Пәкістан армиясының қоғаммен байланыс жөніндегі ведомствоаралық қызметінің хабарлауынша, Ауғанстан әскерімен және "Фитна әл-Хаваридж" тобының содырларымен болған қақтығыс кезінде кемінде 23 пәкістандық әскери қызметші қаза тауып, 29 сарбаз жараланған, деп жазады inbusiness.kz сайты.
"Фитна әл-Хаваридж" атауы – Исламабадтың "Техрик-и-Талибан Пәкістан" (ТТП) деп аталатын, Пәкістанда тыйым салынған қозғалыс содырларын сипаттау үшін қолданатын термин.
Пәкістан армиясының өкілі мәлімдегендей, "Түнгі атыс кезінде 23 сарбаз ел қорғау жолында шаһид болды, тағы 29-ы жараланды".
Оның айтуынша, бейбіт тұрғындарды қорғау үшін арнайы шаралар қабылданған және контртеррористік операциялар жалғасып жатыр.
Армия баспасөз қызметінің мәліметінше, барлау деректері бойынша 200-ден астам талиб және оларға қатысты содырлар жойылған, жараланғандардың саны бұдан әлдеқайда көп.
Пәкістан тарабының айтуынша, қарсы жақтың шабуылы аймақты дестабилизациялау мақсатында ұйымдастырылған. Әскер өкілі Ауғанстан билігі мен Үндістан арасында астыртын келісім барын мәлімдеп, шабуылдың Ауғанстан Сыртқы істер министрінің Үндістанға сапарымен тұспа-тұс келгенін "аймақтық тұрақтылыққа қауіп төндіретін арандатушылық" деп атады.
Ауғанстанның Tolo News порталының хабарлауынша, ауыр ұрыстар Дюранд сызығы бойындағы (Ауғанстан мойындамаған шекара) бірнеше аймақта болған. Қақтығыс Пәкістан әскери авиациясының Ауған аумағына соққы бергені туралы Кабулдың айыптауынан кейін басталған. Кейін Ауғанстан Қорғаныс министрлігі "кек алу операциясының сәтті аяқталғанын" мәлімдеді.
Өз кезегінде Pakistan Observer басылымы қауіпсіздік органдарындағы дереккөздерге сүйене отырып, пәкістандық әскерлер түнгі шайқастарда талибтердің 19 бақылау бекетін басып алғанын хабарлады. Басылым дерегінше, ауған күштерінің шабуылдары "Фитна әл-Хаваридж" содырларын Пәкістан аумағына өткізуге көмектесу мақсатында жасалған.
Пәкістан армиясы бұған жауап ретінде Дуран Мела мен Туркманзай лагерлеріне соққы беріп, Ауғанстан аумағындағы "ИГ" және "Фитна әл-Хаваридж" ұйымдарының жасырын нүктелерін жойған.
Қақтығыстар Пәкістан мен Ауғанстан арасындағы шиеленісті жаңа деңгейге шығарды. Исламабад өз аумағына жасалған кез келген шабуылға қатаң жауап беретінін ескертті.