Пандемия. Павлодар. Парацетамол

Фархат Әміренов Фархат Әміренов
5956

Павлодар облысының әкімі Әбілқайыр Сқақов Президенттің сөгісінен кейін жұмысты жандандырды. 

Пандемия. Павлодар. Парацетамол

Тақырыптағы үш сөзде қандай байланыс барын іздеп, әлек болып отырсыз ба? Айтайық. Павлодар – коронавирус індеті тез таралып, өкінішке қарай, оннан аса қайғылы оқиға тіркелген өңір. Сол үшін облыс әкімі Әбілқайыр Сқақовқа ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сөгіс жариялады. Яғни, пандемиямен күрес сылбыр жүріп жатыр. Мемлекет басшысының сөгісінен кейін әкім жұмысты барынша жандандыруға кірісті. Дегенмен, қолбайлау болып отырған мәселелер де жоқ емес. Әсіресе, дәрі-дәрмектің жеткіліксіздігі өзекті болып тұр. Мәселен, қарапайым парацетамолдың өзін табу мұңға айналды.

Әбілқайыр Сқақовтың сөзінше, дәл қазір Павлодар облысында коронавирустық инфекцияның 1460 жағдайы тіркелді. 532 адам жазылып шықты. Өкінішке қарай, 14адам қайтыс болды. 

"Пневмониямен ауыратын 2194 науқас қазір провизорлық стационарларда жатыр. Аурудың жеңіл және орташа формасымен 1644 науқас амбулаторлық емделуде. Облыс бойынша провизорлық төсек-орындар саны 3 462-ге дейін, яғни 4 есе арттырылды. Триаж-орталығына бүгінге 390 адам түсті", – деді Әбілқайыр Сқақов жергілікті "ERTIS" телеарнасында өткен тікелей эфирде.

Оның айтуынша, қазір өңірде 108 ИВЛ аппараты бар. Оның 65-і инфекциялық және провизорлық стационарларда жұмылдырылған. Жақын күндері тағы 33 аппарат жеткізіледі деп күтілуде. Облыста оттегімен қамтамасыз ететін 226 нүкте бар. Тағы да 155 нүкте әзірлеу туралы шешім шығарылған. Осылайша, олардың саны 400-ге дейін жетпек.

"Стационарлар мен дәріханаларды қажетті дәрі-дәрмекпен қамту өзекті болып тұр. Бүгіннен бастап медициналық ұйымдар бұған дейін жасалған келісімшартқа сәйкес дәрі-дәрметермен қамтылатын болады.  1,5 млрд теңгеге дәрі-дәрмек сатып алу үшін қосымша өтініш берілді. Антибиотиктер, тромболитиктер, гормондар, барлығы 33 түрлі дәрі-дәрмек жедел түрде сатып алынуда", – деді Әбілқайыр Сқақов.

Сонымен қатар, бүгін Павлодарға 17 мың қаптама парацетамол, 6,5 мың қаптамадан астам Цеф-3 және Цефтриаксон флакондары жеткізілген. Ертеңнен бастап Екібастұз, Ақсу қалалары мен аудандарға дәрі-дәрмектер жіберіледі. Ертең "Медсервис" дистрибьюторы шамамен 10 мың пакет ацетилсалицил қышқылын, сондай-ақ бірітірілген парацетамолды, таблетка түріндегі антибиотиктерді, инъекциялық және вирусқа қарсы препараттарды қабылдап алмақ. "Биосфера" ЖШС-іне дәрі-дәрмектер жұма күні келіп түседі деген болжам бар. Қысқасы, облыстың көтерме саудаға арналған қоймаларына 16 мың қаптама антибиотик, 5 мың қаптама вирусқа қарсы препарат, 8 мың қаптамаға жуық ыстықты түсіретін және симптомдық емдеуге арналған дәрі-дәрмектер келіп түседі.

"Өкінішке қарай, осынау қысылтаяң шақта алыпсатарлықпен айналысатын адамдар бар. Құқық қорғау органдары дәрі-дәрмектерді сатып алып, қымбат бағаға сатқан 11 фактіні анықтады. Қазір біреудің қайғысынан пайда табатын уақыт емес. Жерлестеріме осыны ескерткім келеді", – деді әкім.

Өңірде медицина қызметкерлерінің жетіспеуі де өзекті мәселеге айналған. Үш ай ішінде стационарларда жұмыс істейтін медицина қызметкерлер саны 6 есе өсті – 497-ден 2826 дейін артты. Бүгінде 400 адамға қажеттілік бар.

"Біз облыстан барлық медицина қызметкерлерін жұмылдырдық. Бұрынғы медицина қызметкерлері мен медицина оқу орындарының түлектері арасынан кадрларды іздеп отырмыз. Облыстың денсаулық сақтау басқармасы басшысының кадрларды іздеу туралы өтінішіне бүгінге 103 адам жауап берді. Оның 17-сі жұмысқа кірісті. Тағы 26 адам өздігінен жүгіну бойынша жұмысқа орналасты. 108 адам басқа медицина ұйымдарынан көмекке келді. Қосымша тағы 15 маман жұмысқа кіріседі. Барлығы 166 маман. Біз кадрлар іздестіруді жалғастырамыз және орын алған ахуалға немқұрайлы қарамайтын барлық адамдарды жұмысқа шақырамыз. Ол үшін оларға қаражат төленеді", – деді Әбілқайыр Сқақов.

Бүгінде облыстың 9554 тұрғыны бақылауға алынып, амбулаториялық емделуде. Олардың 1644-і жеңіл және орташа пневмонияға шалдыққан. Қалғаны стацонарлардан шығарылып, бақылауға алынған.

Фархат Әміренов

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу