АҚШ-тың ашық чемпионатында жоғары нәтиже көрсеткен астаналық паражүзушілер елордаға оралды, деп хабарлайды inbusiness.kz сайты.
Паражүзуден АҚШ-тың интеллектуалдық ерекшелігі бар параспортшылардың арасында беделді турнир саналатын USADSS & AWL 2024 OPEN NATIONAL CHAMPIONSHIP бәсекесінде астаналық Валерий Югай мен Алпамыс Әмір бақ сынады. Жарыстың қорытындысы бойынша, 17 & Under санатында бақ сынаған Валерий Югай еркін жүзу сайысында 3 алтын, 1 күміс иеленсе, Алпамыс Әмір 18 & Over санатында 3 қола жүлде жеңіп алды.
"Былтыр Францияда өткен атақты Virtus додасында паражүзушілеріміз нәтижелері төмен болып, жүлделі орыннан уақытымыз алшақ болып еді. Сондықтан бір жылдың ішінде АҚШ-тағы ашық чемпионатта осынша жүлде болады деп күтпедік. Оның үстіне паражүзуден интеллектуалдық ерекшелігі бар жандарға да көңіл аударылып жатқанына көп болмады. Жоғары нәтижеге бапкер, федерацияның ұйымшылдығының арқасында жеттік", – деді паражүзуден жаттықтырушы Сайлаубек Ернұр.
АҚШ-та ұйымдастырылған ашық чемпионатта Қазақстаннан бөлек, АҚШ, Канада, Колумбия, Мексика, Жапония, Португалия, Аустралия, Польша елдерінен 100-ге жуық параспортшы бақтарын сынады.