Палестинаның тәуелсіздік алуына ХАМАС-тың өзі кедергі етуі мүмкін

645

Өткен аптаның басында әлем жұртының назарын бұрған ерекше оқиға болды. 

Палестинаның тәуелсіздік алуына ХАМАС-тың өзі кедергі етуі мүмкін Фото: ТАСС

АҚШ пен Израиль билігі Газа секторындағы қақтығыстарды тоқтатуға келісіп, халыққа бейбітшілік оралатынын мәлім етті. Онда тек палестиналықтардың ғана емес, оған көрші жатқан елдердің қауіпсіздігі де қамтамасыз етілетіні айтылды.

Бейбіт бастамаға Еуропа елдері де үлес қосқан. Енді Газада жергілікті полицейлер оқытылып, ал Израиль әскері біртіндеп шығарылмақ. Әйтсе де бұл жолғы мәлімдеме де АҚШ басшысы Дональд Трамптың өз атын шығаруды мүдде еткен кезекті көзбояушылғы ма деген күмән бар. Иә, Трамп бұған дейін бірнеше елді татулыққа үгіттеді, біразы сәтті де болды, сол үшін Нобель сыйлығына ұсынылатыны айтылып келді. Алайда 3 жылдан аса уақыттан бері жалғасып келе жатқан Украина мен Ресей соғысын тоқтатуға шамасы жетпеді.

Бір қарағанда Палестина тәуелсіздік алуға тым жақын секілді. Дегенмен күмәнданатын екі негіз бар: біріншіден, Таяу Шығыстағы бұл жанжал 80 жылға жуық кезеңнен бері тоқтамай келеді. Екіншіден, тәуелсіздікке қол жеткізуге жақын тұрғанның өзінде немесе қол жеткізген күнде Газа секторын өз бақылауында ұстап отырған ХАМАС ұйымы жағдайды қайта ушықтыруы мүмкін. Аталған ұйым көп елде террористік топ ретінде танылған. Расында да көп дүниеде көзқарасы әсіредіншілдік жағынан көрініс табады.

Әуелі 2023 жылдың күзін еске түсіріп көрсек, 7 қазанда палестиналық ХАМАС қозғалысы Газа секторынан Израильге 5 мыңға жуық зымыран атып, кейін содырлар басып кірді. Жауап ретінде келесі күні Израиль үкіметі елдің соғыс жағдайына өткенін хабарлап, Газа секторында арнайы операция бастады. Алғашында ұлттық қауіпсіздік үшін басталғандай көрінген операцияның уақыт өте сипаты түрленді. Нақтырақ, қолдан қырғын жасау – геноцид ісіне ұқсайтынын айтушылар көп.

Содан бері Газа секторында қаза тапқандар саны 63 мыңнан асты, жараланғандар 161 мың шегіне жақындады. Әрине, басым бөлігі қолында еш билігі мен күші жоқ қарапайым халық. Өткен айда БҰҰ Бас хатшысы Антониу Гутерриш те Газадағы ахуалдың төтенше шекке жеткенін мәлімдеді.

Кейінгі айларда Палестинаны мемлекет ретінде мойындаған елдердің қатары артып жатыр. Жақын бұл қатарға беделді кәрі құрлық елдері – Ұлыбритания, Канада, Аустралия, Португалия және Франция қосылды. Бұл шешім халықаралық қоғамдастықтың аймақтағы жағдайға көзқарасына елеулі ықпал ететіні анық еді. Дегенмен мәселе Израиль билігінің көзқарасына да байланысты болатын. Олардың пікірі бұған дейін "Палестина мемлекеті болмайды" дегенге сайып келді. Ал жақында мәлім етілген бейбіт шешімге АҚШ секілді елдердің араласуымен ғана келіскені даусыз.

Израильге көбіне халықаралық беделді ұйымдардың, алпауыт елдердің де шама-шарқы, қарарының күші жетпей жататыны жасырын емес. Мысалы, осыған дейінгі БҰҰ-ның көптеген қарарлары "ұсыныс", "ұйымдастыру", "қоңырау шалу" сияқты сипатта болған. Екіншіден, ұйымның Қауіпсіздік Кеңесінің кейбір шешімдері заңды міндеттемелер туғызуы мүмкін, бірақ Израиль көбіне оларды орындамайды, кейбіреуіне қарсы шығады. Тіпті, алпауыт елдің бірі вето қолданса да Израиль міндеттен құтылады. Қауіпсіздік Кеңесі мен Бас Ассамблея жасаған "1967 жылы басып алынған жерлерден шығу", "пропалестиналық босқындардың қайтарылуы", "Израильдің еврей олжаларын кеңейту саясатын тоқтату" секілді талаптар толық орындалмай қалды. Сондықтан Израильдің бейбітшілікке келісімі уақытша әрекет қана болуы мүмкін.

Халықаралық сарапшы, саясаттанушы Жанат Момынқұловтың сөзінше, Палестина мен Израиль мәселесінде таяудағы "Нью-Йорк декларациясы" саяси тұрғыдан іргелі қадам саналады. Көптеген батыс елдерінің Палестинаны ресми қолдауы Израильдің гуманитарлық жағдайды жақсартуына, атысты тоқтатуына және тұтқындарды босатуына қысым түсіреді.

– Бірақ құжаттың өзі міндетті сипатқа ие емес, сондықтан іске асыруда қиындықтар болады. "Күштінің арты диірмен тартатын" реализмді ешкім әлі жоққа шығара алмас. Израильдің қауіпсіздік параноясы мен оның артында тұрған Американың мүдделері кедергі. Әлбетте, кейінгі мәлімдемелер Палестинаның дипломатиялық өрісін кеңейтіп, екіжақты қатынастар мен халықаралық ұйымдарға қатысу мүмкіндіктерін арттырады. Еуропа елдерінің бір бөлігі Палестинаны тануы – үлкен геосаяси оқиға. Алайда нақты өзгерістер БҰҰ Қауіпсіздік Кеңесінің шешімдері немесе ірі державалардың ықпалы арқылы ғана іске асуы мүмкін, – дейді маман.

Момынқұловтың айтуынша, кейінгі кезде Палестинаға қатысты халықаралық консенсус күшейді, Украина бойынша бейтарап келіссөз алаңдары талқыланып, ірі мемлекеттер БҰҰ-ны реформалау қажеттігін ашық қолдауда. Талқылаулар екі шиеленісті аймақта да бейбітшілікке апаратын жолдың саяси негізін салуы мүмкін. Дегенмен екі қақтығыстың да тағдыры АҚШ, Израиль, Ресей, Еуропа, Қытай сынды ірі елдің стратегиялық мүдделеріне және жоспарларына, болуы мүмкін келісімдерге тіреліп тұр.

Демек, БҰҰ-дан бұрын, мәселеге ірі мемлекеттер шын жанашырлықпен араласуға тиіс. Әрине, қақтығыстың басты себебі – жер дауы. Екі тарап та өз астанасы санайтын Иерусалим – мұсылмандар үшін де, иудейлер үшін қасиетті мекен. Одан бөлек бұл қақтығыстың діни және этникалық факторлары да бар. Еврейлер арабтардың болмысын, палестиналықтар еврейлердің өмір сүруге деген құқығын мойындауға тиіс. Бірақ ол бола қоя ма?

Бейбіт халықты екі оттың ортасында қалғандай суреттеуге болады. Себебі Израиль тарапының шабуылынан бөлек, Газа секторын басқарып отырған ХАМАС ұйымы тағы бар. Бұл ұйым "халықты қорғап отыр" деп байлам жасай алмаймыз. Егер Палестина мемлекет атанар болса, бұл ұйым тыныш қаларына сенім аз.

– Қарулы күш әрі саяси-діни экстремистік ұйым ретінде ХАМАС "Палестина мемлекеті құрылады" деген кез келген сценарийді өте күрделі етеді. ХАМАС қарудан тез бас тартпайды, ықпалынан айырылуға кепілдік бермейді. Нәтиже мемлекет құру шарттарына байланысты болмақ: қауіпсіздік тетігі кімнің қолында болады, бірыңғай қауіпсіздік жүйесі құрыла ма, оның кепілдігіне аймақтық және халықаралық қатысу деңгейі қандай болады? ХАМАС жәй қарулы топ емес, саяси және әлеуметтік қыры бар қарсыласу қозғалысы. Ондаған жылдар бойы Газаны басқарып, әлеуметтік қызмет көрсетіп, халықтық заңдылыққа ие болды. Сондықтан кез келген саяси шешімде оның әскери әлеуетін емес, саяси-әлеуметтік қырын да ескеру керек, – дейді Момынқұлов.

Араб сарапшыларының пікірінше, Палестина мемлекетінің танылып, биліктің нақты құрылымы қалыптасуы – халықтың сенімі үшін бәсекелестік туғызуы ықтимал. Бұл жағдайда мемлекет халыққа нақты пайда әкелсе, ХАМАС-тың рөлі әлсірейді. Бірақ ол тек символдық емес, шынайы түрде іске асуы қажет.

ХАМАС белгілі шарттар орындалмайынша қаруды тапсырудан бас тартуы мүмкін, бірақ ынталандыру болса саяси трансформацияға бара алады. Сарапшылар егер саяси-қауіпсіздік тұрғысынан тиімді болса, ХАМАС қақтығысты азайтуы немесе ішінара өзгеріске баруы мүмкін екенін айтса, басқалары мұндай өзгеріс болмайтынын ескертіп жүр.

– Иран, Қатар, Түркия сияқты мемлекеттердің қолдауы ХАМАС-тың өміршеңдігін қамтамасыз етіп отыр. Керісінше, ірі араб елдерінің біріккен қысымы немесе ынталандыруы ғана ұйымды ымыраға итермелеуі мүмкін. Сараптамалар ұйымның тағдыры тек ішкі мәселе емес, аймақтық факторларға тәуелді екенін атап өткен. Күшті Палестина билігі мен бірыңғай қауіпсіздік күштері құрылып, халықаралық бақылаумен реконструкция мен азаматтық құқықтарға кепілдік болса, халықтың қарулы топтарды қолдау ынтасы азаяды. Мұндай алғышарттар қалыптаспайынша ХАМАС ықпалын сақтап қалып, жағдайды ушықтыруы мүмкін, – деді сарапшы.

Сонымен, Палестина мемлекеті құрылса да, ХАМАС-тың ықпалын толықтай жою лезде мүмкін болмайтынын байқадық. Қарусыздандыру мен саяси трансформация бірден жүзеге аспайтыны даусыз, халық арасында ықпалы да сақталады. Сондықтан Палестина мемлекет болып құрыла қалған жағдайда да, ХАМАС келесі бір мәселе ретінде жол тосуы мүмкін.

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу