Өзгеріс лебі: Украина үшін Еуропалық одаққа жол ашылып жатыр

2633

Путин әскері постсоветтік елдерді ЕО-ға итермелеп жатыр. Бүгінгі саммитте Украинамен бірге Молдова да одаққа үміткерлік мәртебесін алмақ. Сонымен қатар Грузияға да еуропалық "перспектива" уәде етіліп отыр. Ал Балқан елдері аймақтық интеграциялық блокқа жедел өтпесе, Қытай мен Ресейдің ықпалына түсуі ықтимал.

Өзгеріс лебі: Украина үшін Еуропалық одаққа жол ашылып жатыр

Еуропалық лидерлер бейсенбі күні Украинаны ЕО-ға мүшелікке үміткер ретінде ресми түрде қабылдайды. Бұл – Ресейдің Украинаға басқыншылығынан туындаған батыл геосаяси қадам. Еуропалық одақтың бас атқарушы директоры Урсула фон дер Ляйен екікүндік саммит алдында өршіл кеңеюді "тарихтың маршы жалғасып жатыр" деп сипаттады.

"Мен Путиннің басқыншылық соғысы туралы ғана айтып отырған жоқпын. Мен біздің құрлықта тағы да өзгерістің лебі есіп тұрғанын атап өткім келеді. Өйткені Украина, Молдова және Грузия өз өтініштерімен дәл осы өзгерісті қалайтындарын аңғартып отыр", – дейді Еурокомисссия президенті.

Украина мен Молдоваға мүшелікке өту үшін жылдар, мүмкін он жылдан астам уақыт қажет болуы мүмкін. Соған қарамастан, Брюссель саммитінің шешімі – ЕО-ның постсоветтік кеңістікке терең ену ниетін білдіретін символикалық қадам.

Украина Президенті Владимир Зеленский сәрсенбіде ЕО-ның Киевке үміткерлік мәртебе беру ниетін "қараңғылықтан жарыққа шығар жол" деп суреттеді.

Ресей Президенті Владимир Путин Украинадағы "арнайы әскери операция" Батыстың Ресей ықпалындағы географиялық аумаққа қол сұғуын тоқтату үшін қажет дейді.

Бүгін Брюссель саммитінде Украина мен оған көршілес Молдоваға ЕО-ға кандидаттық статусы ұсынылса, Грузияға "еуропалық перспектива" уәде етіліп, алайда, кандидат мәртебесін алмас бұрын бірқатар шарттарды орындау керектігі ескертілмек.

"ЕО Украина халқына оның еуропалық отбасыға жататыны және кандидат мәртебесін алатыны жөніндегі ынтымақтастық хабарламасын жолдайды", – дейді Ирландия Премьер-Министрі Мишель Мартин.

БАЛҚАННЫҢ ТҮҢІЛІСІ

Бельгия Премьер-Министрі Александр Де Крудың мәлімдеуінше, "тарихи сәтте еуропалықтар Украинаға күшті сигнал беріп, кандидаттық ЕО-ға тез кіруді емес, бұл процестің ұзақ уақытты қажет ететінін" жеткізуі керек.

Еуропалық одаққа бүгінде 27 ел мүше. Бұл интеграциялық блок 1951 жылы аймақтың алты мемлекетінің өнеркәсіптік өндірісті бірлесіп реттеу ұйымын құруынан бастау алады.

ЕО-ны кеңейту мәселесіндегі шабандық Балқан елдері тобындағы Албанияның, Боснияның, Косовоның, Черногорияның, Солтүстік Македонияның және Сербияның мүшелікке өту барысын баяулатып, оларды түңілдіріп алды. Бұл мемлекеттердің жетекшілері де бейсенбіде Брюссельде ЕО-дағы әріптестерімен кездеседі.

 "Украинаға қош келдіңіз дейміз, кандидат мәртебесін алу жақсы нәрсе, бірақ украин халқы босқа сеніп қалмайды деп үміттенемін", – дейді Албания Премьер-Министрі Эди Рама.

Дегенмен Reuters агенттігінің хабарлауынша, Еуроодақ басшылары тағы да Батыс Балқан елдерінің ЕО-ға мүшелік перспективасына қатысты толық және біржақты міндеттеме алмақ.

Украинаның ресми кандидат мәртебесін жылдам алуы Балқан елдерін шеттеп қалғандай әсерге бөлеп, оларды Ресей мен Қытайдың орбитасына итермелейді деген қауіп бар.

"ЕО Батыс Балқанға бірауыздан мүшелік туралы нақты белгі бермесе, басқа да зиянды факторлар бұл кеңістік пен вакуумды пайдаланады", – дейді Косово Президенті Вьоса Османи.

Германия канцлері Олаф Шольцтың ойынша, Еуроодақ жаңа мүшелерді қабылдауға дайындалу үшін "ішкі процедураларын реформалауы" керек.

Соңғы жылдары ЕО-ны миграциялық дағдарыс, Ұлыбританияның бөлінуі (брексит), ұлтшылдық, демократия стандарттарына байланысты шиеленістер дүр сілкіндірді. Осыған қарамастан, бұл блокқа қолдау соншалықты әлсірей қойған жоқ.

ЕО парламентінің сауалнамасына сәйкес, еуропалықтардың үштен екісіне жуығы ЕО мүшелігін "жақсы дүние" деп санайды. Бұл – соңғы 15 жылдағы ең жоғары нәтиже.

Дегенмен Ресей Батыстың санкцияларына жауап ретінде Еуропаға газ жеткізуді азайтты, аймақта инфляция шарықтап, энергетикалық дағдарыс қылаң беріп, халықтың наразылығы күшейіп келеді. Бұл экономикалық мәселелер Брюссель саммитінің екінші күнінде қызу талқыланбақ.

Арыс Әділбекұлы

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу