Өзіне ескерту жасаған сарбазды Пентагон басшысы марапаттады

190

Бұл туралы BILD басылымы хабарлады, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Өзіне ескерту жасаған сарбазды Пентагон басшысы марапаттады Фото: BILD

АҚШ қорғаныс министрі Пит Хегсет Белгісіз сарбаз зиратының басында өзіне және қасындағы адамдарға ескерту жасаған әскери қызметкерді марапаттады.

Оқиға 11 қарашада, АҚШ-тағы Ардагерлер күні Арлингтон ұлттық зиратында болған.

Еске алу рәсімінен кейін Пит Хегсет жұбайымен және Пентагонның бірнеше жоғары лауазымды өкілімен бірге ескерткіш алдында суретке түскен. Олар кетуге ыңғайланған сәтте араларынан біреу қатты күліп жіберген.

Мұны естіген қарауылдағы сарбаз Томас Иглесиас оларға бірден ескерту жасап, тыныштық сақтауды талап еткен. Ол зират басында тұрғандардың бәрі қаза тапқан жауынгерлерге құрмет көрсетуге тиіс екенін еске салған.

Бір қызығы, министр өзіне ескерту жасаған сарбазды жазалаудың орнына марапаттауды жөн көрген.

Ертеңіне Хегсет Томас Иглесиас қызмет ететін 3-жаяу әскер полкінің сарбаздарын Пентагонға шақырған. Бұл әскери бөлім АҚШ-та "Ескі гвардия" деген атпен белгілі.

Кездесу барысында министр Иглесиасқа Joint Service Commendation Medal медалін өз қолымен табыстаған.

"Біз сарбаздарымызды жақсы көреміз. Біз тәртіпті бағалаймыз. Жарайсың!" – деп жазды Хегсет X әлеуметтік желісінде.

Пентагон да сарбаздың әрекетін құптады. Қорғаныс ведомствосының мәліметінше, Иглесиас ешқандай тәртіп бұзбаған, керісінше, өз міндетін адал атқарған.

Арлингтон ұлттық зиратындағы Белгісіз сарбаз зираты – америкалықтар үшін ерекше қастерлі орын. Мұнда Бірінші және Екінші дүниежүзілік соғыстарда, сондай-ақ Корея соғысында қаза тапқан, кім екені анықталмаған жауынгерлер жерленген.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу