Париж-Ницца. Александр Власов жалпы есепте үшінші орынға көтерілді

1272

Александр Власов Вальдеблор Ла Колмианда мәресіне жеткен "Париж-Ниццаның" таулы кезеңінде бесінші орынға ие болып, жастар классификациясы бойынша көшбасшының ақ жейдесін сәтті қорғап қалды. Astana - Premier Tech-тің тағы бір шабандозы бүгінгі кезеңде сегізінші орынға ие болды. Қазақстан чемпионы Алексей Луценко кезекті рет жарыс күнін көшбасшы топта жақсы өткізді.

Париж-Ницца. Александр Власов жалпы есепте үшінші орынға көтерілді

COVID-19 вирусымен күресу үшін аймақта қабылданған шараларға байланысты Париж-Ниццаның жетінші кезеңі қысқартылды. Нәтижесінде, француздық көпкүндіктің негізгі таулы кезеңі аясында шабандоздар Ле Брок қаласынан қиындығы бірінші дәрежелі Вальдеблора Ла Колмиан шыңына дейін 119,2 шақырымды жүріп өтті. Алексей Луценконы қоса есептегенде он үш шабандоз пелотоннан екі жарым минуттай басымдылықпен алға озды.

Жарыс жолында орналасқан соңғы асуда бірнеше рет шабуылға шыққан Луценко көшбасшы топтағы ең белсенді шабандоздардың бірі болды. Қазақстан чемпионының кезекті серпілісінен кейін алдыңғы қатарда төрт шабандоз ғана қалды. Алайда, біраз уақыттан кейін, дене құрысуына байланысты Алексей жылдамдығын бәсеңдетуге мәжбүр болды және кезең аяқталуға 10 шақырым қалғанда негізгі топқа қайта оралды.

"Бізде шабандоздардың бірін көшбасшы топқа жіберу туралы жоспар бар болатын. Сондықтан мен жарыс басталысымен алдыңғы қатарда болдым. Шабуылға шыққан шабандоздарды көргенде дереу олардың соңынан ердім. Нәтижесінде мен жақсы топпен алға оздым. Өзімді өте жақсы сезіндім. Сондықтан соңғы асуда жылдамдықты үдетіп, топта іріктеу өткізуге тырыстым. Бұл жұмысым нәтиже берді. Содан кейін топта төрт шабандоз ғана қалды. Алайда денем құрысқандықтан, қайта қалпыма келу үшін жыдамдықты азайтуға тура келді. Мен әзірге 100% бабымда емеспін. Бірақ дұрыс бағытта келе жатырмын. Күннен күнге, жарыстан жарысқа мықты болып келемін. Сондықтан маусымдағы алға қойған басты мақсатыма дайын боламын", - деді Алексей Луценко.

Омар Фраиле, Маттео Собреро және Луис Леон Санчестер команда көшбасшылары Александр Власов пен Йон Исагирреге қолдау көрсете отырып, жалпы есептің фавориттері бар шағын топта өте жақсы жұмыс атқарды. Финишке бір шақырым қалғанда жарыстың қазіргі көшбасшысы Примож Роглич шабуылға шыққанда, Власов пен Исагирре оған жауап берге тырысты. Бірақ бұл шабуылға толықтай қолдау көрсету мүмкін болмады. Нәтижесінде Роглич кезең жеңімпазы атанды. Ал Власов мәреге бесінші, Исагирре сегізінші болып келді.

"Жалпы бүгінгі жарысты қалай өткізгеніме және ақ жейдені қорғап қалғаныма көңілім толады. Бұл таулы аймақта, жылдам әрі қиын өткен кезең болды. Сондықтан алдыңғы шепте қалу үшін және жақсы позицияларға таласу үшін бар күшімді салуға тура келді. Біз соңғы асуды өте жоғары жылдамдықпен бастадық. Ал содан кейін финишке шамамен бес шақырымдай қалғанда жылдамдық одан сайын үдей түсті. Мұндай жылдам жүріп өтетін асулар менің ыңғайыма онша келе қоймайды. Бірақ маған команда өте керемет көмек көрсетті және әріптестерімнің қолдауының арқасында алдыңғы қатардағы позициямды сақтап қалдым. Финалда 100% барымды салдым. Рогличтың ізіне түсуге тырыстым. Бірақ оның жылдамдығы мен үшін өте жоғары болды. Дегенмен финишке Рогличпен қатар келдім. Енді жалпы есепте үшінші орындамын және ақ жейдедемін. Ертең бізді таулы аймақта өтетін тағы бір қиын жарыс күні күтіп тұр. Сондықтан барынша мұқият болып, бұл жарыста соңына дейін күресу керек", - деді Александр Власов.

"Париж - Ниццаның" финалдық кезеңінің алдында Александр Власов бас классификацияда үшінші орынға жайғасты. Ол Рогличтен 1 минут 11 секундқа қалып қойды. Йон Исагирре 1 минут 15 секунд уақыт айырмашылығымен төртінші сатыға жайғасты. Бүгінгі нәтиженің арқасында Александр Власов үздік жас шабандоздың турнирлік кестесінде көшбасшылықты сақтап қалды және ертең ақ жейдеде ақтық кезеңді бастайды.

Сонымен қатар Astana-Premier Tech "Париж–Ниццаның" жалпыкомандалық классификациясында көшбасшылықты жалғастыруда.

 

Ермұхамед Мәулен

Telegram
БІЗДІҢ ТЕЛЕГРАМ АРНАМЫЗҒА ҚОСЫЛЫҢЫЗ Ең соңғы жаңалықтар осында
Жазылу
Telegram арнамызға жазылыңыз! Жаңалықтар туралы бірінші біліңіз
Жазылу