Паралимпиада 2020: Зарина Байбатина финалда, Аманжол Жанбота қола жүлде үшін сынға түседі

1453

Өзбек спортшысы Шухрат Бобоев жұбаныш белдесуіне қатысудан бас тартқаннан кейін енді Аманжол Жанбота қола медаль үшін таласатын болды.

Паралимпиада 2020: Зарина Байбатина финалда, Аманжол Жанбота қола жүлде үшін сынға түседі

Зарина Байбатина Токиода өтіп жатқан Паралимпиада ойындарының финалына шықты. Қазақстандық дзюдошы жартылай финалда италиялық Каролина Костаны жеңіп, кем дегенде күміс жүлде алатын болды. Финалда Зарина әзірбайжандық Дурсадаф Каримовамен кездеседі.

Сонымен қатар Токиода 50 метр қашықтықта жүзуден ерлер арасындағы іріктеу жарыстары аяқталды. Алғашқы іріктеуге қазақстандық Нұрдәулет Жұмағали қатысты. Ол бұл қашықтықты 28,28 секундта бағындырып, сегізінші нәтиже көрсетті. Нұрдәулет үздік нәтиже көрсеткен Өзбекстан өкілі Ислам Аслановтан 4,38 секунд қалып қойды.

Роман Агалаков екінші іріктеу сайысына қатысты. Ол 25,82 секунд көрсеткішімен сегізінші болып келді. Финалға қатысу үшін алғашқы сегіздікке ену қажет болды, алайда қазақстандықтар жалпы есепте 15-16-орындарды иеленіп, жарысты аяқтады.

Ерлан Өтепов 100 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде дзюдодан 1/8 финалда молдовалық Ион Басочтан жеңіліп қалды. Ал Аманжол Жанбота 1/4 финалда украиналық Александр Назаренкодан ұтылды. Дегенмен, өзбек спортшысы Шухрат Бобоев жұбаныш матчына қатысудан бас тартқаннан кейін енді Аманжол  қола медаль үшін таласатын болды.

Қазақстандық спортшы Рахметжан Хамаев 88 келіге дейінгі салмақ дәрежесінде пауэрлифтингтен финалдық жарыстарға қатысты. Хамаев бірінші мүмкіндігінде 195 келі салмақты еңсерді. Алайда медальдар үшін жарысты жалғастыру үшін салмақты едәуір арттыру қажет болды. Себебі оның төрт қарсыласы да бірінші мүмкіндіктерінде 200 келіден жоғары салмақты көтерді. Хамаев екінші мүмкіндігінде 201 кг салмақты бағындыруға тырысты. Бірақ сәтсіз аяқталды. Үшінші мүмкіндігінде Рахметжан Хамаев медаль алу үшін 214 келі салмақты бағындыруға тырысты. Бірақ тағы да жолы болмады. Нәтижесінде ол бесінші орынға ие болды. Ал иорданиялық Мохаммад Ахмат Хатаб 231 келі салмақты бағындырып, Паралимпиадалық рекордты жаңартып, алтыннан алқа тақты. "Күміс" Қытай өкілі Жиксен Еге (220 келі) бұйырса, үздік үштік қатарын мысырлық Хани Абдельхади (214 келі) толықтырды.

Паралимпиада 2020. Жарыс кестесі

13:30 дзюдо, ерлер. 90 келіге дейін - Аманжол Жанбота (қола жүлде үшін) - Гелиос Лачхуманайя

13:30 (шамамен), дзюдо, әйелдер. 70 келіден жоғары. Финал. Зарина Байбатина - Дурсадаф Каримова

16:44 Жеңіл атлетика, әйелдер. 200 метр (Т35) - Салтанат Әбілқасымқызы

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу