"Өзіңе жаман болады!": Тергеушілер Біртанов ісі бойынша декреттегі анаға қысым көрсеткен

2484

"Тергеушілер Елжан Біртанов туралы айтқанымды бұрмалағысы келіп, маған қысым көрсетті".

"Өзіңе жаман болады!": Тергеушілер Біртанов ісі бойынша декреттегі анаға қысым көрсеткен

Кезекті сот отырысына куәгер ретінде шақырылған республикалық Денсаулық сақтауды дамыту орталығының бұрынғы директоры Айнұр Айыпханова осылай деп мәлімдеді.

"Маған "Олжас Әбішевке қатысты іс бойынша куәгер боласың" деп айтты. Бірақ менен үнемі Елжан Біртанов туралы сұрай берді. Жауап алу үшін он мәрте шақырды-ау деймін. Қолымдағы нәрестеммен үш сағаттай отыратын едім. Бірақ маған қазіргі іске мүлде қатысы жоқ сұрақтар қойылды. Көбіне Елжан Амантайұлына қарсы "компромат" естігісі келді", – деді куәгер.

Қазір декреттік демалыста отырған ана құқық қорғау органы қызметкерлерінің оны жиі мазалап, тіпті заңсыз үйін тінтіп, ұялы телефоны мен компьютерін тартып алғанын жеткізді. 

"Таңертең сағат 10-да есіктің қоңырауы соғылды. Мен үйде сәбиіммен жалғыз едім. Бірнеше тергеуші болды. Жатардағы киімімді ауыстырайын деп едім. Бірақ оған мүмкіндік бермей "ашпасаң есікті сындырамыз" деп қоқан-лоқы көрсете бастады. Пәтеріме 9 еркек баса-көктеп кіріп келді. Барлығын видеоға түсіріп, компьютер мен телефонымды алып кетті. Тек бір аптадан кейін қайтарды. Мұның барлығы мені қорқыту үшін жасалды деп ойлаймын", – деді Айыпханова.

Куәгердің сөзінше, тергеуші онымен бірнеше кездесу өткізген. Бірақ соның басым көпшілігі "бейресми" форматта болған. Мәселен тергеуші куәгердің ауласына барып, көлігіне отырғызып алып сөйлескен. Сондықтан айғақтар хаттамаға енгізілмеген. 

"Маған "мойындауың керек, әйтпесе жаман болады" деп қысым көрсетті. Елжан Біртановтың қайраткерлігіне қарсы бірдеңе айтқысы келгендей сұрақтар қояды. Мәселен, "Денсаулық сақтау министрі Біртанов қол қою үшін қысым көрсетті ме?" деп сұрайды. Мен "жоқ, тіпті телефон соқпады. Бұл мәселе бойынша министрмен байланыс болған емес" деп жауап бердім. Олар сондай-ақ вице-министр Олжас Әбішевтың құжатқа қол қоюға қысым жасады ма деп сұрады. Мен жоқ, ондай болған емес дедім", – деді Айыпханова.

Айта кетейік, Біртанов Денсаулық сақтау министрлігін басқарған кезде Айнұр Айыпханова Республикалық денсаулық сақтауды дамыту орталығының бас директоры болған. Ұйым медициналық жүйелерді цифрландыру жұмыстарына қатысты. Сондықтан Айыпханова хорватиялық Ericsson Nicola Tesla компаниясы құрған министрліктегі ақпараттандыру платформасын қабылдау жөніндегі комиссияның мүшесі болды.

Бұған дейінгі сот процесінде куәгер болған Әсембек Қалымбетов те прокуратура мен Қаржылық мониторинг агенттігі тарапынан психологиялық қысым жасалғанын айтқан еді.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу