BBC-дің жазуынша, бұған елдегі банк дағдарысы мен жаппай наразылықтар себеп болған, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Президент отставкасына ірі қаржы ұйымының бірі Ueno Bank-тің күйреуінің де қатысы бар. Бүгінде банк жұмысын тоқтатқан және Парагвай Орталық банкінің басқаруына өткен. Соның салдарынан 3 миллионға жуық клиент жинақ ақшасына қол жеткізе алмай қалған.
Бұл жағдай жаппай наразылыққа ұласып, олар президенттің отставкаға кетуін талап етті. Сантьяго Пенья 2023 жылы биліктегі консервативтік "Колорадо" партиясынан президент болып сайланған еді.
– Егер қандай да бір сәтте халықтың үмітін ақтай алмасам, кешірім сұрағым келеді. Маған білдірген сенімдеріңізге қиянат жасау ешқашан ойымда болған емес, – деді Сантьяго Пенья.
Ол елдегі тұрақтылықты, қоғамдық тыныштық пен демократиялық институттарды сақтау үшін қызметінен кету туралы шешім қабылдағанын айтып, өз тарапынан қандай да бір заңсыз әрекет жасалғаны жөніндегі айыптауларды жоққа шығарды.
Пеньяға "мүдделер қақтығысына жол берді және Ueno Bank-тің күйреуіне қатысты деректерді жасырды" деген айып тағылып отыр. Бұдан былай мемлекет басшысы қызметі вице-президент Педро Альянаға жүктелмек.
Ueno Bank мәліметінше, оның 3 миллионға жуық клиенті бар. Бұл Парагвайдағы ересек тұрғындардың шамамен 60 пайызына тең. Банкте азаматтардың зейнетақы жинақтары мен мемлекеттік қаражаттың бір бөлігі сақталған.