Өзіміздікі қымбат, өзгенікі арзан: Көліктің құнын кім белгілейді?

100

​Кейінгі жылдары елде автоөндірістің қарыштап дамығаны жөнінде жиі айтылып жүр.

Өзіміздікі қымбат, өзгенікі арзан: Көліктің құнын кім белгілейді? Фото: Жасанды интеллект негізінде жасалған

Тіпті, былтыр қазанда KIA Qazaqstan автомобиль зауыты ашылып, машина жасау саласында тағы бір маңызды қадам жасалғаны мәлім болды.

​Осылайша, кореялық тарап өндіріс саласындағы қарым-қатынасты арттыруға бейіл екенін көрсетті. Бүгінде КІА корпорациясы автомобиль шығаратын әлемдегі 10 ірі компанияның қатарына кіреді. Бұған қоса КІА – Қазақстан азаматтары ең көп сатып алатын үш көлік маркасының бірі.

2024 жылы осы салаға 290 миллиард теңгеден астам инвестиция тартылды. 2023 жылмен салыстырғанда бұл екі жарым есе көп. Осы үрдіс өткен жылы да жалғасты. 2024 жылы елімізде 145 мыңнан астам көлік шығарылса, былтыр 171 мыңнан аса автокөлік өндіріліп, рекорд тіркеді. Енді 2026 жылы шығарылатын көлік саны 200 мыңнан асады деп жоспарланып отыр.

Бірақ қанша жерден көлік өндірісін арттырдық дегенмен, еліміз әлі де болса автомобиль импортына тәуелді. Ұлттық статистика бюросының дерегінше, 2025 жылы машиналар мен жабдықтар импорты 29 млрд долларға жеткен. 171 мың көлік шығардық дегенмен, сол аралықта тек Қытайдың өзінен 211 мың көлік елге кіргізілген. Бұның бір себебі бар – отандық өндірістің бағасы бәрібір қытайлық автокөліктерге қарағанда қымбат болып тұр. Бағаларды кім, қалай қоятыны жөнінде нақтыланған себептер де айтылмайды.

Қазақстан қытай автокөліктері ең көп сатылатын он елдің қатарында тұрғаны жасырын емес. Сондықтан импортқа тәуелділікті азайту үшін жергілікті өндірісті күшейтіп, бәсекеге қабілетті бағалар ұсыну керек. Алдағы жылдары елде жаңа автозауыттар іске қосылса ғана таразы басы теңесе бастайды. Әйтпесе Қытай экспортының қарқынын тежеу мүмкін емес.

Бұған дейін Қазақстан аумағында 8 негізгі автокөлік өндіруші кәсіпорын болды. Олардың қатарында Қостанай қаласындағы жеңіл көлік, автобус, жүк және арнайы техника (жылына 127 600 дана) өндіретін "СарыарқаАвтоПром", Алматыдағы жеңіл көлік және автобус пен жүк көліктерін шығаратын "Hyundai Trans Kazakhstan" (жылына 50 000 дана) мен "Hyundai Trans Auto" серіктестігі, Семейдегі "Семаз" бен "Daewoo Bus Kazakhstan" кәсіпорны бар. Көкшетаудағы жүк көлігі мен автобус, сондай-ақ арнайы техника шығаратын "Камаз-Инжиниринг" АҚ пен Қарағандының Сарань қаласындағы "QazTehna" ЖШС және Оралдағы "Уральскагрореммаш" кәсіпорнын да айтсақ болады. Жалпы жеңіл көлікті айтпағанда, елімізде жүк көліктері мен арнайы техниканың ең жоғары өндірістік қуаттылығы жылына 10 000, автобустар бойынша 1 200 дананы құрайды.

Осы кезге дейін салада іске асырылып жатқан екі жоба болған. Оның біріншісі – Алматы қаласындағы "ASTANA MOTORS MANUFACTURING KAZAKHSTAN" жеңіл көліктер өндіретін кәсіпорны. Мұның бір жылғы өндірістік қуаттылығы 90 мың автокөлік болмақ. Ал екіншісі жоғарыда айтқан Қостанай облысындағы "KIA QAZAQSTAN" ЖШС. Енді жеңіл автомобильге арналған кәсіпорын бір жылда 70 мың көлік шығармақ.

Жеңіл не жүк көліктер шығарушы өндіріс орындарынан бөлек, елде автокөлікке қажетті қосалқы бөлшек өндіретін бірнеше кәсіпорын бар. Талдықорғандағы аккумулятор өндіруші "ҚАЙНАР АКБ" серіктестігі, құйма алюминий дисктерін өндіретін "ВЕКТОР ПАВЛОДАР" кәсіпорны, Қостанайдағы шойын құймаларын, жүк көліктерінің басты берілістерін өндіретін "КАMLITKZ" зауыты отандық тауар өндіруші ретінде тұтынушыларды қажеттімен қамтып отыр.

Осы тұста тағы бір мәселенің шеті көрінеді. Жұрт айтып жүргендей, еліміз расымен де шығаратын автокөліктің барлық бөлігін нөлден бастап өзі өндірмейді. Көбіне біздегі өндіріс құрастыруға бейім. Бірақ бұған да қанағат, себебі әлемдік автоөндіруші елдердің алдыңғы қатарында тұрған Оңтүстік Кореяның өзі әуелде жапондық машиналарды құрастырумен ғана шектеліп, кейін ғана өзіндік өндірісін іске қосты.

Ал Қазақстан бұл жолға түсу үшін қандай жұмыстар атқарып жатыр? Елде автомобильдер мен жүк көліктеріне арналған шиналар, амортизаторлар және басқа да резеңке өнімдер өндірілмек. Сонымен қатар, ішкі және сыртқы бөлшектер, бамперлер, сәндік панельдер, май сүзгілері, радиатор, ішкі құрылғылар және әртүрлі механикалық бөлшектерді өзімізде ғана шығару көзделіп отыр екен. Жобалар іске асса, елдегі көлік шығару ісіне қажетті қосалқы бөліктердің импорты азаймақ.

Негізі Қазақстанда жүк көліктері мен арнайы техникаға арналған түрлі жабдықтар өндіретін зауыттар бар. Мысалы, Астана қаласындағы "STAHLBAU" компаниясын айтсақ болады. Италиялық "IVECO" маркасымен арнайы жүк көліктерін құрастыратын "STAHLBAU" ЖШС елімізде 2015 жылдың көктемінде жұмысын бастаған. Астана қаласы маңындағы №1 Индустриялық паркте орналасқан серіктестік нарыққа ең қажетті автомашина мен жабдықтар дайындайды. Дәлірек айтсақ, қыс айында қар тазалайтын, тайғақ болдырмау үшін тұзды құм себетін, енді бірі жаз айында жол үстін сыпырып, шаң басу үшін су шашатын "тазалықшы" жүк көліктерін шығарады.

Сонымен, салада алға жылжу барын есептер дәлелдеп тұр. Дегенмен өндіріс тек көлеммен ғана емес, сұраныспен өлшенетінін ескерсек, тегі қазақстандық автомобильдердің бағасы бұл жағынан кедергіге кезігіп отыр. Арзан импорт әр кезде де тұтынушысы көп нарыққа айналатынын ұмытпаған жөн.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу