Бұл туралы сенатор Нұртөре Жүсіп, Дархан Қыдырәлі, Руслан Рүстемов Әлихан Смайыловтың атына жолдаған депутаттық сауалында айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz.
"ХХІ ғасыр – жаһандану заманы. Өркениет көшін бастап келе жатқан мемлекеттер қайда? Біз қайдамыз? Озық жұрт қазір Жасанды интелектпен, технологиялық жетістіктермен айналысып жатқанда біз елімізді орта ғасырдағы деңгейге сүйремекпіз бе?", – деп бастады депутаттық сауалын сенатор.
Нұртөре Жүсіптің айтуынша, біздің ата-салтымыз, халықтық қалпымыз бар. Қанша дәуірден бері қалыптасқан Ұлттық құндылықтарымыз бар.
"Солардың бәрін тәрк етеміз бе? Ата дінімізді ардақтаудың, салт-дәстүрімізді сақтаудың орнына бүкіл қоғам болып өзге ағымдардың жетегінде кетеміз бе? Мәселе дабыл қағарлық деңгейге жетті", – деген депутат статистикаға тоқталды.
Оның айтуынша, елімізде дінге қызығушылардың орташа жас мөлшері жасарып келеді. Бейресми деректерге сәйкес діни білім ізденушілердің 75%-ы ашық интернет ресурстарды пайдаланады. Өз кезегінде деструктивті күштер ақпараттық кеңістіктің барлық мүмкіндіктерін өз қызметінде оңтайлы пайдаланып отыр.
Бүгінгі таңда ашық интернет ресурстар арқылы, ислам дінінің кейбір ұстанымдарын алға тартып, салт–дәстүр мен ұлттық құндылықтарымызды жоққа шығаруға тырысқан контенттер көбейді.
"Соның салдарынан өз азаматтарымыз тарапынан салт–дәстүріміз бен ұлттық құндылықтарымызға, дәстүрлі мәдениет пен өнерге қарсылық білдіру, мемлекеттік рәміздер мен кейбір мерекелерді құрметтемеу, заңмен белгіленген әскерде қызмет ету, орта білім алу сынды ортақ міндеттерден, медициналық рәсімдердің кейбір түрлерінен бас тартуы сынды зайырлы қоғам талаптарына сай келмейтін қарсылықтар анық байқалуда", – дейді Сенат депутаты.
Сондай-ақ ол жастардың фокусын жалпыға ортақ оқу–білімнен, парасатты пайымнан, заманауи құндылықтардан бұрмаланған таяз діни түсініктерге бұрып әкету әрекеттері ашық жүріп жатқанын ескертті.
Оның айтуынша, радикалдық идеология жетегінде жүрген азаматтар қоғамның барлық саласында қызмет етіп жүр.
"Олар сырттай ашық қарсылық танытпағанымен, іштей сол ағымда. Қазір сыртқы күштер түрлі қоғамдық қорлар, бірлестіктер ретінде құрылып, ағарту, білім беру, әлеуметтік қолдау көрсету, қаржылай гранттар бөлу сияқты бір қарағанда "жанашырлық" шаралармен айналысып жүргендей. Яғни "Жұмсақ күштер" теріс пиғылдарын жүзеге асырып, "әлеуметтік", "қайырымдылық" шаралар арқылы олар өз жақтастарын көбейтуде. Бұлардың отбасында өсіп келе жатқан балалардың саны мен олардың айналасындағы адамдарға ықпалын ойлаудың өзі қорқыныш туғызады", – дейді халық қалаулысы.
Сарапшылар деструктивті діни идеологияның жетегінде кетудің бірден бір факторлары бұл – білімнің таяздығы, жұмыссыздық белең алуын атайды. Сондай-ақ осыларды еңсеруге бағытталған әлеуметтік бағадарламаларға қол жетімсіздігін айтып отыр.
Сенатордың пайымынша, бүгін де осындай сырт күштерден азматтарды арашалап алуға көмек көрсететін сауатты теологтар мен имамдар да тапшы. Себебі елімізде имамдарды дайындайтын 9 медресе мен бір ғана университет жұмыс жасайды (Нұр-Мүбарак). Нәтижесінде Иордания, Египет, Түркия, Сауд Арабиясы және тағы басқа шетелдерден бейресми өз бетімен барып оқып жатқан азаматтар аз емес. Олардың білімінің иделогиялық бағыты мен дәстүрлі дінімізге сәйкестігі сұрақ тудырады.
"Мәселен, өткен жылдарда өңірлерде дін істері басқармалары ашылып, көп уақыт өтпей "оптимизация" деген желеуімен жабылды. Тек 2021 жылғы мамырдағы Президенттің тапсырмасынан кейін жеке басқармалар болып қайта құрылды. Соған қарамай Абай, Жетісу, Шығыс Қазақстан облыстарында бұл басқармалар әлі күнге ашылмай отыр. Тағы бір мысал, 2019 жылы "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне діни қызмет және діни бірлестіктер мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" заңының жобасы Парламентте қаралып, бірқатар жақсы нормалар ұсынылды да. Алайда заң бастамашысы Үкімет, заң жобасын кері қайтарып алды. Көріп отырғанымыздай біз өзімізге келер қауіпті байқасақ та, онымен күресте табындылық көрсете алмай отырмыз", – деген жоғарғы палата депутаты бірнеше бөлімнен тұратын кешенді шаралар:
Бірінші, шетелдердің озық тәжірибесін зерделей отырып, қолданыстағы заңнаманы ұлттық дүниетанымды ескере отырып жетілдіруді;
Екінші, Ұлттық құндылықтарды мемлекеттік деңгейде насихаттау, БАҚ-та, мектеп және отбасында, қоғамдық институттарда кеңінен таным-түсінік жұмыстарын жүргізу;
Үшінші, Дін істері басқармаларын барлық өңірлерде бөлек басқарма ретінде қайта ашу және олардың кадрлық әлеуетін күшейтуді;
Төртінші, өңірлердегі Діни проблемаларды зерттеу орталықтарының материалдық-техникалық әлеуетін арттырып, қызметкерлерінің жалақыларын көтеруді;
Бесінші, өңірлердегі Жастар ресурстық орталықтарының әлеуетін көтеріп, жастарды деструктивті ағымдардың ықпалынан сақтандыру және алдын алу бойынша кешенді іс–шаралар ұйымдастыру нысаны ретінде пайдалануды;
Алтыншы, шетелдерден өз бетінше діни білім оқып келіп жатқан азаматтарды, қайта даярлықтан өткізетін және дипломдарын аккредитациялайтын ұлттық дәстурге негізделген орталық құруды қабылдау қажет деп санайды.
Сонымен қатар Үкімет бұл өзекті мәселелерді қатаң бақылауда ұстауы керек.