімет мүшелеріне қазіргі шектеуге байланысты шетелдік жұбайлары шетелде қалып қойған азаматтардан шағымдар қаптап түсуде. Себебі таяуда, 2 қарашада Қазақстан аумағында коронавирус инфекциясының таралуына жол бермеу жөніндегі ведомствоаралық комиссия (ВАК) мемлекеттік шекарадағы шектеу шараларын күшейткені мәлім.

Оған сәйкес, республикамыз аумағында тұруға ықтиярхаты бар  шетелдіктер мен олардың отбасы мүшелері, сонымен қатар Қазақстан азаматтарының отбасы мүшелері болып табылатын шетелдіктер мемлекеттік шекарамызды 90 тәулікте 1 реттен артық кесіп өте алмайды.

Елімізде тұрақты тұратын шетелдіктер, әсіресе Ресей азаматтығына қол жеткізген экс-қазақстандықтар отандық телеарналарды көрмейді, қазақстандық жаңалықтарға қызықпайды. Салдарынан, елде болып жатқан өзгерістерден хабарсыз қалады. Олар ВАК шешімінен кейін Ресейге, өзге елдерге шығып кеткен. Енді оралайын десе, шекарашылар жібермейді, 90 тәулік өткен соң ғана қайтуына рұқсат. Заңды білмеу жауапкершіліктен босатпайтыны белгілі.

Павлодарлық Инна Диппелдің таныстары осындай қиындыққа тап болыпты.

"Қазақстанда тұратын Ресей азаматы өз ісімен Ресейге кеткен, балаларын да ерте кетті. Бүгінде кері қайтайын десе, кіргізбейді. Қазақстанның көші-қон қызметіне телефон шалдық дейді. Ондағылар: "90 күн күтуге тура келеді" депті. Одан ерте елге кіргізбейді екен. Оның бір баласы Павлодардағы мектепте, кезекші сыныпта оқиды. Карантин шектеулері кезеңінде мемлекеттік шекараны кесіп өту тәртібі негізінде шекарашылар оқушы баланы елге жіберуге келісіп отыр. Ал ата-анасы не істейді? Заң бойынша кәмелетке толмаған балаға әкесі не анасы ілесе жүруі керек қой. Бірақ оған рұқсат етпей қойды", – дейді Инна.

Алматылық Саид Айметдинов болса, карантин шектеулеріне орай әйеліне виза ала алмай жүр.

"Мен Вижаянти Дви Юнитаға үйленгенмін. Біз некемізді былтырғы қазанда Индонезияның Бантул қаласында қидық. Әйелім биылғы қыркүйекте елге ұшып келді. Бұрын келуге пандемия кедергі келтірді. Келе сала, бірден құжаттарын рәсімдеуге кірістік. Алайда Қазақстанның Индонезиядағы елшілігі қажетті штамп пен қолды қоюды ұмытып кетіпті. Сондықтан барлық құжатты заңдастыру үшін елшілігімізге жолдауға тура келді. Қаншама қаражат шығындадық. Ол ештеңе емес-ау, ең бастысы 1 ай уақыт кетті. Соның кесірінен үлгере алмай қалдық", – дейді Саид. 

Енді шетелдіктерге қатысты ереже қатайтылды. Ол құжаттарын реттестіріп, қаладағы Алатау ауданының көші-қон қызметіне тек 9 қарашада ғана тапсыра алған.

"Олар сол күні тиісті талон берді, мен оны алып, дереу Алмалы ауданындағы бөлімге визаны ұзартуға жөнелдім. Ондағылар ұзартудан бас тартты. Мамандарының түсіндіруінше, әйелімнің визасының мерзімі бітерден 5 күн бұрын құжат тапсыруым керек еді. Әйелімнің B8 визасының мерзімі 10 қараша күні аяқталғалы тұрған. Яғни, 1 күн ғана қалды. Мен көші-қон полициясының қызметкерлеріне болған жайды түсіндірдім. Дегенмен, олар еш амал қыла алмады", – дейді Саид.

Ішкі істер министрлігінің Көші-қон қызметі комитетінің төрағасы Мұрат Қабденов бұл жағдаймен таныс екен. Мәселесі шешілуге тиіс дейді.

"Алматы қаласының Полиция департаментінің Көші-қон қызметінің басқармасы Саид Айметдиновтен әйелінің елде болу мерзімін ұзатуға және В8 санатындағы виза беруге қажетті құжаттарын қабылдап алды. Ол бойынша Индонезия азаматы Вижаянти Дви Юнитаға 2020 жылғы 10 желтоқсанға дейін тұрақты тұруға рұқсат ету мүмкіндігі қарастырылады", – деді М.Қабденов.

Ғашықтар бұдан былай визаны ұзарту мерзімін бұзбаулары керек. Бұзса, депортациялауға дейін жетуі ғажап емес.

Шетелдік мұнай сервистік компаниясының маманы Руслан Ринатұлы да ұқсас жағдайға тап болыпты. Ол Кариб теңізіндегі Тринидад және Тобаго арал мемлекетінің азаматшасы Присцилла Мириамға үйленген. Екеуі де бір компанияда жұмыс істейді. Қосағына виза ала алмай жүр.

"Біз биылғы жыл басында Барбадос арал мемлекетінде некемізді қидық. Ол кезде жаһандық пандемия басталмаған кез. Содан жақын уақытта әйелім Қазақстанға келеді, еліміздің азаматтығын алуға құжат тапсырамыз, тұрақты тұруға ықтиярхатты рәсімдейміз деп жоспарладық. Сонда ол компанияның Қазақстандағы филиалында жұмыс істеуге ресми ауыса алатын еді. Алайда коронавирус індеті жайлады, мемлекетімізде де шектеу шаралары енгізілді. Ниетімізді жүзеге асыру мүмкін болмай қалды. Бұл жағдайдың қаншаға ұзары белгісіз. Сол себепті "жеке сапарларға арналған" В10 визасын рәсімдегіміз келеді. Әйткенмен, оны алу жайында нақты жауап ала алмай отырмыз", – дейді Руслан.

Присцилла тұратын арал мемлекетте әрине, Қазақстанның елшілігі жоқ.

"Еліміздің ең жақын елшілігі тек Мексика мен Канадада орналасқан. Әйеліме бұл елдерге бару үшін де виза керек. Олар виза бермейді. Мексикадағы Қазақстан елшілігінің қызметкерлері өз жауабында Присциллаға ешқандай елшілікке соқпай-ақ, тура Қазақстанға тартуға кеңес беріпті. Сонда Нұр-Сұлтанға ұшып келе сала, Назарбаев халықаралық әуежайында виза рәсімдеуге болатын көрінеді. Мен елорданың миграциялық қызметіне хабарластым. Олар визаны әуежайда алуға болатынын, тек ол үшін менің тарапымнан шақыру хаты болуға тиістігін жеткізді. Сондай-ақ некені тіркеу туралы сертификат пен жеке құжаттарымды көрсетуім керек. В10 визасын біз амалсыз таңдадық, өйткені бұл Қазақстан елшілігіне бармай-ақ алуға болатын жалғыз виза", – дейді Руслан.  

Бірақ тұрақты тұруға ықтиярхатты рәсімдемесе, немесе азаматтық алмаса, виза отбасылардың қауышуы мәселесін ұзаққа шеше алмайды.

Жанат Ардақ


Atameken Business Telegram каналына жазылып, маңызды ақпараттардан бірінші болып құлағдар болыңыз!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу