Париж Олимпиадасында Қазақстан туы желбіреді

999

Франция астанасы Париж қаласында XXXIII жазғы Олимпиада ойындары ресми түрде жалауын желбіретті.

Париж Олимпиадасында Қазақстан туы желбіреді Фото: people.onliner.by / Владислав Семенов / Турар Казангапов / Сали Сабиров

26 шілде мен 11 тамыз аралығында 205 елдің 10 500 спортшысы 32 спорт түрінен 329 медаль жиынтығын сарапқа салады. Олардың қатарында 80 отандасымыз бар, деп жазады inbusiness.kz сайты.

Париж Олимпиадасының ашылу салтанаты жазғы Олимпиада ойындары тарихында тұңғыш рет стадионда емес, табиғат аясында, яғни Сена өзенінің бойында өтті.

Осылайша, француздар дүбірлі дода басталмай жатып Олимпиаданың ерекшеліктерге толы болатынын ұқтырды.

Олимпиада ойындарының салтанатты ашылу рәсімінде дәстүрге сай спортшылар шеруі өтті. Қазақстан құрамасының туын Асланбек Шымбергенов пен Ольга Сафронова ұстап шықты.

Шерудің ерекшелігі сол, делегациялар Сена өзенін қайықпен жүзіп өтті. Спортшыларды тасымалдау үшін 80 қайық жұмылдырылғанын атап өткен жөн.

Париж Олимпиадасына жолдама алған 80 спортшының барлығы шеруде төбе көрсеткен жоқ. Себебі кейбір жекелеген спорт түрлері жарыс кестесіне сәйкес кейінірек басталатындықтан Парижге кешігіп баратын спортшыларымыз бар.

Сонымен Олимпиада алауы тұтанды. Қазақстан ұлттық құрамасы сапынан 80 спортшы спорттың 25 түрінен жүлдеге таласады. Спортшыларымызға сәттілік тілеп қойыңыздар!

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу