Бұл туралы Қасым-Жомарт Тоқаев "Бірлік. Жасампаздық. Өрлеу" тақырыбымен өтіп жатқан Қазақстан халқы Ассамблеясының кезекті ХХХІІІ сессиясында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
"Мемлекеттік саясаттың басты өзегі және жалпыұлттық бірегейлікті нығайтатын негізгі фактор – бірлік. Ортақ Отанымыздың тағдырына жанашырлығымыз біздің азаматтық сана-сезіміміздің өзегі болып қала береді. Ал ұлттық толеранттық, өткен заманның дәстүрлеріне және түрлі мәдениетке деген құрмет, мемлекеттік тілді және басқа да тілдерді білу – Қазақстан азаматтарына тән қасиеттер.
Бұдан бөлек, мен аспан түстес төлқұжатымыз еліміздің жалпыұлттық бірегейлігінің ең қарапайым әрі түсінікті белгісі екенін үнемі айтып жүрмін. Көк паспорты бар әрбір адам ұлтына, көзқарасы мен наным-сеніміне қарамастан, Қазақстан азаматының барлық құқығын иеленеді. Қазақстан Республикасының кез келген азаматы әлемнің қай түкпірінде жүрсе де біздің мемлекетіміздің қорғауында болады. Біз ешқашан өз азаматтарымызды тағдыр тәлкегінде қалдырмаймыз.
Естеріңізде болса, жер жүзін коронавирус індеті жайлап, көптеген ел шекарасын тарс жапқанда Қазақстан дереу өз азаматтарын жер шарының әр қиырынан елге әкелуді ұйымдастырды. Сондай-ақ біз 2021 жылы Ауғанстандағы, 2023 жылы Газа секторындағы ахуал күрт шиеленіскенде азаматтарымызды ол жақтан шұғыл шығарып алдық. Әр жолы, қандай да бір елде азаматтарымызға қауіп төнсе, біз олардың Отанына тезірек оралуы үшін жедел шаралар қабылдаймыз", – деді Мемлекет басшысы.
Президент балаларды іргелі құндылықтарға сүйене отырып тәрбиелеуге баса мән беру керектігін айтты.
"Азаматтарды әлеуметтік ортаға кіріктіру жүйесі Отанға деген сүйіспеншілік идеалдарын насихаттауға және халқымыздың мәдениетін, әдет-ғұрпы мен салт-дәстүрін құрметтеуге негізделуі керек деп санаймын. Елге қажетті құндылықтар, көзқарастар мен түсініктер қалыптастыру және қоғамдағы татулық пен келісімді нығайта түсу – аса маңызды міндет. Бұл мәселені бақылаусыз қалдыруға болмайды. Оның бәрін Ассамблея да, орталық және жергілікті мемлекеттік органдар да үнемі бақылауда ұстауға тиіс.
Балаларды іргелі құндылықтарға сүйене отырып тәрбиелеуге баса мән беру керек. Өскелең ұрпақтың дүниетанымы тарихқа қатысты өкпе-реніштен, догматизмнен және мәдени стереотиптерден ада болуға тиіс. Жастардың дүниетанымы өткенді, бүгінді және болашақты біртұтас ұлтымыздың еш бөлінбейтін ортақ мұрасы ретінде эмоциясыз, саяси астарсыз шынайы қабылдауға негізделуі өте маңызды.
Біз, Қазақстан халқы өзгелердің теріс ықпалына түспейтін өз идеологиямызға сүйенуіміз керек. Біздің идеологиямыздың тірегі – мемлекетіміздің Тәуелсіздігі. Ең бастысы – дұрыс сөйлеп, жақсы ниет білдіру ғана емес, нақты жұмыс істеп, игілікті іске күн сайын күш жұмсау. Оқыту-тәрбиелеу үдерісінде "Біз әртүрліміз, бірақ бәріміз теңбіз", "Қазақстанның халқы біртұтас" деген қағидаттар көрініс табуға тиіс", – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.