100 метрге брасс әдісімен жүзуден ерлер арасында өткен жарыста Нұрдәулет Жұмағали 1:05.20 уақыт көрсеткішімен мәреге үшінші болып келіп, қола жүлдегер атанды. Бұл сайыста германиялық Талисо Энгель (1:02.97) жеңімпаз атанса, АҚШ өкілі Дэвид Абрахамс (1:04.38) күміс медаль иеленді.
Сондай-ақ тағы бір қазақстандық спортшы Нұрәлі Советханов 1:10.99 уақыт көрсеткішімен жарысты 8-болып аяқтады.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін қазақстандық спортшылар Паралимпиада Ойындарында төрт медаль жеңіп алған болатын. Пауэрлифтингтен Давид Дегтярев алтын медаль, парадзюдодан Ануар Сариев, Теміржан Дәулет және Зарина Байбатиналар күміс медаль иеленді. Токиода өтіп жатқан Паралимпиада 5-қыркүйекке дейін жалғасады.
Ермұхамед Мәулен