Париж Олимпиадасы 26 шілдеде Сена өзенінде бұрын-соңды болмаған ашылу салтанатымен басталады. Бұл рәсім туралы не білуіміз керек:
НЕ КӨРЕМІЗ?
Ұйымдастырушылар шоуды басқаларға ұқсамайтынын етіп жасауға уәде берді.
Алдыңғы Олимпиадалардан айырмашылығы сол, Париж-2024-дің ашылу салтанаты стадионда өтпейді. Есесіне, ондаған қайық мыңдаған спортшы мен өнерпазды Сена өзеніндегі 6 шақырымдық жолмен тасымалдайды.
Аустерлиц көпірінен басталатын парад Нотр-Дам де Париж соборы арқылы өтіп, Эйфель мұнарасына жақын жерден, көпірлер мен шлюздерден, соның ішінде Пон де Арт пен Пон Нойфтың астынан және Франция астанасының көптеген көрнекті орындарының жанынан өтеді.
Ұйымдастырушылардың мәлімдеуінше, барлық тарихи ескерткіштер, өзен жағалаулары, аспан мен су пайдаланылып, "бірде-бір өзен жағасы немесе көпір музыкасыз, бисіз немесе қойылымсыз қалмайды". Бұл шоу он екі бөлімнен тұрады, олардың кейбіреулері Франция туралы көріністермен ерекшеленбек.
Парадқа спортшылармен бірге өнер адамдары да қатысады.
"Барлығы, соның ішінде протокол бір-бірімен үндестік таппақ (сөздер, мемлекет басшысының мәлімдемесі, әнұрандар және т.б.)", - деді ұйымдастырушылар Томас Джолли және Дамьен Габриак Le Monde газетіне берген сұқбатында.
Салтанатты шара 19.30-да(1730 GMT) басталып, шамамен төрт сағатқа созылады. Ұйымдастырушылар ашылу шоуының күн батқанда, яғни, кешкі сағат 21.35 шамасында шарықтау шегіне жететінін айтып отыр.
КІМДЕР БОЛАДЫ?
Шоуға 100-ден астам мемлекет пен үкімет басшылары қатысады және оны 300 000-нан астам көрермен өзен жағасынан тамашалайды. Сонымен қатар, ұйымдастырушылар жол бойында 80-ге жуық алып экран орнатылатынын хабарлады.
Париж-2024 комитеті Жазғы ойындарға шамамен 10 500 спортшы келетінін және шамамен 222 000 адам тегін шақыру алғанын, ал 104 000 билетті сатып алу қажеттігін мәлімдеді.
Спортшыларды тасымалдайтын қайықтар теледидардан немесе телефоннан көріп отырғандарға жақыннан көріну үшін арнайы камералармен жабдықталады, дейді комитет өкілдері.
Жаттығу өтті, енді қауіпсіздік мақсатында қайықтар ашылу салтанатына дейін бір апта бойы қоймада сақталады.
ҚАУІПСІЗДІК ТУРАЛЫ
Салтанатты Париж сияқты көрнекті қаланың қақ ортасында ұйымдастыру керемет суреттер түсіруге мүмкіндік береді, бірақ бұл - қауіпсіздік үшін үлкен мәселе.
Қауіпсіздікті қамтамасыз етуге 45 000-ға жуық полиция тартылады, соның ішінде арнайы күштер бар. Мергендер жол бойындағы ғимараттардың басына орналастырылады. Және де олардың үстіне дрондарға қарсы жүйе қойылмақ.
Көрермендер де, жергілікті тұрғындар да 18 шілдеден бастап өзен жағасына жақындау үшін QR-кодпен рұқсат қағазын алып жүрулері керек. Кейбір жағдайларды қоспағанда, көліктер бұл аймаққа кірмейді. Жақын маңдағы метро станциялары, көптеген көпірлер жабылады. Бұған қоса, бірде-бір ұшақтың Париждің үстінен ұшуына рұқсат етілмейді - егер олар осы рәсімнің бір бөлігі болмаса.
Газа мен Украинадағы соғыстарды және елдің өз ішіндегі қауіпсіздік мәселелерін ескеріп, Франция сақтық деңгейіне мейлінше мән беріп отыр.
Шенеуніктерге сенсек, 26 шілдедегі рәсімге арнайы террорлық қауіп-қатер төніп тұрған жоқ.
Бірақ ерекше алаңдаушылық туындаған жағдайда, салтанатты Эйфель мұнарасының жанындағы Трокадеро алаңында немесе Стад де Франс стадионында өткізуге болатын резервтік жоспар бар.
Шенеуніктердің сөзінше, негізгі ықтимал қауіп жалғыз шабуылдаушыдан төнуі мүмкін. Сонымен қатар, ұсақ-түйек қылмыстар жасалып, қоршаған ортаны қорғау белсенділерінің, оңшылдар мен солшылдардың, Палестинаны қолдайтын қозғалыстар мен басқалардың наразылық акциялары өтуі мүмкін.
Мамыр айында Сент-Этьен қаласында Олимпиада ойындары кезінде қаладағы футбол стадионында "Ислам мемлекеті" ұйымының атынан шабуыл жасауды жоспарлады деген күдікпен ер адам қамауға алынды. Ал шілдеде осындай күдікпен Францияның шығысында оңшылдарды жақтаушы ұсталды.
БҰРЫНҒЫ ЖАЗҒЫ ОЛИМПИАДАЛАРДЫҢ АШЫЛУ САЛТАНАТТАРЫ
Токио 2020: ашылу салтанаты ковид пандемиясының көлеңкесінде қалды. Коронавирусқа байланысты бір жыл кейінге шегерілген ойындар негізінен көрерменсіз өтті.
Рио 2016: Қаржылық қиындықтарға байланысты Бразилияда Олимпиаданың ашылу салтанаты қарапайымдау әрі озық технологияны аз қолданумен ашылды. Бар үміт елдің үлкен таланттары мен карнавал дәстүрлеріне артылды.
Лондон 2012: 86 жастағы Елизавета патшайым корольдік ұстамдылықты жиып қойып, Джеймс Бонд актері Дэниел Крейгпен бірге тікұшаққа мініп, Букингем сарайынан көкке көтеріліп, ұлтының ұлылығы мен ерекшелігін көрсетуге тырысты.
Бейжің 2008: 10 000 әртіс пен 2008 барабаншы қатысқан ашылу салтанатын шамамен бір миллиард адам немесе әлем халқының 15 пайызы тамашалады.