Парақор басшыға айыппұл салынды

3418

Қызылорда қаласы №2 соты "ҚТЖ ҰК - Жүк тасымалы" АҚ Қызылорда бөлімінің станса басшысы Р.Шолтабаевқа бірнеше мәрте пара алғандығы үшін  2,9 млн теңге көлемінде айыппұл салды.

Парақор  басшыға айыппұл салынды

Бұған дейін Қазақстан Республикасы сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігі Қызылорда облыстық департаменті "ҚТЖ ҰК - Жүк тасымалы" АҚ Қызылорда бөлімінің станса басшысы Р.Шолтабаевқа қатысты сотқа дейінгі тергеу жұмыстарын аяқтап, сотқа өткізген болатын.   

Тергеу барысында Р.Шолтабаевтың жүк вагондарын жылдам жеткізу және тазалау үшін кәсіпкерлерден бірнеше мәрте пара алғандығы анықталды.

Бұған дейін де Қызылорда ЖТ бөлімшесі басшылығы атына құзырлы органнан келген хабарлама негізінде бөлімше директорының орынбасары Ерлан Айдаров теміржолшыларды жинап жиын өткізді. Басқосуға сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Қызылорда облысы бойынша департаменті басшысының орынбасары Бақытжан Жандарбеков, Қызылорда облысы бойынша мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл департаменті басшысының орынбасары Б.Байхожаев және бірқатар жауапты тұлғалар қатысты. 

Құзырлы орган өкілдігінен Қызылорда ЖТ бөлімшесіне жеткен үшбу хатта "қылмыстық құқық бұзушылықты жасауға ықпал еткен мән-жайларды жою жөнінде және ҚР Қылмыстық процестік кодексінің 200-бабына сәйкес жіберілген ұсынысты қарау нәтижелерін талқылау" тапсырылыпты. Ол ұсыныста Қызылорда станциясының бастығы Рашид Шолтабаев "ТS Оңүстік жанармай" ЖШС атына келген жүк вагондарын кідіріссіз беріп-алу үшін Н.Өтегеновтен құны 45000 теңге құрайтын, барлығы 300 литр АИ-92 маркалы жанармай талонын пара ретінде алғандығы және "Алтын қамба"ЖШС қызметкері Р.Құлмағанбетовтен 20 000 теңге пара алу кезінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл ұлттық бюросының Қызылорда облысы бойынша департаменті қызметкерлері ұстағаны туралы айтылған. Осыған байланысты Р.Шолтабаевқа қатысты ҚР Қылмыстық кодексінің 366-бабының 3-бөлігі 4-тармағымен сотқа дейінгі тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатқаны айтылған болатын.

Сонымен қатар, серіктестіктің кірме жолын тексеру "Теміржол туралы" заңға сәйкес, тек уәкілетті органмен құқықтық статистика және арнайы есепке алу басқармасына тіркелген хабарлама негізінде жүргізілетініне қарамастан, Қызылорда станциясының бастығы Р.Шолтабаев заңсыз тапсырма беру арқылы тексеру комиссиясының құрамына кірмейтін өзінің орынбасарлары А. Матжанов пен А.Ұзақбайұлын "Алтын қамба" серіктестігінің кірме жолындағы кемшіліктерді тексеруге жібергені айтылған.

Ал, "Қазақстан темір жолы" ҰК – Жүк тасымалы" АҚ баспасөз қызметі Қызылорда жүк тасымалы бөлімінің станса басшысы Рашид Шолтабаевқа қатысты түсінік беруден бас тартып отыр. 

Сот Рашид Шолтабаевқа  айыппұлды төлеу үшін 1 ай уақыт берді. Төленбеген жағдайда, бас бостандығынан айырылады. Сотталушы айыппұлды төлеген жағдайда да  өмір бойына мемлекеттік қызметте лауазымды қызмет атқару құқығынан айырылады. 

Ескендір Ертай

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу