Палестина мемлекеті құрылуы мүмкін

2403

АҚШ әкімшілігі соған үміттеніп отыр.

Палестина мемлекеті құрылуы мүмкін Фото: news.sky.com

Израиль мен ХАМАС Газа секторында барымтаға алынған 130-ға жуық тұтқынның бір бөлігін босатып, бес айға таяған соғысқа үзіліс жариялау жөнінде жаңа келісім жасауға жақын.

АҚШ Президенті Джо Байден мәлімдегендей, бұл пәтуа дүйсенбіде күшіне енуі мүмкін – яғни мұсылмандардың қасиетті Рамазан айы басталғанға дейін.

Келісім Газаның азап шегіп жатқан халқы мен қазанның 7-де кепілге алынған израильдіктердің туған-туыстарының үмітін қайта оятты.

Жаңа уағдаластыққа шолу жасасақ, оның қысқаша сипаты төмендегідей.

КЕЛІСІМ ЖОСПАРЫ

Мысырлық жоғары лауазымды шенеуніктің айтуынша, атысты тоқтату туралы 6 апталық мәміле күшіне енеді. Оған сәйкес, Хамас кепілдіктегі 40 шақты адамды босатуға келіседі. Олар – негізінен әскери емес әйелдер, кемінде екі бала, егде және науқас тұтқындар. Ал Израиль өз түрмелерінде отырған кем дегенде 300 палестиналықты үйлеріне жіберуі керек.

АҚШ және Катармен бірге осы келісімге делдал болған Мысыр өкілінің мәлімдеуінше, Израиль қоныс аударған палестиналықтардың Газа секторының солтүстігіндегі белгілі бір аймақтарға оралуына рұқсат етпек. Бірақ ол аудандар Израильдің құрлықтық шабуылдарының бірінші нысанасына айналып, қатты қирады.

Мысырлық дипломат атысты тоқтату кезінде көмек жеткізу күшейтіліп, блокададағы Газа секторына күніне 300-ден 500-ге дейін жүк көлігі енетінін атап өтті.

Израиль бұл гуманитарлық конвойлардың палестиналық анклавқа кіруіне ықпал етіп, өз күштерінің оларға шабуыл жасауына жол бермеуге тиіс.

ДАУЛЫ МӘСЕЛЕЛЕР

Байденнің оптимизміне қарамастан, тараптар тайталасты доғарған жоқ. Ал Қатарда келіссөздер жалғасып жатыр. Дегенмен, Израиль мен Хамас соғысты тоқтату жолында прогресстің барын жоққа шығарып отыр.

Аты-жөнін атамауды сұраған израильдік шенеуніктің айтуынша, Израиль барлық әйел сарбаздардың ең алдымен босатылатын кепілдіктегілер қатарына қосылғанын қалайды. Хамас болса, бұл жауынгерлерді айырбастың маңызды құралы санап, оларды үлкен талаптарын орындатуға қолдануы мүмкін.  

Мысыр өкілі "Рейтер" агенттігіне айтқандай, тараптар қанша палестиналықтың Газаның солтүстігіне оралатынын талқылап жатыр. Ол әйелдер мен ерлердің жастары міндетті түрде 50-ден жоғары болуы керек пе?  Бұл сауалға әзірге нақты жауап жоқ.

Келіссөздерде Израиль Газа секторының қай аймақтарынан әскерін шығаратыны да анықталуы керек. Израиль Хамастың бұл территорияларды жаңа шабуылдар жасайтын алаң ретінде пайдаланбағанын қалап отыр. Израиль өзінің оңтүстігіне хамастықтар ракета жаудыруды тоқтатқанын талап етеді. Хамас әзірге бұл талаптардың ешқайсын қабылдамаған.

Жаңа келісім өзі мерзімі аяқталғаннан кейін Израильге оңтүстік шекарадағы Рафах қаласында қайта әрекет етуге мүмкіндік береді.

Айта кетсек, Газа халқының жартысынан астамы Мысырмен шекаралас дәл осы шаһарға үдере көшкені белгілі. Израиль хамастықтардың сол жерде шоғырланған бірнеше батальонын жоюды мақсат тұтып отыр.

ТАҒЫ НЕ ЖӨНІНДЕ КЕЛІСІМ ЖАСАЛУЫ КЕРЕК?

Ымыра кезінде екі тарап келісімнің мерзімін ұзарту туралы келіссөздер жүргізеді. Бұл пәтуаға абақтылардағы көптеген палестиналықтар мен израильдік әйел сарбаздарды босату да кіреді.

Әйел сарбаздардан кейін Израиль ер жауынгерлерді босатуға тырысады. Бірақ Хамас олар үшін үлкен құн талап етуі ғажап емес. Израиль Премьер-Министрі Биньямин Нетаньяху болса, қандай жағдай болмасын, Хамаспен  келісім жасамауға уәде беріп отыр. Бірақ туыстары барымталанған израильдіктер үкімет басшысына қысымды күшейтуі мүмкін.

АҚШ жаңа келісім соғыстан кейін Палестина мемлекетін құруға бастайтын алғашқы қадам болады деп үміттенеді. Вашингтон келешекте Газа секторын Израиль басып алған Батыс жағалаудағы Палестина әкімшілігі басқарғанын қалайды. Дүйсенбіде сол автономиялық үкімет өзін тарату арқылы АҚШ қолдаған реформаларды бастауға алғашқы қадам жасады.

Ал Израиль Газа секторындағы жалпы қауіпсіздікті өз бақылауында ұстауды қалайтынын білдіріп, әлемдік державалардың Таяу Шығыста тағы бір  мемлекет орнату идеясына қарсылық көрсетіп отыр.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу