Өзгеріс енгізілген заңдардан қоғамға пайда бар ма?

980

Осы жылдың мамыр айынан бастап елімізде бірқатар Заң жобаларына өзгертулер мен толықтырулар енгізіліп, заңдық күшіне енді. 

Өзгеріс енгізілген заңдардан қоғамға пайда бар ма? Фото: freepik

Ең маңызды салаларға қатысты заң жобалары ел экономикасының ілгері басуы мен қоғам өмірінің қауіпсіздігіне қызмет етері анық.

inbusiness.kz сайты қабылданып, бүгінде күшіне енген заңдық өзгерістердің бірқатарына, оның ішінде келешекте қоғамда қызу талқылануы ықтимал заң жобаларына тоқтала кеткенді жөн көрді.

Денсаулық сақтау саласы

Бұдан былайғы жерде медициналық және фармацевтикалық қызметкерлердің кәсіби міндеттерін тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілігі жеңілдетіледі. Егер бұрын дәрігер өз міндетін тиісінше орындамай, емделушінің денсаулығына орташа зиян келтіргені үшін 200 АЕК көлемінде айыппұл салынса, енді айыппұл сомасы 100 АЕК (2024 жылы 369 200 теңге) деңгейіне дейін төмендетілді.

Кісі денсаулығына ауыр зиян келтіргені үшін дәрігерге салынатын айыппұл көлемі 3000-нан 2000 АЕК-ке дейін (7 384 000 теңге) азайтылды.

Абайсызда кісі өліміне әкеп соқтырған әрекеті үшін бұрын 5 жылға сотталатын. Биылғы жаңа Заң жобасы іске қосылғаннан бастап, емделушіні байқамай өлтіріп алса, сол әрекеті үшін 4 жылға бас бостандығынан айырылу жазасына кесіледі.

Бұдан өзге, үздік медицина қызметкерлері мен республикалық конкурстардың жеңімпаздарын, сондай-ақ, ауылдық жерге кемінде 5 жылға жұмысқа келген білікті дәрігерге немесе аса тапшы медицина қызметкерлеріне бір жолғы  ақшалай сыйақы тағайындалатын болады.

Жол Ережесі

Әкімшілік полиция комитеті ІІМ-нің жол қозғалысы ережелеріндегі жаңа өзгерістер туралы жобасын жариялады. Құжатта енді "жаяу жүргіншілер өткелі", "қиылыс" ұғымдары нақтыланады және "жол-көлік оқиғасын оңайлатылған ресімдеу" - ішкі істер органдары қызметкерлерінің қатысуынсыз жол апаты туралы құжаттарды ресімдеуге болады, яғни, Еуропалық үлгідегі хаттама толтырылады

6 мамырдан бастап "Электромобиль" (көлік құралының артына ілінеді) және "Газбен жабдықталған" деген белгі көліктің артына және алдына ілінеді.

Екі жақты қозғалыстағы жолдарда қарсы жолаққа шыққан және "бір үздіксіз" немесе "басып озуға тыйым салынады" деп белгіленген екі жолақты жолда ереже бұзса, жүргізуші алты айға көлік жүргізу құқығынан айырылады.

Шеттен әкелінетін жұмыртқаға тыйым

1 мамырдан бастап Қазақстанға тауық жұмыртқасын әкелуге жарты жылдық тыйым салынды. Ауыл шаруашылығы министрлігі қабылдаған Бұйрыққа сәйкес, мамыр айының басынан бастап Қазақстан аумағына үшінші елдер мен ЕАЭО елдерінен тауық жұмыртқасын әкелуге алты айлық тыйым салынды.

Алайда, ЕАЭО-ға мүше елдердің өзара жұмыртқа тасымалының Қазақстан территориясы арқылы өтуіне кедергі жоқ.

Соғыс ардагерлеріне төлем

Астана әкімдігінің шешімі бойынша Жеңістің 79 жылдығына орай Ұлы Отан соғысының ардагерлеріне төленетін төлем сомасы екі есеге артты. Оларға 2 миллион теңгеден бір реттік ақшалай сыйлық беріледі. Бүгінгі таңда Астанада 7, Алматыда 44 майдангер бар.

Естеріңізге сала кетсек, жыл сайын 4 миллиард теңге көлемінде қаржы жұмсалатын Жеңіс мерекесін еліміз биыл атап өткен жоқ.

Ойын бизнесі

Ендігі жерде құмар ойынын жүргізетін тотализаторлар мен букмекерлік конторалар мемлекеттік кіріс органдарына өз клиенттері туралы мәлімет беретін болды.

Атап айтқанда, ойынханаға келген жеке тұлғаның ЖСН нөмірін, ойын бизнесін ұйымдастырушыдан ақша алған күні мен уақыты, ойынханаға салған ақша қаражатының сомасы және тағы басқа мағлұматтар.

Әскери қызметкерлерге демалыс беру

Әскери қызметшілерге қосымша демалыс алуға құқық беретін жергілікті жерлердің тізбесі кеңейтілді.

Абай облысында – Абай, Аягөз, Бесқарағай, Жарма, Жаңасемей, Мақаншы, Үржар аудандарында, Семей, Курчатов қалаларында, оның ішінде Қазақстан Республикасының Ұлттық қауіпсіздік органдары үшін – Бородулиха ауданында.

Алматы облысында – Балқаш, Еңбекшіқазақ, Жамбыл, Іле, Қарасай, Кеген, Райымбек, Талғар, Ұйғыр аудандарында, Алатау қаласында, оның ішінде ҚР Ұлттық ұланының бөлімшелері үшін – Алматы қаласы Медеу ауданының Алатау кентінде, ҚР Ұлттық қауіпсіздік органдары үшін - Алматы қаласының Бостандық ауданында.

Шығыс Қазақстан облысында – Зайсан, Катонқарағай, Күршім, Маркакөл, Үлкен Нарын, Тарбағатай аудандарында, оның ішінде ҚР Ұлттық ұланының бөлімшелері үшін – Шемонаиха ауданында, ҚР Ұлттық қауіпсіздік органдары үшін – Алтай, Глубокое, Шемонаиха аудандарында, Риддер қаласында орналасқан әскери бөлім қызметкерлеріне қосымша 10 күндік демалыс берілетін болды.

Бұдан өзге, жаңа заң күшіне енген бірқатар салалар бар. Олар – білім-ғылым, кәсіпкерлік, байланыс, құрылыс, импорт-экспорт, төтенше жағдайлар қызметі және мемлекеттік сатып алу мен майнинг секілді маңызды салалар.

Күшіне енген заң жобалары кеңінен насихатталып, қоғамда түсіндіру жұмыстары жүргізілуі тиіс деп есептейміз. Өйткені, жекелеген заңгерлер мен шенеуніктерге түсінікті боп көрінетін бұл "өзгертулер мен толықтырулар" қалың бұқараның көкейінде көптеген сұрақ тудырары хақ.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу