Өзгелер қонған "Манасқа" Boeing-747 неге қона алмады?

Жанболат Мамышев Жанболат Мамышев
17951

Түрік жүк ұшағының құлауы салдарынан 30-дан астам адам қаза болды.

Өзгелер қонған "Манасқа" Boeing-747 неге қона алмады?

Алдын-ала болжамға сүйенсек, Гонконгтан Ыстанбұлға Бішкек арқылы ұшқан түріктің ACT Airlines әуе компаниясының Boeing -747-400 TC-MCL жүк ұшағы "Манас" (Бішкек) әуежайының маңында құлаған. Ұшақ "Манас" әуежайының ұшып-қону жолағынан 1,5-2 км жерде орналасқан саяжайға құлады. Қырғызстан көлік министрлігінің алдын-ала болжамы бойынша, ұшақ әуежайдың қону жолағына тура қона алмай, оның маңындағы саяжайға құлаған.

"Құтқару қызметіне қоңырау 7.29-да түсті, бірақ ол одан ерте құлаған. Мен саяжай кентінің аман қалған тұрғындарымен сөйлестім, олардың айтуынша, ұшақ сағат 7.15-те құлапты, сол уақытта кейбіреуі жұмысқа кетіп бара жатыпты, сондықтан гүрсілдеген дыбыс естіліп, ұшақ жанған мезетте уақытты қараған. Саяжай кентінің атауы жоқ – ұшып-қону жолағынан 1-1,5 км қашықтықта орналасқан әуежай маңындағы кент. Ол күні тұман болды, бірақ қонуға болатын. 325 метрге дейін көруге мүмкіндік болды, ал ең аз көру мүмкіндігі 300 метр. Әскери ұшақтар 150-180 метрде қонып жатады. Ұшқыштар қосымша әуежайды, мысалы Алматыны сұраған жоқ, Манаста қонбақ болды", – дейді abctv.kz-ке Қырғызстан президентінің бұрынғы баспасөз хатшысы Қабай Қарабеков.

Айта кету керек, осы ұшаққа дейін аталған әуежайға 4 әуе кемесі қонған.

"Бұл адам факторы, ұшқыштың қателігі болуы мүмкін. Олар қону жолағының жарығын кенттің жарығымен шатастырып, кентке қонуы мүмкін. Олар ұшып-қону жолағынан өтіп кетті. Ұшақ екі рет қонуға талпынған. Бірінші реттен қона алмағаннан кейін Алматыға ұшып кетуіне болатын еді – бұған 40 минут уақыт жетеді, бірақ олар тағы да қонуға әрекет еткен. Біздің мамандардың айтуынша, аман-есен қонуға мүмкіндік болды, себебі оларға дейін дәл осындай ауа-райыда 4 ұшақ қонған", – деп баса айтты Қабай мырза.

Сонымен қоса 15 қаңтардағы ауа-райы одан да бетер нашар болған, сондықтан Қытайдан демалыстан қайтып келе жатқан Қырғызстан президенті Алмазбек Атамбаев отырған №1 борт "Манасқа" емес, Тамшы қаласындағы "Ыстық-Көл" әуежайына қонды.

Құлаған ұшақ тоғыз қатарлы саяжай кентінің тоғызыншы қатарын толығымен қиратты. Алдын-ала мәлімет бойынша, ең кемі 35 адам қаза тапты, оның ішінде 4 экипаж мүшесі бар.

"Шамамен 30 үй қирады, оның барлығы саман кірпіштен құйылған. Жұмысқа кеткендер ғана тірі қалды. Бірінші ауысымда оқитын бір бала мектептке кеткен. Ол үйден шығып үлгерді, ал оның үйінен ештеңе қалмады, ата-анасы үйіндінің астында қалды. Қазір қаза тапқандардың саны 35 адамға жеткені белгілі, оның ішінде 4 экипаж мүшесі бар. Қаза тапқандарды іздестіру жұмысы жалғасып жатыр", – дейді Қабай Қарабеков.

Оның айтуынша, ұшақтың бір дөңгелегі құлаған жерден 200 метр қашықтықта жатыр.

Қазір болған оқиғаны тергеу жөніндегі үкіметтік комиссия құрылды. Boeing-747 ұшағының құлауы салдарынан келтірілген залал әзірге нақтыланбады. 17 қаңтарда халықаралық әуе комиссиясының мүшелері жетуі тиіс. 17 қаңтар Қырғызстанда аза тұту күні деп жарияланды.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу