RU KZ
Пандемия жаңа бесжылдықты белсенді бастауға кедергі келтіруде

Пандемия жаңа бесжылдықты белсенді бастауға кедергі келтіруде

16:39 27 Маусым 2020 12625

Пандемия жаңа бесжылдықты белсенді бастауға кедергі келтіруде

Автор:

Фархат Әміренов

Қазақстан индустриялық-инновациялық дамудың үшінші бесжылдығына аяқ басты. 

Павлодар облыстық индустриялық-инновациялық даму басқармасының басшысы Владимир Платовтың айтуынша, Қазақстан индустриялық-инновациялық дамытудың үшінші бесжылдығына аяқ басты. Деректерге сүйенсек, алғашқы екі бесжылдықта облыста 1 трлн теңгенің 98 жобасы іске асып, он мыңға жуық жұмыс орны құрылған. Оның 30 жобасы екінші бесжылдықта кәсіпорындардың жеке қаражаты есебінен іске асырылған. Бағдарламаның екінші бесжылдығына «Павлодар» арнайы экономикалық аймағы серпін берген. Мұнда қазір 12 жоба жүзеге асқан. Қуантарлығы, бағдарлама аясында іске қосылған жобалардың үштен бір бөлігі -
өңдеуші кәсіпорындар үлесінде.

Индустрияландыру жылдары облыстың өнеркәсіптік өндіріс көлемі 2,4 есе ұлғайған. Соның ішінде өңдеуші өнеркәсіп 2,3 есе өсіпті. Өнімнің 70 түрі шығарыла бастаса, оның 25 түрі шетелге экспортталады. Павлодарлық тауарлар Қытай, Ресей, Тәжікстан, Қырғызстан нарығында сатылуда.

«Биыл бағдарламаның үшінші бесжылдығы басталды. Мұнда өңдеуші секторда инвестициялық климатты жақсарту, экспортты ілгерлетуге күш салынады. Сонымен қатар, технологиялар мен инновацияларды, өнеркәсіптік және цифрлы инфрақұрылымды дамытуға ден қойылады. Үшінші бес-
жылдықты белсенді бастауға пандемия өзіндік өзгеріс енгізіп жатыр. Яғни, коронавирус ел экономикасына тікелей әсер етуде», - дейді Владимир  Платов.

Құзырлы органның биыл бес айдағы басты міндеті өнеркәсіптік кәсіпорындарда өндірістік көрсеткіштің төмендеуін барынша азайту болған. Яғни, төтенше жағдай кезінде кәсіпорынның ағымдық қызметін
ұйымдастыруға қатысты мәселелерді жедел шешуге күш салынған. Өндірістік үдерістердің кідіріссіз жалғасуын қамтамасыз ету үшін облыс әкімдігі қолдан келген жағдайды жасаған. Нәтижесінде, ірі кәсіпорындар тұрақты жұмыс істеді.

Қысқасы, 5 айда өнеркәсіптегі өсімнің оң нәтижесі сақталды. Бес айда 832,2 млрд теңгенің өнімі шығарылған. Бұл көлем өткен жылғы көрсеткіштен 4,2 пайызға жоғары. Қазіргі таңда Үкімет бекіткен кешенді жоспарға сай пандемияға байланысты қолдау шаралары жалғасуда. Ағымдағы облыс экономикасына 97,1 млрд теңге тартылған. Оның 75 пайызы - жеке инвестиция.

«Экспортқа бағытталған индустрияландыруға басымдық беріледі. Аймақтың шикізаттық емес экспорт көлемі былтыр 1,1 млрд АҚШ  долларына жеткен. Биыл қазірдің өзінде 0,8 млрд АҚШ долларын құрады. Бұл өткен жылғыдан 1,2 есе жоғары. Отандық өнім экспортын арттыру үшін жаңа нарық игерілуде. Мысалы, екібастұздық ГРЭС-1 станциясы Өзбекстанға электр энергиясын сатуда. «Проммашкомплект» шығаратын теміржол дөңгелектерінің 70 пайызын Ресей мен Әзербайжанға экспорттап отыр», – деді Владимир Платов.

Басқарма басшысының сөзінше, аймақ экспортын әлі де өсіру үшін әлеует 5 еседен асады Әсіресе, арнайы экономикалық аймаққа иек артылуда. Мұнда биыл 5 жоба іске қосылады.

Пандемия кейбір кәсіпорындардың жоба-жоспарларын кейінге шегеруге
мәжбүр еткен. Мәселен, «Павлодар» арнайы экономикалық аймағындағы «Росдорком» компаниясының жобасы биыл іске қосылуы тиіс еді. Жабдықтар жеткізу және басқа да кедергілерге байланысты кәсіпорынды іске қосу 2021 жылдың бірінші, екінші тоқсанына жылжытылған. Экспортерлар да инфекцияға байланысты бірқатар кедергілерге тап болған. Мысалы, ірі кәсіпорындарға мамандар жеткізуде қиындықтар туған. Яғни, өнеркәсіптік кәсіпорындарда жаңғырту, күрделі жөндеу жұмыстарына шетелдік мамандар тартылады. В.Платов өндіріс орындарынан хат түсісімен бұл мәселелерді ведомствоаралық комиссия қарауына жіберіп, шешудің алгоритмі қалыптасқанын атап өтті. 

Фархат Әміренов

×